Діндегі даналық пен дархандық

03 маусым 2021 8229 0
Оқу режимі

Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамып тұрған зұлмат заманда қаншама халық қазақ даласынан пана тапты. Олар ұлты да, діні де басқа жұрт еді. Бірақ, адам баласы. Бүгінде, олар қазаққа шексіз қарыздар екенін сөзімен де, ісімен де білдіруде. Міне, сол тағдыр тәлкегімен қазақ топырағына ат басын тіреген сол халықтар ұрпағы осы жерде туып өсуде. Талай халыққа Қазақстан отан болды. «Әлмисақтан мұсылманмын» деген ата-бабамыз олардың діні бөлек деп қуып шыққан жоқ. Адамның баласы ғой деп бауырына басты. Барымен бөлісті. Себеп, мейірімді Ислам дінін ұстанған қазақтың кең пейілділігі. Адамзатқа мейірімді де, әділ болуды асыл дініміз әмір етеді.

Меккеде қысым көрген мұсылмандарға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) патшасы әділ Хабашстанға барып паналауды бұйырды. Хабаш патшасы Наждаши христиан дінін ұстанатын. Ал, Мадинаға хижрат етіп келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) яһуди халқымен бір қалада бейбіт өмір сүрудің келісімін жасады. Міне, бұл мұсылманның басқа дін өкілдерімен кеше бір елде, бір шаңырақ астында тату-тәтті, үйлесімді өмір сүргенінің және бүгін де өмір сүре алатындығының куәсі һәм дәлелі. Бұл Ислам тарихынан теңізден тамшыдай ғана бір мысал.

Абайша айтқанда: «Бірің – қазақ, бірің – дос. Көрмесең істің бәрі бос». Ал, бүгінде алысқа бармай-ақ, мешіт аясындағы көріністерді айтып берейін. Рухани орталық мешітке құлшылық және сауат ашумен қатар жеке басын мазалайтын сұрақтармен келушілердің саны біршама. Оның ішінде мұсылман жамағатымен қоса басқа дін өкілдері де баршылық.

«Садуақас қажы Ғылмани» мешітінде қызмет етіп жүрген жылдар. Рең басы сары бір жігіт кіріп келді. Еңсесі түскен, көңілі құлазыған. Қаржылай көмек сұрап келмегендігі үсті-басынан көрініп-ақ тұр. Орысша сөйлемесе де, қазақша түсінеді екен. Ұлты неміс. Қазақстанда туып-өскен. Әрине, ұлты бөлек болғаны сияқты діні де мұсылман емес. Бірақ, рухани жылулық іздеп келген. Кеудесіндегі қаптаған сұраққа ешбір жерден мардымды жауап таппаған көрінеді. Бұл да бір Құдайға құлшылық ететін орын ғой деп мешітке келіп тұрған жайы бар екен. Біршама уақыт әңгімелестік. Неге олай, Неге бұлай, Адам жаратылғандағы мақсаты қандай деген сияқты ойында жүрген сұрақтарды қойып жатты. Іздеген сұрағының жауабын алған соң, аздап болса да, сергіген тәрізді болды. Жүзінен байқалып тұр. Қош айтысып, жөніне кете барды.

Бірнеше апта өткен соң, әлігі «досым» мешітке кеп, бұрыннан арқа-жарқа боп жүрген досындай мені құшақтап аман-саулық сұрасты. Менің аят пен хадиспен айтқан насихатымды ұйып тыңдайтын. Арасында «Ереке, Құран оқышы» деп өтініп қояды. Құранның бір бетін нақышына келтіріп, оқып біткен кезде «бауырыма» қарасам, терең ойда, рухани бір ләззатта отырғанына талай куә болдым.

«Куә бол, мен мұсылман болдым» деп кәлима айтпайды. Бірақ, қиыншылық болса да, қуанышы болса да мешітке келіп бөліседі. Дұға-тілек айтуымды сұранады. Біраз айлардан соң рамазан айы келді. «Оразаң қабыл болсын» деп шын ықыласын білдіріп құттықтап кетті. Бір күні тарауихқа келіп тұр. Мен де намазға қатысамын дейді. Мұның барлығы, адаммен жылы сөйлесуден. Сенің дінің бөлек, ұлтың басқа демеуден. Ол да, мен де бір Алланың пендесіміз. Адам атаның ұрпағымыз. Ислам дінінің басқа дінді ұстанатын адамдармен қарым-қатынасы осыны бұйырады.

Бір қызығы, Құран да тыңдайды, намазға да қатысып қояды, марқұм жора-жолдастарының рухына деп садақа да салады. Құрбан айтта «Ербол, құрбандықты қайда шаламыз» деп келгені болды. Осылайша, өз ішімнен оны мұсылман ғой деп қоямын. Өйткені, шариғатта иман жүректе, ал тілмен айту оны мұсылман деп қабылдаудың шарты делінеді емес пе?

Айтпағым, бүгінгі күні намаз оқып жүріп, өзімен бірге бір сапта тұрған діндес бауырын «Кәпірсің немесе тірлігің Құран мен сүннетке сай емес»  деушілер басқа тұрмақ, өз ата-анасын Исламның құндылықтарынан мақұрым етуде. Ислам – бейбітшілік діні, мұсылман – бейбітшілікті насихаттаушы адам екенін ұмытпайық!

Ербол Абдуахитұлы

Пікірлер Кіру