Бисмилла − сөздің анасы, күллі сөздің данасы

19 ақпан 2021 8172 0
Оқу режимі

Бисмилла  әр мұсылман үшін қасиетті сөздің бірі. Ол «Алланың атымен» деген мағынаны білдіреді. Күнделікті кез келген игі істі «бисмилламен» бастау мұсылмандардың қанына сіңісті жақсы әдет.

«Бисмилла» сөзі Ислам дінімен тығыз байланысты. Өйткені, Исламға дейінгі араб қауымы бір істі бастарда өздері табынатын пұттардың атын ауызға алатын. Лат, Мәнат, Ұзза сол кездегі ірі пұттардың қатарында болғандықтан, қараңғы халық «бисмиллат» (Латтың атымен), бисмилұзза (Ұззаның атымен), бисмилмәнат (Мәнаттың атымен) деп айтуды әдетке айналдырған болатын. Сол кездегі әр қауымда осыған ұқсас жағдайлар кездескен.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) Ислам дінін насихаттай бастаған уақыттарда бұл сөздің дұрыс еместігін түсіндіріп, оның орнына Алланың атын атауды үйреткен. Алғашқыда «Уа, Аллам, сенің атыңмен» деген мағынада «бисмикә Аллахумма» және Алланың атымен деген мағынада «бисмиллаһи» сөздері көбірек қолданылған.  

Бисмилла  «Бисмиллаһир рахманир рахим» деген сөздің қысқарған түрі. (Құранда «Тәуба» сүресінің басында ғана кездеспейді). Толықтай аудармасы Рахман әрі Рахим Алланың атымен деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде Аллаһ, Рахман және Рахим деген Жаратушы иенің үш көркем есімі қатар аталуда. Рахман да, Рахим да аса мейірімді деген мағынада келген. Ғалымдардың түсіндіруінше, Жаратушының Рахмандығы осы дүниеде көбірек байқалады. Асқан мейірімді болғандықтан, аспанды да, жерді де, ауаны да, суды да ортақ етіп, адамдарға барлық игіліктерді тең еткен. Мұсылман, кәпір деп оларды алаламаған. Ал Рахим есімі болса, ақыретке көбірек қатысты. Өйткені, Жаратушы иеміз ақыретте таза сеніммен бір өзіне ғана бас иіп, құлшылық жасаған, бұйрықтарын қалтықсыз орындаған мұсылман пенделерін ерекше марапатқа кенелтетінін білдірген. Ал Аллаһ есімі болса, өзге көркем есімдерінің барлығынан дара, жоғары тұратын ерекшелікке ие.

Сахабалар «бисмилла» сөзінің толық нұсқасымен «Нәмл» сүресінің 30-аяты түскеннен кейін танысқан. Бұл аятта Сүлеймен пайғамбардың (а.с.) жазған хаты туралы дерек кездеседі. Хатта «Бұл хат Сүлейменнен және Рахман әрі Рахим Алланың атымен басталады» делінген. Бұдан «бисмиллаһир рахманир рахим» сөзінің Құранға тән екендігін байқаймыз. Имам Шафиғи «Егер «бисмиллаһты» жеке аят деп қарайтын болсақ, Құранда 114 мәрте аян болғанын көреміз» деу арқылы бұл сөздің қаншалықты қасиетті екенін аңғартқан. Ғалымдар арасында «Құранның бүкіл мазмұны «Фатиха» сүресінде, ал «Фатиха» сүресінің барлық мәні «бисмилла» сөзінде жинақталған» деген ұғым барын еске алсақ, бұл сөзде қанша терең сыр жатқанын пайымдауға болады.  

«Істің нәтижесі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деп Абай атамыз айтпақшы, әр істің алдында «бисмилла» деп айту сол істің сәтті басталып, орнықты жалғасуына, берекеленуіне, жақсылықпен нәтижеленуіне себеп. Өйткені, хадисте «Бисмилләсіз басталған барлық іс келте» делінген (Ғазали, Ихияу улумуддин 1/206). Тағы бір хадисте «Әлхамдулилласыз басталған барлық іс шолақ» деп, әр істің басында «Әлхамдулиллаһ» деп айту керектігі де меңзелген (Нәсаи, Сүнәнул-кубра 6/127).  Осы екі хадиске де амал ету жағын қарастырған ғалымдар мынандай тиімді тәсіл ұсынған. Ол − істің басында «Бисмиллаһир рахманир рахим, әлхамдулиллаһи раббил аламин» деп толық айту.

Әсілі Алла үшін деп басталған істер ешқашан орта жолда үзіліп қалмаған. Қай кезде де көздеген мұратына жетіп, ізгілікпен нәтижеленіп отырған. Бұл тұста әр ісін өзіне бұйырылғандай қалыпта Алла үшін істеу, әр ісімен Жаратушының разылығын көздеу мұсылманды ықыластылыққа тәрбиелейтінін де ұмытпаған жөн. 

Бисмилла деп айту кісінің имандылығын сездірумен қатар, құдіреті шексіз Алла тағалаға сенім артып, арқа сүйеуді де білдіреді. Өйткені, сол істі тәмамдауға керекті күш-қуатты да, өмірді де, мүмкіндікті де беретін Алла екені сөзсіз. Адам қанша талпынса да Алла қаламаған істің орындалмайтындығы және белгілі.

Ұзақ сапарға шыққан жолаушының бір басшының атынан жүргенін айтып, жолда кездескен қарақшылардан өз басының амандығын кепілдегені секілді соқтықпалы, соқпақты өмір жолында Алланың атымен жүру де кедергілерден қиналмай өту үшін адамға көмектесетіні сөзсіз. Әр ісінде осы сиқырлы сөзді айту арқылы «Иә, Аллам, сенің атыңмен бастап жатырмын, бұл өзіңнің көмегіңе арқа сүйегендігім, қолға алған ісімді жеңілдетіп, сәтін келтір, мені қорғап-қолдай гөр, демей гөр» деген пенде Жаратушыны жиі есіне алып, Раббысына жақындай түседі.  

Күнделікті әрбір істі «бисмилламен» бастау адам жүрегін үнемі Аллаға байлап тұратынын да ескерген жөн. Ол бір жағы зікір етуге жатады. Ал әрбір нығметтен дәм тата отырып, соны бұйыртқан құдіретті ойлауды, пікір етуді (терең ойлануды) білдіреді. Ал соңынан шүкір ету де мұсылманға жарасымды әдет. Осы себепті ізгі мұсылмандар Жаратушы иеміз талап ететін осы зікір, пікір, шүкірге ерекше мән берген.

«Сөздің басы бисмилла, бисмилласыз іс қылма» деп аталы сөз қалдырған қазақ халқы да бұл ұғымға ерекше мән берген. «Бисмилламен» басталған іске шайтан араласпайтынын түсіндіріп, бисмилламен бауыздалған малдың еті адал, бисмилламен ішкен астың бойға сіңімді болатынын өскелең ұрпағының санасына құйып отырған. Тіпті бисмилланы сөздің анасына да, данасына да балаған. Сөзді бисмилламен бастау дәстүрі көптеген жыр-дастандарда сақталған. Оны «Алпамыс батыр» жырының басындағы мына шумақтан да байқаймыз:

Бисмилла − сөздің анасы,
Күллі сөздің данасы.
Бисмилла деп бастаса
Ашылар сөздің әммесі... (www.ikitap.kz)

Құдайберді Бағашар

Пікірлер Кіру