Дала өркениеті дана өркениеттен шыққан

10 тамыз 2021 7168 0
Оқу режимі

Дала өркениеті – дара өркениет. Оны отырықшы жұрттардың өркениетімен салыстыруға келмейді. Себебі, екеуінде қарама-қайшылық көп. Содан да отырықшылар өз тарихнамаларында дала өркениетін әдейі елемейді, жазбайды.

Дала өркениеті – әр салада қайталанбайтын мәдениеттер жасады. Қоғамдық құрылысы туыстық жүйемен құрылған. Бір не бірнеше атадан тараған түтіндер ауыл атанды. Бір ауыл қыстау, төлдеу, жайлау, күзеу деп аталатын бір қоныста іргелес отырды. Бұлар жеті атаға дейін өсіп, ондаған туыс ауылдар бір өзен не бір тауды мекен етті. Он үш атаға жеткенде ру атанды. Қандас рулардан тайпа құралды, тайпалар қауымдасып ұлыс (жүз), ұлыстан іргелі халық қауымдасты. Халық жетіліп, өсіп, өз тілі, ділі, діні, ата-бабадан тиесілі жер-суы арқылы елдік құрады. Елдіктен «Ұлт» деген ұлық жүйе қалыптасады.

Біздің көшпелі қазақ осы ұзақ жолдың бәрін басып өтті.

Оның ішкі берік қорғанысы – Жеті ата: 1. Әке, 2. Ата, 3. Әз ата (бұл үшеуі аталар), 4. Баба, 5. Тектін, 6. Төркін, 7. Тұқиян (бұл төртеуі бабалар). Осы жетеуі бірігіп «Ата-бабалар» деп аталған. Өзара қыз алыспаған, жесірін өзінде қалдырып, жетімін бірігіп асыраған, құн беріспеген.

Осыдан үш ағайындық жүйе шығады:

Бірінші, немере ағайын: 1. Бала, 2. Немере, 3.Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Өбере.

Екінші, жамағайын: 6. Туажат, 7. Жүрежат, 8. Жекжат, 9. Жұражат, 10. Жамағат.

Үшінші, қалыс ағайын: 11. Өрен, 12. Әулет, 13. Зәузат, 14. Жаран, 15. Қалыс.

Осы он бес ұрпақтық жүйе бір-біріне байланған. Байланыс ішінен сыртына қарай, әсіресе, сыртынан ішіне қарай күшейтілген.

Мәселен, біріншісі – туыстық жүйенің қазығы аталған, екіншісі – арқан, үшіншісі – шідер делінген.

Ал, жеке азамат өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты деген үш жұртына байланған. Бір-бірінен өрнек секілді өрбіп шығатын сансыз көп туыстық атаулар осы үшеуден бастау алады: Нағашы-жиен, нағашышар мен жиеншар, бөле, бөле аға, бөле жезде, бөле әпеке, бөле сіңілі, бөле келін, бажа, күйеу, жиен күйеу, келін, жиен келін, жиен-сіңілі, бөле-қарындас, нағашы ата, нағашы апа, нағашы аға, нағашы әпеке, қайын сіңілі, қайынбике, қайын ата, қайынене, қайынаға, құдаша, жезде, қайын, іні, немере іні, әпеке, балдыз, балдыз келін... Бұл атаулар өзара туыстық байланыспен түрлене береді. Осылардың арасындағы сыйластық, қимастық, жанашырлық... бірегей «туыстық мәдениетті» қалыптастырды.

Осыншалық ілік-шатыстық – өзара барыс-келісті өрістетті. Алтай мен Атырау, Жетісу мен Өралтай арасындағы алты айшылық алыстағы нағашы жұрт пен қайын жұртқа барғанда ат жеткен жердегі ауылған түскен адам «Құдайы қонақ» атанды. Осылайша, «қонақ күту мәдениеті» қалыптасты.

Осындай кісілікпен шырайланған бейбіт өлкеде не түрме болмағаны, не жандарм жасақталмағаны, не ақылы қонақ үй тұрғызылмағаны – ізгіліктің шын іске асқандығын дәлелдейді.

Тұрмыста басындағы баспанасы – киіз үй, бала өсіретін жөргегі – бесік, екеуі де әншейін тіршілік қарекеті емес, өнер дүниесіне айналды. Киіз үй мен бесіктің әр заты, әрбір қажет нәрсесі өнер шабытымен жасалып, «тұрмыстық мәдениет» туды. Киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, үзік, туырлық, түндік, текемет, сырмақ, желбау, дөдеге, адалбақан, көңғап, тұлып, көнек, саба, піспек, тегеш, ошақ, талыс... осындай көп тұрмыс қажетін қазақ өз қолымен өзгеше сәнді етіп жасап, кең далада, келіскен баспанада дегдар тұрмыс құрды. Қайталанбас көшпенділік мәдениетін жасады.

Киіз үйдің ішін жиып, бесік тербету де ізгі өнердей қыз-келіншектердің сәнді іс-қимылымен әрленген «бала тәрбиелеудің бірегей мәдениетін» өмірге әкелді.

Соғым сою, дастархан жаюдың өзі қайталанбас мәдениет екенін айтсақ, ең аяғы от тамызып, шоқ көсеу де мәдениет еді, «көрмегенге көсеу таң» деп содан айтқан.

Ал, көктеуден жайлауға, жайлаудан күздеуге көшу – батыстағылардың бас қатыра дайындалып жасайтын – әр көші бір «карнавал» еді. Бәйшешек гүлдердей қызыл-жасыл киінген қыз-келіншектер ат жалында ойнап, әуелеген әуезді дауыстары бұлтқа жетіп, көл бетін тербеп шымырлатқан неткен асқақ рух десеңші!

Бұның бәрі ата-әжелеріміз басынан кешкен нақтылы өмір еді, бұл сол шалқар заманның бір тамшысын өкінішпен еске түсіру ғана. Қайта келмейтін өтпелі өмір.

Осылайша, дала өркениеті – өркениеттің нағыз мағынасына жауап бере алды. Осыған қалай жетті? Оны осындай ізгілікке жеткізген ер көшпенділердің жүрегіндегі иман мен тұрмысына сіңген мұсылмандық әдеп екен.

«Құдайы қонақ» деп бүтін дала қонақты сыйласа, бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) асыл сүннеті еді, «жесірдің қақысы, жетімнің көз жасы» деп, әмеңгерлікті әдет етсе ол – қасиетті Құран кәрімнің бұйрығы еді.

Әйелдердің басындағы көздің жауын алған кимешек-шылауыштары әбүйірді ашық-шашық ұстамауды орындаған, шариғаттың шешімін шеберлікпен іске асырғаны екен.

Солай, дала өркениеті – имандылықтың қоғамдық көрінісі.

Абай ХАМЗА

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру