БАҚЫТ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР (ЭССЕ)

05 маусым 2024 1354 0
Оқу режимі

Дүниеге келген әрбір адам бақытты. Тірі болу – бақыт. Жетістік қарекет арқылы келеді. Құбылмалы қызықты дүниеде адам өз бақытын сезіне бермейді. Адамшылық қасиеттерді жойып алмауы үшін әркім өзінің бақытты екенін үнемі сезінуі ғанибет, бірақ бақытты сезінуге кедергілер бары үнемі есте болғаны жөн.

Брінші кедергі – күншілдік. Әрине, адамдар болмысынан әртүрлі. Адам бойындағы қабілет-қасиет өсе келе айқындалып, біреу әнші, біреу ақын дегендей, табиғатына сай түрлі талантқа ие болмақ. Солай, солай адамдар даралана бастайды. Міне, осы тұста күншілдік көрінісі бой көрсетеді. Өмір – бәсеке, ол рас. Алайда осы бәсеке теріс өріс алып кетсе, күншілдік күшейе түседі. Бұған көркем әдебиетте мысалдар көп. Күншілдік дертке айналғанда аса қауіпті. Ондай адамда тоқтам деген болмайды. Соңында тіпті сол сезімінің құлына айналып, келеңсіз жағдайға тап болуы ықтимал. Асқынған күншілдік қылмысқа айналмақ. Оның бір мысалы – бәйбіше, тоқалға қатысты ел аузындағы әңгіме. Күншілдігі қозған бәйбіше тоқалға білдірмей қалтасына шоқ салып жібереді. Сөйтіп жас келіншек қызғаныш пен күншілдіктің кесірінен өртеніп кетеді. Тұрмыста мұндай мысалдар жиі ұшырасады.

Қызғаныш – күншілдіктің туысы. Күншілдік өрістемесі үшін жасөспірімдерді сезімге бай етіп тәрбиелеу қажет. Адамның асыл қасиеті мейірімділік дегенді айтудан жалықпау керек. Мейірімді жанды күншілдік билеп кете алмайды. Жастардың сезім байлығын тәрбиелеу – ата-ана мен қоғамның басты міндеті.

Жақсы адам күншіл болмайды. Оны хакім Абай­дан асырып айту мүмкін емес. Адам жақсы болуы үшін ата-ана жақсы болуы шарт. Құрбысы жақсы болуы керек, ең бастысы, ұстазы жақсы болуға тиіс. Ондай адамның алдында қандай міндеттер тұр деген хакім Абай: «ол – әуелі Алланы танымақ, одан кейін өзін, содан кейін дүниені танымақ», – дейді.

* * *

Әлемде халық көп, соның ішінде әсіресе бір ел мені ерекше таңғалдырады, ол – еврей жұрты. Анығын нақтылап айта алмаймын, аңғарғаным – бұл елде күншілдік біздегідей емес. Еврей халқының жалпы саны – 15-20 миллион. Шетелдердегі туыстарды қосқанда біз де сол шамадамыз. Соған қарамастан, еврей халқы әлемнің 30%-ға жуық экономикасы мен қаражатына ие, қаншама Нобель сыйлығының лауреаттары бар. Сапалы ұлт.

 

* * *

Есіме қадірлі досымның әңгімесі түсті. Ол әріптес еврей азаматымен алыс шетелге сапарға шығады. «Жолшыбай әуежайда әлгі кісі дүңгіршектен қалың кітапты таңдап алып, сатушыға «қайтарда аламын» деп тапсырып кетті. Бағасы да арзан емес. Мен болсам: «қайтесің жүк қылып» деп наразылық білдірдім. Қайтар жолда әріптесім шынымен де сол кітаптың құнын төлеп алды. Мен тағы да наразы болдым. Сонда әріптесімнің айтқанына таңғалдым, ол:

– Мына кітаптың авторына қарасаңшы, ол – еврей, – деді.

Мен сапарда жүргенде дүкеннен бір қазақтың кітабын осылай сатып алам ба, жоқ па, екі талай іс. Әріптесім өзінің халқына деген құрметі туралы маған сабақ берді. Еврей жұртына деген қызығушылығым арта түсті», деп досым әңгімесін аяқтады.

Мен ойға қалдым. Біз неге сондай емеспіз?

* * *

Күншілдік адамға басы артық жүк, одан арылу қажет. Мұны тіпті ауыр дерт дер едім... Ал оның емі бар ма? Әрине, бар. Емі – барға разы болу, қанағат. Күншіл жан барға қанағат етпесе, оның бойында сол бардан айрылып қалу қаупі үнемі сақталады. Сондықтан мұсылман шүкіршілік дейді. Күншілдіктен арылған жан өзінің бақытты адам екеніне де кәміл сенімді. Күншілдіктен арылдың – иығыңнан жүк түсті. Жеңілдеп қалдың, сезесің бе? Ол – бақыт сезімі.

* * *

Бақытты сезінудегі екінші кедергі – өткенге өкініш. «Әттеген-ай, қап, солай болды» деп талай ағайынымыздың санын соғып, өткен іске өкініш білдіргенінің куәсі болдым. Алаштың алғашқы баспасөзінің бірі «Айқап» та «әй, қап» деп өкінішті білдірмей ме? Мүмкін. Қалай десек те қазақтың өткенге өкініші ұшан-теңіз.

Өкініш деген әр адамның санасында сіресіп тұр. «Әттеген-ай, ол мәселені былайша шешу керек еді», «қап», «ойланбағаным-ай» деп өкініш білдірушілер төңірегімізде жеткілікті. «Иә, солай ету керек еді». «Жә, басқаша сөйлеу керек еді». Өткенге өкініш. Осылайша, дағдарып тұрған жұртты қазақ: «Болған іс болды, бояуы сіңді» деп сабырға шақырған.

* * *

Аталарымызға қатысты мына бір тарихи жағ­дайды айта кетейін. Кенебай би – Төле бимен замандас әрі туыс. Осы жақындықты жұрағаттықпен жалғап, ол кейін Төле бидің туысына үйленген.

Кенебай бидің Төле биден жасы үлкен екен, бұрын қайтыс болыпты. Топырақ салуға келе алмаған Төле би Кенебайға жайырақ мезгілде бата жасай барыпты. Кенебайдан 9 ұл қалған көрінеді. Сонда Төле би:

– Кенебай бидің сөзін ұстайтын қайсың барсың? – дегенде, тоғыз ұлдың үлкені Тасан:

– Биеке, өз сөзің болмаса, біреудің сөзі сөз бола ма? – депті. Төле би бұл жауапқа өте наразы болып:

– Қарағым, жыртық үй – жамалса үй, Кенебай бидің сөзі жыртық үйдің жамауындай болмағаны ма? – деп, бата бермей аттанып кетіпті жарықтық.

Тасан болса «биге неге олай дедім?» деп өмір бойы өкініп өтіпті. «Орны толмайтын өкініш» деп осындай жағдайға қатысты айтылған. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» – деген атам қазақтың сөзі бар. Өкінбеу үшін ең алдымен тілге ие болу керек.

* * *

Өкініштің зоры – уақытты босқа өткізу. Дүниедегі ең қымбат дүние – уақыт. Ол туралы хакім Абай:

«Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,

Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік».

Өкініш таңдауға қатысты. Таңдау түрі көп, жар таңдау, дос таңдау, т.б.

Адам ата-ананы, Отанды таңдай алмайды, басқасына үнемі таңдау еркі бар.

* * *

Бақытты сезінудегі үшінші кедергі – кешірім.

Кекшілдік, мейірімсіздік, қатыгездік, өшпенді­лік, т.б. кешірімге қатысты түсінік-жайлар. Өмір­де не болмайды? Егер біреулер анасынан «қан шең­гелдеп» туса не демекпіз? Мәселе ауыр. Шыңғыс Айт­матовтың «Кассандра таңбасы» романындағы аңызбен сабақтастырсақ, алты-жеті апталық эмбрион құрсақта жатып, дүниеге келген соң өзінің кім болатынын білдіріп, анасының маңдайында таңба болып көрінеді екен. Ол – әлемге зұлым ұрпақ енеді деген нышан. Белгілі уақытта анасында болған таңба жойылып, әлемге сәби келеді. Өсе келе, ол өз тағдырына сай зұлым болмақ. Өмірде зұлымдықтың түрі сан алуан. Егер осылай өзін тумай жатып кім екенін айқындаған ұрпақ кедей, жайсыз отбасында дүниеге келсе, ол бұзық, ұры, баукеспе болып өсіп, қоғамға келтірген залалы үшін қамалады, жазаланады. Былайша айтқанда, мұндай зұлымдықтың өрісі тар. Ал ол ұрпақ керісінше бақ-дәулетті отбасында дүниеге келсе, мәселе басқаша. Мәдениетті, білімді болып өседі, ешкімге қол жұмсамайды, бірақ адамдарды қырып-жоюдың ілімін өзінше жүзеге асырады. Айталық, Карл Маркс секілді. Ол әлемдік зұлымдықпен шұғылданып, содан өзіне қызық тапты, рахаттанды. Сөйтіп ібілістің шәкіртіне айналды. Бүлік, қирату, соғыс – оның кәсібі.

* * *

Кекшілдер болады. Ол – әсіресе тау халықтары тұрмысында кездесетін көрініс: «Қанға – қан, жанға – жан». Бұл – бақытты сезінуге нағыз кедергі, себебі сол жолда өзің мерт боласың. Кешірім ауадай қажет.

Кекшілдіктің деңгейлері бар. Адамдардың жұды­рықтасуынан мемлекеттік деңгейдегі кекшілдікке дейін. Кек алу саясаты – соғысқа бастайтын жағдай. Мәселен, Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұтану себебі Сараевода Аустрия тағының мұрагері ханзада Франц Фердинандты өлтіруден басталды. Әрине, бұл – сылтау. Шын мәнінде соғыстың басталуының себебі тереңде – елдерді, жерлерді қайта бөлісу. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстың болуы – әлемге ашық түрде фашизмнің келуі. Фашистік мемлекеттің сая­саты соғыстан өзге не болмақ? Фашизмді қырғын, соғыс деп түсіне бергін.

* * *

Басынан қилы оқиғалар өткен актер, қоғам қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов бір сұхбатында: «Қателікті кешіруге болады, ал сатқындықты ешқа­шан», – депті. Қазақтың: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегеніне назар салыңыз. «Құнын» дейді... Сатқындығын емес». Ойланған жөн.

* * *

Адамдар қателеседі, адасады, сөйтіп өзгелердің тұрмысына, өміріне сан алуан кедергі жасайды, Алла Тағала алдында – күнәлі, адамдар алдында кінәлі болады. Міне, осындай жағдайларда кешірім қажет. Кешірімді болу, әрине, айтуға ғана жеңіл. Жеме-жемге келгенде бұл – ауыр мәселе.

 

* * *

Сатқындыққа кешірім жоқ. Осылай айту дұрыс бола ма? Большевизм-фашизмге қарсылық сат­қындық па еді? Мұстафа Шоқайдың түрік аймағында болғаны сатқындық па? Мен сатқындық дей алмаймын. Большевизм де – фашизм, фашизм де – фашизм. Ал ақ-қарасын анықтап көр. Коммунистік идеология­мен уланған қазақтар майданда жан алып, жан беріп соғысты. Қазір қарасақ, екінші жаһандық қырғын біздің соғыс емес екен. Ресей-Украина соғысында орыс емес, Ресей азаматтары (шағын ұлт өкілдері) не үшін, кім үшін соғысып жатыр? Сондықтан сат­қын­дық адамшылық, әділеттілік тұрғыда сарапталуы қажет.

Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» атты шығар­масында соғыстан қашып келген қырғыз туралы суреттеліп, сол заман үшін оның жазасы – өлім деген ой басты назарға алынады. Ойланып көрсек, оны кешіруге болар ма еді? Сұрақ...

* * *

Кешірімді болу – мейірімділік көрінісі. Естеріңізде шығар, мұсылмандар дүниеден өтерде бір-бірінен «кешу» сұрасады. Бақи әлемге жалғанның жүгін арқалап кетпеу тәсілі. Бала кезімнен үлкендердің аузынан: «Алла Тағаланың кешпейтін күнәсі жоқ» дегенді естіп келдік. Біз солай ойлаймыз, өз сөзімізге сенеміз. Бірақ бәрін білуші – бір Алла.

Байқасақ, кешіретін жағдайлар жайғасып, иығымызға жүк болып қалыпты. Кешіру қажет. Түйсік, сезім, санаға жеңілдік керек. Иығымнан жүк түсті, өмір қандай ғанибет! Хакім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жалпыға айтса, енді бірде: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді данышпан.

Сонымен бақытты сезінудегі үш кедергіні жеңдік, басқа бақ қонды.

Есте болсын: Бақ табиғаты – құс. Ұшырып алма!

Сақ бол! Сақтықтың күзетшісі – сабыр.

Халқымыз: «Сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған, ойланайық!

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик

Пікірлер Кіру