ДӘРЕТТІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ

02 шілде 2022 7213 0
Оқу режимі

Ислам діні барша адамзат баласын ең алдымен тазалық пен пәктікке шақырады. Жанымыз бен тәніміздің, сөзіміз бен ісіміздің тазалығы дінімізде үлкен рөл ойнайды. Жаратқан иемізге жалбарынып, құлшылық жасаудың алдында да дәрет алып тазаланамыз. Дәрет алуға, тазалануға жеңіл қарауға болмайды. Сондықтан бүгін осы дәрет жайлы біршама мәлімет беруді жөн көрдік. Дәретті араб тілінде «удуъ» деп атайды. Тазалық, әдемілік деген мағыналарды білдіреді.

Бір күні уахи періштесі Жәбірейіл (ғ.с.) Меккенің жоғары жағындағы бір сайда Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көрсетіп тұрып дәрет алды. Пайғамбарымыз да періштеден көргеніндей етіп дәрет алды. Осылайша Ислам дініндегі алғашқы дәрет алынды.Содан соң Жәбірейіл періште имам болып, екеуі екі рәкат намаз оқыды. Намаздан соң Жәбірейіл періште көкке көтеріліп, көзден ғайып болды. Сүйікті Пайғамбарымыздың жүрегінде ерекше қуанышты сезім қалды. Алла елшісі шаттыққа бөленген күйде үйіне  қарай асықты. Көрген білгенін жан жары Хадишаға бірін қалдырмай әңгімелеп берді. Сөйтті де, сүйікті жұбайына өзі көргендей етіп дәрет алуды үйретіп, екеуі бірге екі рәкат намаз оқыды. Үйренген нәрсені дереу іске асырудың бір үлгісі осындай болса керек. Дәрет алу жайында қасиетті Құранда былай делінеді: «Уа, мүміндер! Сендер намазға тұрмақшы болсаңдар, жүздеріңді жуыңдар. Қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар.  Екі аяқтарыңды тобыққа дейін жуыңдар...» («Мәйда» сүресі, 6-аят)

Осылайша намаздың шарты дәрет екені белгілі болды.

Дәреттің парыздары, сүннеттері, әдептері мен бұзатын жағдайлары бар. Парыздары төртеу: 1. Бет-жүзді жуу; 2. Екі қолды шынтақтармен бірге жуу; 3. Бастың төрттен біріне мәсіх тарту және 4. Екі аяқты тобықтармен бірге жуу.

Дәретте мынадай сүннеттер де бар: Бісмилләмен бастау, Жуылатын мүшелерді ретімен және үш реттен жуу, бет-жүзді жуып жатқанда ниет ету, Білектерді шынтақпен бірге үш рет жуу, ауыз бен мұрынды бөлек-бөлек сумен үш реттен жуу, тістерді мисуакпен немесе басқа құралдармен тазалау, басымызға түгел және құлақтарымыз бен желкемізге бір рет мәсіх тарту.

Дәреттің кейбір әдептері мыналар: Намаз уақыты кірмей тұрып, дәрет алу. Қыбылаға қарап отырып алу; Дәрет барысында сөйлемеу; Ауыз бен мұрынға суды оң қолмен жүгірту, мұрынды сол қолмен тазарту; Су көп болса да, ысырап етпеу; Дәреттен кейін екі рәкат нәпіл намаз оқу;

Дәретсіз күйде намаз оқуға, Қағбаны тауап етуге, Құран кәрімді ұстауға болмайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп дәрет алудың пайдаларын айтып кеткен: «Мұсылман дәрет алғанда, оның күнәлары құлағынан, көзінен, қолдарынан және аяғынан шығып кетеді. Отырғанда, күнәлары кешірілген күйде отырады. Дәретті күйде жан тапсырған адам, өлім ауртпашылығын тартпайды. Өйткені дәрет иманды болудың белгісі. Дәрет – намаздың кілті, күнәлардың тазалаушысы. Іс-амалдардың ең жақсысы – намаз. Нағыз мүминдер ғана үнемі дәретпен жүреді. Нағыз иманды кісі күндіз дәретпен жүріп, түнде дәретпен ұйқыға жатады. Осылай жасаса, Алла Тағала оны қорғап, панасына алады. Дәретті күйде тамақ ішкеннің қарнындағы астың өзі Алланы зікір етеді. Иесі үшін Алладан кешірім тілейді»

Дәреттің адам денсаулығына берер пайдасы мол. Қан айналымының жақсаруына себеп болады.Тамырлардың қатаюына, жарылып кетуіне бөгет болады. Ауыз, мұрын, желкенің мәсих етілуі мидың жұмысын жақсартады. Жалпы жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Дәрет көптеген тері ауруларының алдын алады. Микроптар мен бактериалар көп жағдайда денеге тері арқылы кіреді. Дәрет осыған жол бермейді. Бет-жүздің жуылуы жалпы денені сергітіп, серпілтеді. Бас аурулары мен шаршауды жеңілдетеді. Үнемі дәрет алып жүргендер қартайса да, әдеміліктерін жоғалтпайды.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру