БАЛАНЫҢ АҚЫСЫН БЕРІП ЖҮРМІЗ БЕ?

01 маусым 2023 4567 0
Оқу режимі

«Әке баласына жақсы тәрбиеден артық

мирас қалдыра алмайды» (Хадис).

Халқымыз: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - дейді. Бесік ішіндегі іңгәлаған әр перзент – Алланың адамға берген ұлы сыйы әрі аманаты. Олай болса, балаға берілетін тәрбиенің ең басында имандылық тәрбиесі тұруы керек. Алланы таныған және Құдайдан шынайы қорқатын перзент коғамға пайда әкеліп, ата-анасын екі дүние жақсылығымен қуантады. Сол үшін әрбір иманды жан баласының алдындағы перзенттік ақыларына аса ден қояды. Құран Кәрімде былай бұйырылады: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят). Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергенінен артық», - деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) келесі хадисінде: «Кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке әкеледі әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады», - деген (имам Табарани).

Перзент ақысын орындауда, жақсы тәрбие беруде бізге ең алдымен өнеге жан – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екені даусыз. Ардақты Пайғамбарымыз балаларды жақсы көретін, оларға мейірім-шапағатын төгетін. Бірде Пайғамбарымызға бір бәдәуи келіп, балаларын еміреніп сүйе алмайтындығын айтады. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Алла Тағала жүрегіндегі мейіріміңді алып койған болса, мен не істейін енді?» - деп жауап берген екен.

Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, жақсы ат қоюға шақырған. Сондықтан балаға есім берерде бұған жауапкершілікпен қарау керек. Баланың өз ортасында жүзі жарқын жүруінде, жақсы кісілерге еліктеп өсуінде де жақсы есімнің берер пайдасы мол. Сүннет бойынша бала туыла салысымен немесе туылғанына жетінші күні ат қойылған. Ата-ананың балаға деген мейірімі, қамқорлығы әуелі жақсы есім қоюдан бастау алады. Хадисте: «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі – жақсы әдеп пен жақсы есім», - делінген.

Хазреті Омардың (р.а.) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», - деп шағымданады. Омар (р.а.) балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» - деп ұрсады. Бала еш қаймықпай: «Мырзам, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал баланың ақысы жоқ па?» - деп сұрайды. Омар (р.а.): «Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы Құранды үйрету керек», - деп санап береді. Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағынаны білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді», - деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а.) баланың әкесіне бұрылып: «Баланның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде сен оның ақысын жеген екенсің. Ол саған жамандық етуден бұрын, сен өзің оған жамандық еткен екенсің», - деп шығарып салады.

Перзент жақсы болу үшінәкенің міндеті жақсы ана болатын жар таңдау, жақсы есім қою, Алланың кәламы Құранды үйрету. Жаратушыны таныған бала зерек, алғыр болып өседі.

Хазіреті Али (р.а.): «Балаларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», - деген.

Бір күні Алланың сүйген құлы Абдулла ибн Мүбәрак жолда кетіп бара жатып сонадайдан бір қора қой бағып жүрген баланы көзі шалады. Ішінен оған жаны ашып: «Кішкентайынан мал бағып өссе, үлкейгенінде Алла Тағалаға деген құлшылығын қалай орындамақ?» - дейді. Сосын ойын жинап, «қой, одан да ол балаға Алланы танытатын сабақ үйретіп кетейін», дейді де, бағытын солай қарай бұрады. Жақындай келіп:

- Балам-ау, Алла Тағаланы білесің бе? - дейді Абдулла ибн Мүбәрак. Бала да:

- Құл қалайша өзінің иесін білмейді екен?! - деп шапшаң жауап қайыра қояды. Мұнан соң екеуара сөздері жарасып, әңгімелері одан әрі былайша өрбиді:

– Ал, айтшы, Алла тағаланы қалайша білесің?
– Мына бағып жүрген қойларыма қарап білемін.
– Бұл қойларға қарап Оны қалай білесің?
– Байқасаңыз, мына бір қора қой шопансыз өздігінен жүре алмайды. Оларға жем-суын беріп, қасқыр сияқты жыртқыштардан қорғап жүру үшін бір қадағалап жүретін адам керек. Осыған қарап айнала қоршаған он сегіз мың ғалам, оның ішіндегі адамдар, жындар, жан-жануарлар, мына ұшып жүрген қанатты құстар бір қорғаушыға мұқтаж екенін білдім. Осыншама сан алуан жаратылысты қорғап, қамқорына алған Алладан басқа ешкім емесі ап-анық. Алдымдағы қойларыма қарап, Алла тағаланы осылай білдім.
– Алла тағаланы қандай бейнеде түсінесің?
– Ешнәрсеге ұқсатпаймын.
– Оның ешнәрсеге ұқсамайтындыған қалай білдің?
– Тағы да сол көз алдымда жайылып жүрген қойларға қарап білдім. 
– Қалайша?
– Мен – шопанмын. Оларды бақылап, қорғаушысымын. Бұл қойларды әрдайым назарымда ұстап, қадағалаймын, әрі жауапкершілікпен қараймын. Қараңызшы, қойлар маған ұқсамайды, сол сияқты мен де оларға ұқсамаймын. Демек, қойшының қойларына ұқсамайтындығына қарап, әлбетте Алла тағаланың құлдарына ұқсамайтындығын осыдан түсіндім. Мұндай жауапқа тәнті болған Абдуллаһ ибн Мүбәрак:
– Өте жақсы айттың, балам! Аз да болса, білім үйрендің бе?– деді. Әлгі бала:
– Мен мына сайын дала сахарада жүріп қайдан білім алмақпын?!– деді шынын айтып.
– Ал, жарайды. Басқа не үйрендің?
– Үш ілім үйрендім. Көңіл ілімі, тіл ілімі және дене ілімі.
– Бұлар не нәрсе, мен білмейді екенмін?!
– Көңіл ілімі деген мынау – Алла маған жүрек берді және ол жерді кешірім мен махаббат орны етті. Сол үшін жүрегіммен Оны танимын. Сол үшін Жаратушымның жақсы көргендеріне ол жерден орын беріп, жек көрген нәрселеріне орын бермеймін, керек десеңіз, ондайлардан бойымды аулақ ұстаймын. Тіл ілімі дегенім мынау – маған тілді беріп, Жаратушыны еске алып, есімдерін зікір ететін орын етті. Оның қызметі арқылы Жаратушыны еске түсіретін сөздер айтып, ғайбат сөздерден оны қорғап, жаман сөздерден сақтану керек екенін көрсетті. Ал, дене ілімі дегенім мынау – Алла маған дене-бітім берді және  оны өзіне қызмет ету орны етті. Сондықтан, Оған қызмет болып саналатын сауапты игі істерді денеммен жасаймындағы, қызметіне жарамайтын теріс іс-әрекеттерден тал бойымды аулақ ұстаймын. 
Абдуллаһ ибн Мүбәрак дала кезіп қой баққан баланың жауабы мен керемет айтқан ойлы сөздеріне шексіз ризашылығын білдіре келіп: «Ей, балам! Сенің маған үйреткендерің алғашқы, әрі соңғы ілімдер. Сол үшін маған насихат айт!» - деді. Қарғадай бала ол кісінің тегін емес екенін байқап: «Мырзам! Ғалым кісі екендігіңіз жүзіңізден байқалады. Егер ілімді Алланың разылығы үшін үйренген болсаңыз, адам баласынан қайтарымын талап етпеңіз, керек болса ол жағдайды күтпеңіз. Жоқ, егер дүние пайдасы үшін үйренген болсаңыз, жәннатқа қауыша алмайсыз»,– деп Алланың сүйген құлы Абдуллаһ ибн Мүбәракқа астарлы сабақ болар ой айтқан екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды», - деген. Демек, әрбір ата-ана өзіндегі перзент ақыларының бірі жақсы тәрбие беру екенін біліп, оған алдымен өзі үлгі көрсетуі тиіс. Халқымызда: «Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей», -деп айтқан даналық сөз бар. «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», - деп Абай атамыз да баланың адамшылығын қалыптастыруда жақсы әке, жақсы ананың рөлін айтып кетеді.
 

Хасан әл-Басри былай дейді: «Балаға Аллаға мойынсұнуды бұйырып, ізгілікті үйретіңдер».

Шариғат ілімінің негізін салушы, төл мазһабымыздың жетекшісі болған Имам Ағзам Әбу Ханифаның бүкіл ғұмыры исі мұсылманға толығымен өнеге. Бірде Әбу Ханифаға баласын ертіп бір әйел келеді. Имамға баласының бір жағымсыз әдеті туралы шағым айтады. Айтуынша оның ұлы тәттіге өте құмар екен. Сол әдеттен тыс құмарлығының салдарынан тістері ауырып, түсуге айналыпты. Жанашыр ана Әбу Ханифадан осының амалын сұрай келген. Әйелдің әңгімесін естіген Әбу Ханифа аз-кем ойланып отырады. Сосын: «Сіз балаңызбен бірге қырық күннен кейін қайтып келіңіз», - дейді. Арада қырық күн өткен соң әлгі әйел баласын ертіп ұлы ғұламаға қайта оралады. Шариғат білгірінен баяғы мәселенің жауабын сұрайды. Сонда Әбу Ханифа балаға қарап: «Ей, ұлым! Тәттіні көп жеме. Шынында тәттіні көп жесең, тісің ауыратын болады, басқа денсаулығыңа да зиян. Анаңды тыңда. Тәттіні көп жеме», - дейді.

Баланың анасы тағы бірдеңе айтар деген үмітпен ғалымның жүзіне қарайды. Бірақ ғалым барлық жауабым осы дегендей ишарат жасайды. Сонда баланың анасы: «Уа, мұсылмандардың имамы! Мен сізден нақты ақыл күткен едім. Қырық күн күттіріп қойғанда бар айтқан жауабыңыз осы ма сонда? Осы жауабыңызды сол кезде айта салмадыңыз ба?» деп реніш білдіргенде Әбу Ханифа: «Уа, қарындасым! Сіз маған алғаш келгеніңізде өзім де тәттіні көп жейтін едім. Сондықтан да ол кезде балаға ақыл айта алмадым. Өзім тәттіні көп жеп тұрып басқаға жеме десем менікі нағыз екіжүзділік, жалғандық болар еді. Ондай сөзімнің балаға да әсері болмас еді. Әуелі осы бала үшін өзім тәтті жеуді қырық күн доғардым. Сөйтіп барып балаңызға кеңес айттым», -деген екен. Бұл ғибратты оқиға әрбір істе әуелі балаға ата-ана өзі өнеге болғанда ғана, әсері жоғары боларын, нәтижесі оң боларын білдіріп тұр. Төмендегі мысал да осыны меңзейді.

Дінге берік, өмірін тақуалықпен өрнектеген мұсылман әйел балаларына әрдайым ана сүтін «Ясин» сүресін оқып отырып береді екен. Яғни, баласын емізерден бұрын жақсылап дәрет алып, сосын ана сүтін баласына берер кезінде: «Бисмилләһир рахманир рахим. Ясиин. Уәл Қуранил хаким», - деп бастап, «Ясин» сүресің толығымен оқып шығады. Алланың құдіреті «Ясин» сүресін аяқтағанда, бала да ана сүтін емуді тоқтатады екен.
Уақыт өте келе мұсылман әйелдің бұл амалы балаларының ислами тәрбиемен өсіп-жетілуіне және ілім иесі болуына үлкен септігін тигізе түседі. Балалары да ана сүтін ақтап, бір-бір ғалым дәрежесіне жетеді. Балаларының жетістігіне қуанған ана әрдайым Аллаға мақтау айтып, шүкіршілік жасайды. Балаларына да: «Ей, ұлдарым! Жеткен жетістіктеріңді, жақсылықтарыңды өзімдікі деп санамаңдар, оның барлығын Алладан берілді деп біліңдер. Мен тек сендерді «Ясин» сүтімен бағып-қақтым», - дейді екен.

Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деп өсиет еткен: «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға жасайтын игі салиқалы ұрпағынан басқа барлық амалы тоқтайды». Ал Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Қайтыс болған бір пенденің о дүниеде дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен», - дейді».

Балаға жақсы есім қойып, имани тәрбие беру ата-ана мойнындағы ең негізгі ақысы. Перзентінің алдындағы ақысын өтеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-ана екі дүниесінде бақыт құшағында болмақ. Жақсы тәрбиемен өскен перзент көзінің алдындағы ата-анасының жүзін жерге қаратпайды, перзенттік ақыларын орындап, разылығын алуға асығады. Тіпті дүниеден өтсе, перзенті дұғасынан тастамай, әр жақсы амалымен ата-ана рухына сауаптың үзілмеуіне себеп болады. Перзент –  аманат, ал олардың ақысына ден қою одан да үлкен жауапкершілік болып қала бермек. Аталарымыз «Анасын сүйгеннің баласын сүй», «Әке – асқар тау, ана басындағы бұлақ, бала жағасындағы құрақ» дей отырып, әке-шеше және перзент мұраттарын айқындап көрсеткен.

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру