"БҮЙІРІҢДІ ТАЯНБА"

23 қаңтар 2024 2267 0
Оқу режимі

Үлкендердің аузынан естілетін бұл тыйымның себебін көпшілігіміз біле бермейміз. Әйтеуір "жаман болады" дей саламыз. Таратып түсіндіретіндер некен-саяқ.

Ол былай:

Бір шаңырақтың адамы қайтыс болғанда марқұмның жақындары қимастықпен егіліп жылайды. Өксіп жылайды. Солқылдап жылайды. Дауыс салып, жоқтап жылайды. Бұл - табиғи жағдай, өйткені қурай сынған жоқ, өмірден адам өтті. Ендігі жерде оны қайтып көрмейсің, үнін естімейсің. Кімге болса да ата-анадан, бауыр-туыстан айырылу оңай емес. Осындай ауыр сәтте егіліп-езіліп жылап отырғандардың ішкі ағзасына әдеттегіден көп салмақ түседі. Бүйрек пен бауыр, өкпенің баулары созылып, жүрек жиі қағып, өт қабынып, асқазан қабысып дегендей...

Сондықтан қаралы үйдің адамдарының белін мықтап буады. Белін орай буған соң оның ішкі құрылысы бос қозғалмайды, екі иіні түсіп бүкшимейді, адамның иығы көтеріледі. Неге десеңіз, белі буылған жерге, яғни мықын тұсына екі бармақты екі жағынан сұғып, бүйірді таянып отырғанда адамның еңсесі тіктеледі, денеге сүйеу болады. Мұны үйдегі жоқтау айтушы әйелдер істейді. Бүйірін таяну - амалсыздан, қазаның үстінде қара жамылып отырғанда қажеттіліктен басқа түсетін жағдай. Сондықтан жайшылықта жамандық шақыру, өлім тілеу нышанындай болғандықтан қатал тыйым саналған.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру