БАЙҒАЗЫ

30 қараша 2023 3082 0
Оқу режимі

Байғазы - өте ертеден келе жатқан қазақтың төл дәстүрі. Ол - жаңа киімге, жаңа бұйымға берілетін сый-жоралғы.

Әсіресе кішкене балаларды, жасөспірім ұл-қыздарды қуанышқа бөлейді. Олардың жаңа киген киіміне мақтанып бауыр-туыстарынан, нағашыларынан байғазы сұрауы мін емес, керісінше үлкендердің оны елемеуі, атаусыз қалдыруы үлкен мін болып саналған екен.

"Бір бала қуанса - он гүл қауагақ ашады" деп түсінетін халқымыз баланы қуантып, көңілін марқайтуды өзіне міндет-парыздай көріпті. Байғазының кесімді өлшемі жоқ, оны әркімнің патша көңілі біледі.

Мысалы, ұлдарға қамшы, ноқта-жүген секілді заттарды, қозы-лақ сияқты төлдерді, ал қыздарға үкі, сөлкебай, моншақ, маржан, басқа да қызға лайық нәрселерді берген екен.

Үлкендер:

"Киімің тозғақ - өмірің ұзақ болсын!" - деп тілек тілесе, ер балаларға апа-жеңгелері:

"Байғазыға байдың қызы!" - деп әзілдеп, азды-көпті болса да тарту-таралғы жасайды.

Байғазы балаларды қуанышын өзгелермен бөлісетін көпшілікке жетелейді, бауыр-туыстық, жанашырлық қарым-қатынасты ұғып, ынтымақты нығайтуға баулиды.

Бала жасындағысын ұмытпайды әрі шынайы қуанады.

Оларда ересектерде кездесіп қалатын өтірік көлгірсу мен әр нәрсенің түбінен қарымта іздейтін есеп болмайды.

Әне, сондықтан да бала өзі өскенде өзгенің көңіліне қарауды, қуаныш сыйлауды ерте жастан бойына сіңіреді. Қазір "байғазы" сөзі тілімізден қалып барады, сирек айтылатын болды. Себебі оның мағынасы "көрімдік" салтына қосылып кетті. Анығында, байғазы мен көрімдік - екі басқа ұғымдар.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру