"ДАСТАРХАНДЫ БАСПА", "ДАСТАРХАНДЫ АТТАМА", "ДАСТАРХАНДЫ ТЕРІС ЖАЙМА", "ДАСТАРХАНДЫ КЕСІП, ҚИМА".

25 қаңтар 2024 2121 0
Оқу режимі

Ертеде дастарханды тығыздау тоқылған матадан жасаған. Көп кісіге арналған қонақтық дастарханды кең-мол пішіп, жиектерін сәндеп, ал күнделікті отбасы пайдаланатынын шағындау етіп матадан, кейде астарлап та тіккен екен.

Дастарқан - қазақтың кір жуытпай таза ұстайтын қадірлі дүниесі. Дастарқанға күніне әлденеше рет бата жасалады, дәм-тұз,

ас қойлады. Бір үйдің бір дастарқаны қанша адамға жайылып, қаншама адамның басын біріктіреді. Олардың ықылас-пейілі, әдемі әңгімесі, сүйкімді әзіл-қалжыны, мағыналы сұхбаттарына куә болып, жағымды жақсы энергияны сіңіретін осы - дастарқан. Сол үшін де қасиетті саналады.

Ауызекі тілде "дастархандас болдық" дейтін сөз бар. Бір рет дастархандас болып бірге дәм татысқан адамдар келесі жолы кездескенде ашық-жарқын сәлемдесіп, бір-біріне ілтипат білдіріп жатады. Кейде сол бір жолғы дастархандас болған адамдар ары қарай араласып, достасып та кетеді. Дастарқанның киесі, қасиеті адамдардың басын біріктіре алатын, ынтымағын күшейтетін тылсым күшке толы.

Мұны өзіміз жете аңғара бермейміз.

Қазақ дастарқанды баспайды, дастарқаннан аттамайды, қажет жағдайда шетін қайырып өтеді. Халқымыз дастарқансын ас ішпеген. Жолаушының өзі жолда тамақтанғанда жаятын бір шаршы орамалды ала жүреді.

Кез келген жерде түрегеп тұрып тамақ жеу орыста болмаса, қазақта бұрын мүлде кездеспеген әдет екен. Сол секілді дастарқан үстінде бейпіл сөз айту, біреуді жамандау, ұрыс-керіс шығару үлкен күнә болып саналған. Дастарқанға қол жумай отырмайды әрі бата жасалмай тұрып ешкім дәмге қол созбаған. Қазір бұған бала түгілі, үлкен кісілердің өзі мән бермейді. Той болсын, Ас болсын дастарқанға әлі бата берілмей жатып ішіп-жемге кірісіп кететіндерді көз көріп жүр.

Дастарқан жайғанда тұйық жағын есікке қаратпайды, бұл - тыйым. Біріншіден, ырыс пен несібеге, екіншіден, сырттан келетін кісіге тосқауыл, жолын кесу деп түсінген.

"Қырықтың бірі - Қыдыр" дейтін халқымыз үйіне қонақ келмейтін, төріне төрт кісі отырмаған, ешкім дәм татпайтын шаңырақты молаға теңеген. Ондай отбасының адамын "есігіне ит жоламайтын қадірсіз пенде" деп бағалаған екен. Халқымыз дастарқан көнергенде басқа қажетке жаратпаған. Ол қазақ түсінігінде жоқ. Тозған дастарқанды тек өртеп жібереді. Өйткені от та қасиетті. Өртенген дастарқан күлге айналады. Қазақ күлді де баспаған ғой. Сондықтан күлді көміп тастайды. Дастарқанды кесу, жырту күнә болып саналады. Ниеті жаман жаулар ғана бүтін дастарқанды бөлшектеп жыртып, "берекең кетсін - ырысың төгілсін" деп дұшпандық қара ниетін көрсеткен екен.

"Дастарқанға отырғанда кісінің алдындағы тағамға қол созба" дейтін кішкене кезімізде.

Бұның сұғанақтық, әдепсіздік екенін түсіндіретін. Дастарқанды,

дәм-тұзды сыйлаудың өзі тұрпайлықтан, талғамсыздықтан қорғайды, керісінше әдептілік, адамгершілік пен имандылық қасиеттерді бойға ұялатады. Қазақта ас ішіп жатқан жаюлы дастарқан үстіне келіп қалған адам:

"Ас дәмді болсын!" - дейді.

Отырғандар:

"Айтқаның келсін!" - деп тілекті қабыл алып, дәмге шақырады. Тойып келсең де, қазақ ұғымында дәм татудан бас тарту тексіздік саналады. Ас ішіп отырғандар келген адаммен қол алысып амандасуға тұрмайды. Өйткені қазақ дастарқаннан, дәмнен ешкімді жоғары қоймаған. Бүгінде ұлттық таным-нанымнан кенже қалғандар орныңнан тұрмасаң, дастарқаннан көтерілмесең "сыйламайды" деп шекесі тырысады.

"ДАСТАРҚАНДЫ КҮТКІЗБЕ" деген тыйым бар. Өкінішке қарай, жиын-тойға тура уақытында келетіндер көп емес. Ел дастарқан басына отырып, тамақ желініп жатқанда келетіндер бар. Егер ол қызметі ірілеу кісі болса, отырғандардың сақалдысы-сақалсызы жаппай өре түрегеліп, жапырлап қол алысып, төрден орын сайлап әбігерге түседі. Ол болса, кешігіп келгені аздай, өзі тост сөйлеп болған соң тайып тұрады. Бұл өзі жағымсыз бір үрдіске айналып кетті. Олай дейтінім, ата сақалы аузына түскен үлкендердің, шенді-шекпенділердің тойдың соңына дейін отыратындары некен-саяқ. Дастарқанды сыйламаудың, ұлттық сананың жұтаңдығының айқын бір көрінісі осындай.

Халқымызда "жасына қарай отырып - жағына қарай сөйлейді" денен нақыл бар. Алдымен ақ сақалды ата мен ақ самайлы әжені құрметтейді. Бұл біздің қазаққа тән, қазақтың қанына сіңген жазылмаған заңымыз, негізгі ұлттық бейнеміз еді. Бүгінде қызметіне, лауазымына қарап жап-жас жігіттерге төрден орын ұсынып, қариялар төмен сырғып отырады. Қалай болғанда да, қарт кісілер - жаманды-жақсылы өмірді көрген, тағдырдың ащы-тұщысын басынан өткізіп, талай бел-белестен өткен жандар. "Әттеген-ай, жас басымен төрге ұмтылып, төбемізден аттап кетті-ау..." - деп назалануы әбден мүмкін. "Өгізге туған күн бұзауға да туады", алға жылжитын өмір сізді де қартайтады. Ертеңгі күні жастар орын берсін десеңіз, жастар сізді сыйласын десеңіз, бүгін қарттарды аялаңыз.

"Атаңа істегенің алдыңа келеді" дейді халық даналығы. Қарияларға керегі тек ілтипат, мейірім ғана. Есесіне, аталар мен әжелер ізгі тілегін айтып,

ақ ниетін білдіретін батагөйлер емес пе!

Тағы бір айта кетер жайт, мұсылман болу үшін араб болу керек секілді бар жақсылықты солардан таратып, өз ұлтының құндылықтарын жоққа шығарып, адасып жүргендердің қарасы көбейді. Бұл шіркіндер сол өздері табынып-тамсанған арабтардың дәм қоятын дастарқанды аяғымен басып кете беретінін, дәм-тұзды, дастарқанды сыйлау деген ұғымның оларда мүлде жоқ екенін білмейтін секілді. Ата-бабаларымыздың ардақтаған асыл мұрасынан бас тартып, жаттың шаужайына жабысу ұшпаққа шығара ма?

Түсінбеймін.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру