Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын

08 қазан 2020 5566 0
Оқу режимі

Дініміздің көп тоқталатын тақырыптарының бірі – ауызбіршілік. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, кез келген қоғамның бақытты ғұмыр кешуі үшін алдымен ауызбірлік қажет. Бірлік бар жерде бауырластық, тыныштық, молшылық, береке және Алланың рахымы болатыны сөзсіз.

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстасыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», – дейді. Ал, осы сүренің 105-аятында: «Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар болады», – деп ескертеді.

Ия, қандай қоғам болмасын ынтымақ-бірліктің арқасында өркендеп, адамдар бір-біріне бауырдай қараған кезде ғана мамыражай заман орнамақ. Сол себепті де ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Сендерден бірің өзіне қалағанын бауырына да қаламайынша, кәміл мұсылман болмайды», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамағаттан бөлініп, қалыс қалмауын әрдайым сахабалардың есіне түсіріп отырған.

Адамзат тарихына үңілетін болсақ, бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп алпауыт мемлекетке айналғанын көресіз. Ал, бірін-бірі көре алмай, береке-бірлігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да куәміз. Таухид сенімін өзіне ту етпеген, өзін елден ерекше санайтындар уақыт өте  өзіне-өзі ор қазғанын білмей қалады. Сол себепті Алла Тағала «Әнфал» сүресінің 46-аятында:  «(Барлық істе ) Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар. Өзара тәжікелеспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды»,  – деп бұйырған.

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған (қиянат жасамайды) зұлымдық қылмайды, оны мақрұм қалдырмайды, оны төмен көрмейді. Бір кісіге жамандық ретінде оны төмен көрудің өзі жеткілікті. Қандай да бір мұсылманның малы, қаны, ар-намысы басқа бір мұсылманға харам етілді», – деген.

Пайғамбарымыз жоғарыда айтқан хадистерімен бір қоғамның тыныштығын, бірлігін, дұрыс өмір сүруінің жолын көрсеткен. Бұл заңдылықтар – қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамға жүктелген ең маңызды міндет. Ислам сөзінің бір мағынасы «ынтымақ» дегенді білдіреді. Сол себепті  мұсылман сөзі тыныштық пен ынтымақта өмір сүріп жатқан адам дегенді білдіреді. Алла елімізді тыныштық пен ауызбірліктен айырмасын!

 

Ибргаим Сматаев
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру