Дұға жасағаннан кейін бетті сипаудың үкімі

21 мамыр 2021 5356 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дұғадан кейін бет сипағанына байланысты және «сипаңдар» деп бұйырған көптеген хадистері бар. Мысалы,

عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ الله عَنْهُ قَالَ كَانَ رَسُولُ الله صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ فِي الدُّعَاءِ لَمْ يَحُطَّهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ

Бұл хадис Омардан (р.а) риуаят етілді. Ол былай деді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамай түсірмейтін еді»

عن ابن عباس رضي الله عنهما ، قال : قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: «إذا سألتم الله فاسألوه ببطون أكفكم، ولا تسألوه بظهورها ، وامسحوا بها وجوهكم»

Хадисті Ибн Аббас (р.а.) риуаят етті. Ол былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): Алла Тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар деді».

Жоғарыдағы келтірген хадистердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан, хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты кең түсіндірме жазған Хафиз ибн Хажар әл-Асқалани өзінің «Булуғул-Марам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегінде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегі хадисті келтіргеннен кейін: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген, мысалы, Ибн Масғудтан. Сондықтан бет сипауға байланысты хадистердің топтамасы бұл хадистің «хасан» болуын қажет етеді», – деген.

Ғалым Мухаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсіндірме етіп жазған «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың осы сөздерінен кейін: «Бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта бар екенін көреміз», – дейді

Имам ән-Нәуауий «әл-Мәжмуғ» атты еңбегінде «дұғадан кейін бет сипауды» дұғаның әдептеріне жатқызған.

Сондай-ақ, кейбір сахабалар дұға жасағаннан кейін алақандарымен беттерін сипаған. Имам әл-Бұхаридің «Әл-әдабул-мұфрад» атты кітабында Әбу Нуъаймның: «Ибн Омар (Абдуллаһ) мен ибн Зүбәйрдің дұға жасағандықтарын әрі алақандарымен беттерін сипағандықтарын көрдім» дегені сахих жолмен риуаят етілген.

Пайғамбарымыздың басқа бір хадисінде дұға үшін жайылған қолдың Алла Тағаланың рақымы мен шарапатынсыз кері қайтарылмайтындығы айтылған.

عن سلمان الفارسي ، عن النبي صلى الله عليه وسلم ، قال : « إن ربكم حيي كريم يستحيي من عبده إذا رفع يديه إليه أن يردهما صفرا»

«Сендердің Раббыларың ұлы ұят иесі әрі жомарт. Сондықтан қолдарын дұға үшін жайған уақытта оны бос (рақымы мен шарапатынсыз) қайтаруға құлынан ұялады»

Міне, сондықтан дұға жасаған адам бетін сипаған уақытта алақанындағы Ұлы Жаратушыдан келген береке мен шарапатты өзінің ең қасиетті ағзасы – бетіне тәбәрік етіп жатқандай болады. Бұған қоса, Пайғамбарымыз (с.а.у.) алақанын жайып «ықылас», «фалақ», «нас» сүрелерін оқығаннан кейін жүзіне, денесіне сипағаны жайлы көптеген сахих хадис-тер бар. Мысалы,

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ الله عَنْهَا قَالَتْ كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا أَوَى إِلَى فِرَاشِهِ نَفَثَ فِي كَفَّيْهِ بِقُلْ هُوَ الله أَحَدٌ وَبِالْمُعَوِّذَتَيْنِ جَمِيعًا ثُمَّ يَمْسَحُ بِهِمَا وَجْهَهُ وَمَا بَلَغَتْ يَدَاهُ مِنْ جَسَدِهِ ...

Хадис Айша анамыздан риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз төсекке жатарда екі алақанына «Қул һу Аллаһу ахад және муғаууизатайн (фалақ, нас) сүрелерін оқып үрлейтін де жүзіне және қолы жететін барлық денесіне сипайтын».

Қабдысалым Рақымқазы.
«Әс-Сәлам» мешітінің ұстазы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру