Дінге сенбейтіндер ерте

05 қараша 2019 9897 0
Оқу режимі

«Егер кімде-кім Менің насихатыма теріс қараса, онда оның өмірі таршылыққа түседі. Қияметте біз оларды көрсоқыр қалпында жинаймыз»[1]

«Кімді дұрыс жолға салғысы келсе, Алла оның көкірегін Ислам үшін кең ашады. Ал, кімді аздырғысы келсе, оның көкірегін тарылтқаны сонша, (Ислам дініне сену-илану) олар үшін тауға шығудан да қиын сезіледі. Алла имансыздарды осылай қинайды»[2]

Аллаға сенбейтін, сенім қағида-ларын сақтамайтын адамдар өмірдегі барлық жағдай Алла Тағаланың қалауымен болатынына иланбайды.

Көптеген ғылыми тұжырымдарға сүйенсек, дінге сенбейтін пенделердің бүкіл ғұмыры уайым мен қайғыға, қорқыныш пен үмітсіздікке толы болады екен. Сонымен қатар, ондай адамдардың ағзалары түрлі ауруларға қарсы тұру қабілеті нашар, яғни иммунитеті төмен, психосоматикалық жаратылысы әлсіз болады. Сол себепті, дінге сенбейтін адамдар тәндік жағынан тез қартаяды.

Өйткені, үнемі болатын алаңдаушылық, шарасыздық, үмітсіздік, тынышсыздық ағзаға және жан-дүниеге өзінің кері әсерін тигізбей қоймайтынын медицина мамандары да растайды.

Ал, шынайы мүміндер, Аллаға сенушілер, дінге бойұсынатындар рухани тұрақты, психологиясы төзімді, қиыншылыққа сабырлы әрі салмақты болып келеді. Сондай-ақ, тәні де ұзақ уақытқа дейін өзінің жастық қалпын сақтап қалады. Денсаулықтары көбінесе мықты болады.

Негізінен шынайы сенім дегеніміз – өмірдегі барлық жағдайлардан тек жақсылықты көре білу, ал қиыншылық – ол Алланың сынағы деп қабылдау екенін естен шығармауымыз керек. Сонда адам алаңсыз, тыныш әрі бейбіт өмір сүреді.

Дінге сенбейтін жандар кей жағдайларда қиыншылықтарға төзе алмай, рухани жүдеп-жадап, түрлі дертке, рухани ауруларға, ұйқысыздыққа тап болып, тіпті нашақорлыққа, маскүнемдікке салынып жатады. Кейбірі өмірден түңіліп, өз-өздеріне қол жұмсайды.

Қазіргі күні көптеген медицина мамандары адамдардың әртүрлі жаман жолдарға, суицидке баруының алдын-алатын бірден-бір жол – Құдайға деген сенім екенін айтып келеді. Ол үшін біз жас жеткіншектерге діни тәлім-тәрбие беріп, бойларына имандылықтың дәнін егуіміз қажет.

Әділхан қажы 
Аймағанбеттегі,
жоғары дәрежелі дәрігер


[1] «Таһа» сүресі, 124-аят.

[2] «Әнғам» сүресі, 125-аят.

Пікірлер Кіру