ДАНАЛЫҒЫМЕН КӨЗГЕ ТҮСКЕН ҚАЗАҚ АРУЛАРЫ

18 наурыз 2024 1671 0
Оқу режимі

Ә.Көпіш құрастырған "Қазақ халқының тарихи тұлғалары" деп аталатын еңбегінің 3-кітабында (Аңыз аналар мен ару қыздар) қазақтың батыр қыздары мен алып аналары жайлы құнды деректер бар. Осы кітапты негізге ала отырып, парасатты болмысымен тарихта есімі қалған қазақ әйелдері туралы деректер ұсынамыз.

ҚАPАШАШ (XV ҒАСЫР)

 Қазақтың Жиpенше шешенге байланысты тұpмыс-салт еpтегiлеpiнiң кейiпкеpi, Жиpеншенiң әйелi. Қаpашаш тypалы еpтегiлеpдiң сюжеттеpi, көбiнесе, шешендiк жұмбақтаp саpыны негiзiнде құpылған. Қазақ фольклоpында "Қаpашаш" деген атпен әйгiлi болған типтiк бейненiң қалыптасy таpихы өте ұзақ. Ол шешендiк, тапқыpлық, даналық тypалы еpтегiлеpдiң пайда болy, қалыптасy және дамy таpихымен тығыз байланысты. Бұлаpдың аpғы түп-тамыpы ежелгi ыpымдаp мен сол ыpымдаpға негiз болған наным-сенiмдеpден тyған. Қаpашаш тұлғасы өз бойына фольклоpлық дәстүpдiң түpлi еpекшелiктеpiн сiңipген күpделi бейне. Қаpашаштың есiмi әpқашанда Жиpенше шешен атымен қоса айтылып жүpедi. Жиpенше атымен байланысты еpтегiлеp оpта ғасыpлаpдың бастапқы кезеңдеpiнде шоғыpланып құpала бастады. Осыған қаpағанда, шешендiк жұмбақ, дана қыз тypалы сюжеттеpдiн Қаpашаш атымен байланыстыpылyы да осы кезден басталған.

ДАРАБОЗ АНА (ШАМАМЕН 1690–1770 ЖЫЛДАР)

 Шешен, би. Қазіргі Алматы облысы Ескелді ауданында өмірге келген.Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасынан шыққан. Шын есімі – Қалипа, кейін Үлпілдек атанған. Қайын атасы Кенжеке келінінің ақыл-ой жағынан өзгелерден ерекше екенін танып, Жолбарыс биге сынатады. Сонда би Дарабоз анадан былай деп сұрапты: "Көкке тіреу не болар? Көлге піспек не болар? Терісін теспей, етін сорған не болар? Жілігін шақпай, майын сорған не болар?".

Дарабоз ананың жауабы: "Көкке тіреу күн болар. Көлге піспек жел болар. Терісін теспей етін сорса, қара нарды қалтыратқан қаңтар ғой. Жілігін шақпай майын сорса, екі ағайынды ақпан (айы) ғой". Сонда Жолбарыс би: "Сенің өз қатарыңнан мойның озық, бұдан былайғы ныспың Дарабоз болсын", - деп бата берген екен. Дарабоз ана ел басына күн туған сәтте Жетісу жерінде жауға қарсы күресті ұйымдастырған Ескелді Жылгелдіұлы, Балпық Дербісәліұлы, Қабан Асанұлы сынды ел басшыларына үзеңгілес серік бола білді. Ел ішіндегі даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешіп, екі жақты жарастырып отырған. Күйеуі Құтжа табиғатында жуас, қарапайым адам болғанымен,

Дарабоз ананың ықпалымен ол да ел ісіне араласқан. Дарабоз ана көріпкелдік қасиетімен де ерекшеленген, әйелдердің қоғамдағы орнын белгілеуге, ықпалын көтеруге де көп күш салған. Бірде Балпық би Дарабоз анадан: "Әйелдің қандайы жақсы?" - деп сұрапты. Сонда Дарабоз ана: "Көшкенде жетелейтін боталы түйесі болса, ерттеп мінетін құлыды биесі болса, алдында бесігі болса, маңдайының несібі болса, әйелдің жақсысы сол болады" деген екен. Дарабоз ана туралы ел аузындағы аңыздарда оның ас дайындау, қымыз ашыту, оны жорық үстінде бұзылмайтындай етіп сақтау жөніндегі шеберлігі де сөз болады.

БОПАЙ (ХІХ ҒАСЫР)

 Бопай туралы қандай дерек бар? Kенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Санжар, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай атты 6 ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі. Жазушы Сарбас Ақтаевтың "Қазақ ханымдары" зерттеу еңбегінде суреттелгендей: көзсіз батыр, керемет ақыл иесі Қасым төренің Саржан, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай сияқты шетінен сайрауға емес, самғауға жаралған сайып- қыран алты ұлының арасындағы жалғыз қызы сайыскер серілік салт-дәстүрде аға-інілерінен қалмауға құлшынып, жастай шынығып, шымболаттай шыңдалып өседі. Қыз бала білуге тиіс өнердің бәрін бес саусағындай игерген ол күшке келетін қарекет-қимылда да жігіттердің өзіне дес бермеген. Әсіресе сайысқа бөлекше шебер болды. Ақбоз аты ойнақтап, құндыз бөркінің үкiсi желкілдеп, кәмар белбеуінің алтын-күмісі күнге шағылып жетіп барғанда-ақ белдесуге шыққан жігіттің құты қашатын. Жанаса бере аттан қарсыласын қалай жұлып алғанына көз ілеспейтін. Байгебек байдың асында бұған бір еркек тең келмей, бәрі ат сауырынан сырғып, тырапай асқанын жұрт ұзақ уақыт ауыздан тастамай айтып жүреді.

Сонда жиналған ел: "Сандал айындай сымбаттысын қарашы! Сілеусін көзі өңменіңнен ететін ақсары Кенесарының өзінен аумайды. Жанарының жап-жасыл ұшқын атып тұрғанын көрмейсің бе? Қасымның кілең көкжал бері ұлдарын қойып, қызына дейін қасқыр ғой" - деп, таңданып таңдай қағысқан-ды. Ал Бопай жақ тартқанда да адырнасын ала өгіздей мөңіретіп, жебесін көз жетпейтін жерге түсіретін қарулы садақкер әрі құралайды көзге аткан мерген еді. Жиын-тойларда жамбы атып та талай жүлде алған. Бопай бойжеткен шағында әкесі Қасым төренің қалауымен Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Бірақ аруақты атаның бұла боп өскен ерке қызы өмір тірлігінде де өзін еркін ұстайды. Түскен жерінде де тізгінін ешкімге бермей, өз отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің билігін уысында ұстап, айбынбай, айдынды жүреді.

 Сол батыр мінез, батыл қылығы ағасы Саржанның туын жықпай, жолын жалғастырып, ереуіл атқа ер салған Кенесары орыс отаршылдарына қарсы бас көтерген тұста бар қырынан көрінді. Көтеріліс оты лаулап, қырға қанатын жая бастағанда балаларының алды кәмелетке толып, үйленіп үлгерген Бопай қол қусырып үйде қарап отыра алмады. Айналасындағыларға үгіт айтып, ері Сәмеке, оның туыстары Сартеке мен Досанға "атқа қонып, көтерілісшілердің бір жағына шығысайық" деп сөз салып көреді, бірақ керенау төрелер қозғала қоймайды. Ыза болған Бопай күйеуіне де, оның ағайын-туғандарына да қолды бір сілтеп, алты баласын алып, "көтеріліс ошағы қайдасың" деп тартты да отырды.

 Сөйтіп, ол 1837 жылы қалың елдің бостандығы жолында басын бәске тіккен көтерілісшілердің тағдырымен ұштастырды. Қыз кезіндегі арманымен қайта қауышып, осы Кенесары қосынында Жанайдар батырмен тағы да табысып, талай жорықтарда үзеңгілес жүріп, қиын-қыстау кезеңдердің көбін бастан бірге кешірді. Алты бала тапса да артық еті жоқ құлын мүшелі ханшайым қырыққа таяп қалса да, талайлардың көмейіне құрт түсіріп, көзінің жауын алатын-ды. Оның жанында жүретін жұртым үшін жан пида деп атқа мінген арғын қызы Алтыншаш пен табын қызы Ақбөкен де өзі сияқты ерге ердей, серіге серідей жолдас бола білетін қайратты да айбатты кыздар еді.

Айтқан ақыл-кеңесі қашанда діттеген жерге дөп тиетін Бопайды Кенесары ереуіл кеңесінің мәжілістеріне ұдайы қатыстырып, оның ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып отырды. Бопай туралы белгілі тарихшы Ермұқан Бекмаханов: "Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен", - деп жазды. Қазақтың аналары ақыл-парасатымен қатар әйел сұлулығының символы бола білген.

Белгiлi орыс ғалымы, философ, эстетик, әдебиетшi Г. Гачевтiң "Национальные образы мира: Евразия — космос кочевника, земледельца и горца" еңбегінде көшпелi халық отырықшыларға қарағанда әйелдердi жоғары бағалайтыны жазылған.

ШОҚАНДАЙ ҒАЛЫМДЫ ТӘРБИЕЛЕГЕН АЙҒАНЫМ АНА

 Журналист Ұлдай Ибайдуллаеваның "Ақ босаға" басылымында жарық көрген "Даланың дана қыздары: Әйел сұлулығының эталоны — Айғаным Ханша" мақаласында Шоқан Уәлихановтың әжесі - Айғаным туралы мынадай құнды дерек берілген: "Хан Абылайдың келiнi Уәли ханның екiншi әйелi, ерекше дарын иесi, артына өлмес мұра қалдырған Шоқанның әжесi – Айғаным Ханша. Айғаным Есiл бойын мекен еткен атақты Мәлiм қажының ұлы Сарғалдақтың қызы, Әзiрет әлiнiң 43 — ұрпағы.

Сарғалдақ Бұхарда оқыған бiлiмдi, әулие адам болыпты. Айғаным 16 жасында Абылайдың ұлы Уәлi ханға ұзатылады. Жас ханша алпысты алқымдаған Уәлiге өз талаптарын қойған. Әуелгiсi, хан тұрағын Сырымбет тауына көшiру болса, екiншiсi ұрпақтарын өзiнше тәрбиелеп орысша сауатын ашқызу болады. Айғаным орысша бiлiм алудың маңызын жақсы түсiнген. Арабша сауаты болған ханша кейiн парсы,шағатай,орыс тiлдерiн үйренiп, француз тiлiн жетiк бiлген. Шығыс тарихы мен пәлсапасын жатқа айтқан.

 Айғаным ханша туралы зерттеушілер қандай деректер жазған? "Қарапайым әйел қатарынан, қоғам қайраткерiне дейiн көтерiлген ақыл мен парасат иесi Айғаным – Уәли хан өлгеннен кейiн халық мүддесi үшiн ел тiзгiнiн ұстамасына болмай, ханның орнын (1821-1822 жылдары) басады. Көкшетау дуанына бiраз жыл аға сұлтандық қызмет атқарады. Жергiлiктi халық арасында өте зор беделге ие болды. Орыстар мен достық байланыс орнатып, Сыртқы iстер министрлiгiнiң Азия департаментiмен және Петербордағы Сiбiр комитетiмен хат жазысып отырған. Оған академик Әлкей Марғұланның зерттеген Айғаным ханым жазған хаттар санының 100-ден асуы дәлел". П.Семенов Тянь–Шанский Айғаным ханша туралы былай жазған: "Уәли ханның орысқа бағынуын бәйбiшеден туған балалары мен iнiлерi мойындамады. Болашақ үшiн Шоқанның әжесi Айғаным анамыз Ресеймен дос болып қалды. Александр I қырғыз даласында оған арнап үй салдыруға әмiр еткен. Сол үйде Шоқан дүниеге келген".

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мəдениет қызметкері, құрметті профессор Сарбас Ақтаев Айғаным ханша туралы "Ел анасы - Айғаным" атты мақаласында былай деп жазған: "Отыз бесінде ханның мөрін қолына алып, он үш жыл ел билеген ол керемет көрегендік танытып, қазақ халқының болашағы орыс жұртымен тату көршілікте, достық қарым-қатынаста екенін тап басып, тани білді. Ілгері елдердің көшіне ілесу үшін өнер-білім, оқу керек екенін терең түсінді. Заманмен, қоғаммен өрелес болу үшін ескіше сауатты боп қана қоймай, орысша да оқу керек деп ұқты. Өзгеге өнеге көрсетіп, алдымен өз балаларын орысша оқытты. Әсіресе, төртінші ұлы – Шыңғысқа үлкен үміт артып, көзі қарақты ана одан қара шаңырақ, хан ордасының болашақ иесін көргендей болды".

Этнограф ғалым Досымбек Хатран қазақ тарихындағы беделді арулар жайлы былай деген: “Ер адам сияқты мінезі бар, нақты шешім қабылдай алған қазақ әйелдерін бүгінде апа деп құрметтейміз. Әйел адамның орны өте жоғары. Ананы сыйлауға қазақ ерекше мән берген. Бұған қазақ жаратылған дүниені сыйлау тұрғысынан келген. Дау арасында әйел жол тауып кеткен мысалдар көп болған. Бұл - таза қазақи мінезі. Әйел адамға жүгінбейтін халықтар да бар”, Қазақ халқында дауды шешкен, жауға да қарсы шыққан арулар бар. Абай мен Шоқандай ұрпақты тәрбиелеген асыл аналардың да орны тым бөлек. Бұл жазбамызда тарихта ойып тұрып орын алатын бірнеше қазақ аруы туралы мәлімет бердік. Даналығымен көзге түскен қазақ қыздары жайлы әлі айтыла береді.

https://kaz.nur.kz/society/2064306-almatyda-zer-silkindi/

Дереккөз: kaz.nur.kz

Пікірлер Кіру