ДІННІҢ МАҒЫНАСЫ МЕН ТҮСІНІГІ

03 сәуір 2024 1697 0
Оқу режимі

«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды.

Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын,  Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсіндіруге болады. Сондай-ақ, «дін» ұғымы – адамзатқа пайғамбарлар арқылы жеткен Жаратушыға деген құлшылықтың заңдылықтары мен тәртіптері. Әрине, біз бұл жерде «діннің» ұлан‑асыр мағыналық көпқырлылығын барынша синтездеп, негізгі ұғым ретінде ғана келтіріп отырмыз. Асылында, бұл тақырыптың шеңбері мұнымен шектелмейтіні даусыз. Дін бүкіл әлемнің жаратушысы тек Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Иә, дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге күштің дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруға немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие емес.

Алла Елшілерінің міндеті – Жаратқаннан келген әмірлер мен тыйымдарды үмметтеріне жеткізу. Дін адамға Алла Тағаланың  таңғажайып даналық-қа құрылған жаратылысының алдындағы мақсат, міндеттерін айқындап береді. Адам баласы  тек ішіп-жеу, саят құрып сайрандау, бірін-бірі өлтіру үшін ғана жаратылмаған. Керісінше, адамзаттың Ұлы Жаратушыға құлшылық ету үшін ғана жаратылғандығын мына бір аят баян етеді: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық етулері үшін жараттым» (51. «Зарият» сүресі, 56-аят). Дін адамға екі дүниенің бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл іс‑әрекетін қайырымдылыққа, ізгілікке бағыттайды.

Нәтижесінде адам фәнилік өмірін де босқа өткізбей сауапқа кенелері хақ. Себебі о дүниелік өмірге қажетті негізгі қағидалар тізбегін дін ғана үйрете алады. Мұның қоғамдық мәні де зор. Неге десеңіз, жеке адамнан шығатын ізгілік нұры, оның имани келбеті айналасындағы дос‑жаран, ағайын‑туыстарына да әсер етпей тұрмасы белгілі. Дін пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яки дін негізі уахиге құрылмаса, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ислам ондай діндерді  «жасанды дін» деп атайды.

Батыс әлемі дін ұғымы үшін «аса құрметті, мән берілген, тағзым етілген нәрсе» мағынасына келетін латынша «religio» сөзін қолданады[3]. Тарих сахнасындағы философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар және ислам ғұламалары дінге түрлі анықтама берген. Ислам философиясы бойынша дін – әлемді байланыстырушы  күш, яғни, Алла Тағаланың барлығына сенім мен амалдың бірлігі.

 

 

Пікірлер Кіру