ДҰҒАНЫҢ МӘНІ
Тілімізде: "Алтын алма, дұға ал" деген мақал бар. Мән берсек, мақалда айтылатын алтын - материялды қуат та, ал дұға - рухани қуат. Алайда біз негізінен материялды түсінікте тәрбиеленгендіктен бар ғұмырымызды "алтын алу" соңында өткіземіз. Ал дұғаны...
Шынтуайтына келгенде дұғаны қаперге алатын адам аз. Себебі, біз дұға мәнін түсінбейміз. Егер түсінсек, "Алтын алма, дұға ал" деген аталарымыз сөзін өз өмірімізге серік етер едік. Ал біз оны неге өмірімізге серік ете алмадық? Жауап айқын. Себебі, біз діннен алшақтап кеттік. Ал дұға - діни ғибадат. Соған орай аталмыш мақал өз мәнін ішіне бүккен қалпы ашылмай қалды. Болмаса хакім Абай да өзінің М. Лермонтовтан аударған өлеңінде былай деген болатын:
"Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ,
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ,
Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
"Уан" деген естілер ұлы жарлық.
Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,
Кек арылып көкіректен ұмытылар.
Адамның баласына ашып жаным,
Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар".
Сонымен дұға жасауды ұмыттық. Соған орай көңіліміз бірыңғай "алтынға" ауды. Алтынның мәні кең. Бір сөзбен айтқанда, ол - материялды құндылықтар. Алайда біз дұға жасау қажеттілігін сезіне бастадық. Оны сезіндірген аталарымыздан қалған: "Зекетсіздің малы сүндетсізге бұйырар" деген мақал. Бұл мақал ғана емес, басымызға түскен өзге де ауыртпалықтар бізді дұға жасауға еріксіз мәжбүрледі. Демек бізге дұға өз иелігіміздегі "алтынның" баянды болуы үшін қажет екен.
Жоғарыда айттық. Алтынның мағынасы кең. Оған біздің денсаулығымыз да, ел басына келген өзге ауыртпалықтар да кіреді. Дұға - соны аластау үшін қажет. Ал біз иелік еткен "алтын" оны аластай алмайды. Басын ашып айтайық. Біз иелік еткен "алтынға" бүкіл өркениет жетістігі кіреді. Алайда сол жетістіктің ел басына келген ауыртпалықты аластауға шамасы жетпейді. Осы жерде дұғаның мәні ашылады. Себебі, дұға - біздің иелігімізден тыс қуат. Бақ дейік, шақ дейік, жеме-жемге келгенде біз сол дұғаға мұқтажбыз. Соны білген аталарымыз: "Алтын алма, дұға ал" деген. Соған орай имам Хакимнен жеткен хадисте:
"Дұға – мұсылманның қаруы, қорғаны, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры», - делінеді.
Тіршіліктің мәні дұға екенін білген ғұлама Хузайфа (р.ғ): "Адамзатқа сондай бір күн келеді, суға кетіп бара жатқан адамдай дұға еткен ғана құтылады», - дейді.
Ал Әбу Дарда (р.ғ.) болса: "Дұғадан үміт үзбеңіз, есік те тынымсыз қаққанға ашылады», - деген. Құран Кәрімде де: "Раббыларыңа жалбарынып және іштей дұға етіңдер...». (Ағраф сүресі, 55-аят), - делінеді. Солай бола тұра дұғаларының қабыл болмауына кінә артушылар да кездеседі. Сондай кінә артушылар кезінде Ибраһим ибн Адһамға: "Алла тағала: Дұға етіңдер, жауап берем»,-деген. Расында біз дұға етеміз. Алайда, дұғамыз қабыл етілмейді,– деп сұрақ қояды. Бұған ғұлама әрі тақуа Ибраһим ибн Адһам (р.х.): «Сендердің жүректерің он түрлі амал салдарынан өлген. Ол амалдар: Расында, сендер Алланы таныдыңдар, бірақ Оның хақын өтемедіңдер. Сендер Алланың кітабын оқисыңдар, бірақ оған амал етпейсіңдер. Ібіліске дұшпанмын деп жар саласыңдар, бірақ онымен достық мәміле жасайсыңдар. Алла елшісін жақсы көремін деп айғай саласыңдар, алайда оның амалдары мен сүннетін тәрк еттіңдер. Жәннатты жақсы көремін деп айтасыңдар, бірақ жәннат үшін әрекет етпейсіңдер. Тозақтан қорқамын дейсіңдер, бірақ күнәдан тыйылмайсыңдар. Өлім хақ деп айтасыңдар, бірақ дайындық көрмейсіңдер. Өзгелердің айыбын ашумен әлексіңдер, өз айып-қателіктеріңді білмейсіңдер. Алланың ризық-несібесін жейсіңдер, бірақ шүкіршілік етпейсіңдер. Араларыңнан қайтқан кісіні жерлейсіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар», – деп жауап берген екен.
Ендеше біз де дұға жасайық. Жалпы күнәсі жоқ адамның дұғасы қабыл болады. Біздің өзгеге дұға жасататынымыз сондықтан. Себебі өзге адамның біздің алдымызда күнәсі жоқ. Сондықтан да оның біз үшін жасаған дұғасы міндетті түрде қабыл болады. Соған орай Дінмұхаммед Қонаев атамыздың қазақ елінің болашағы үшін жасаған мына дұғасымен сөзімізді түйіндейміз:
"Баршаңызға бақыт тілеймін. Мына жүйке жұқартқандай қиын-қыстау күндерде иінді төмен салмай, еңсе көтертер күш-қайрат, мұқалмас жігер, жақсы табыстар тілеймін. Бәрі бір күнгідей болмайды. Сондықтан, арайлап атар әр таңға сеніммен қарайық. Ақжарылқап күндер алдымызда!".
Құдияр БІЛӘЛ