Бала туған алғашқы күндерде орындалатын 8 амал

12 ақпан 2020 10465 0
Оқу режимі

1) СҮЙІНШІ СҰРАУ. Сәбидің аман-есен дүниеге келуі – сүйінші сұрауға тұрарлық қуанышты жаңалықтардың бірі. Мұндай кезде біреуі ата-әже атанып қуанса, екіншісі әке, ана деген ардақты есімдерге ие болып, өміріне елеулі өзгеріс енеді. Алла Тағала Құранда бала сұрап дұға тілеген пайғамбарын қуандырып: «Ей, Зәкәрия! Біз сені ұлмен сүйіншілейміз, есімі – Яхия. Бұған дейін ешкімді ол есіммен атамадық»[1], – дейді.  Алла Ибраһим пайғамбарды (ғ.с) бастапқыда бір ұлмен қуантқан. Бұл жайында Құран Кәрімде «Сонда Біз оны өте ұстамды бір ұлмен сүйіншіледік»[2], - десе, екінші ұлы дүниеге келгенде «...(Ибраһимнің әйелін) Исхақ және артынан Яғқубпен қуандырдық»[3], – деп баяндалады.

2) ҚҰТТЫҚТАУ. Перзентті болған адамды көргенде бiр кiсi: «Шабандоз құтты болсын!» – деген екен. Хасан әл-Басри оған: «Атқа шабарын немесе есек мінерiн қайдан білдiң?» – депті. Әлгі адам: «Қалай дегенiмiз дұрыс?» – дейді. Сонда Хасан: «Алланың саған берген сыйы берекелі болсын! Бұл сыйды берген Сыйлаушыға шүкірлік ет. Алла саған оның балиғатқа жетіп, жақсылықтарын көруіңді нәсіп етсін» деп айт», – деген екен.

3) СӘБИДІҢ ҚҰЛАҒЫНА АЗАН АЙТУ. Сәбидің құлағына алғашқы естілетін сөз Алланың есімі болуы үшін әрі сәби имандылыққа жақын болсын деген мақсатта оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылғаны жөн.

4) ТАХНИК ЖАСАУ. Әкесі немесе бір игі адамның құрманы шайнап, онымен сәбидің таңдайын сылауы сауабы мол сүннет амалына жатады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардың балаларының бірнешеуіне осылай жасаған. Әбу Бәкір әс-Сыддықтың қызы Әсма Меккеде көтерген баласын Мәдинадағы Құба деген жерде босанады. Баланы Алла Елшісіне (с.ғ.с.) алып келгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдына алып, оның аузына шайнаған құрмасын жағады. Яғни сәбидің ішіне кірген алғашқы ауқаты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеген құрманың сөлі болды. Сосын құрманы сәбидің қызыл иегiне жағып, оған береке тілейді.[4] 

5) АҚИҚА, ЯҒНИ ШІЛДЕХАНА ТОЙЫН ЖАСАУ. Алланың берген нәрестесіне шүкірлік айту мақсатында сойылатын малды «ақиқа» деп атайды. Туылған балаға арнап, оның атынан ақиқа сою (яғни қой сою) ләзім. Бұл көптеген ғұламалардың айтулары бойынша сүннет амалға жатады, яғни міндет емес. Бірақ орындасаңыз, сауапты әрі баланың өміріне жақсы әсерін тигізеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бала туылғанда ақиқа жасап, қой сойыңдар және оның шашын алыңдар»[5], – деген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы да: «Ұл балаға арнап екі қой, қыз балаға бір қой (сойылады)»[6], – деген. Ал ғұламалардың кейбiрi ұлға да, қызға да бір қой сою жеткілікті деген пікірді айтады. Ақиқа құрбандығын бала туғаннан кейін үшінші, жетінші, он төртінші күні немесе одан кешіксе, қалаған уақытта соя беруге болады.

6) КҮМІСТІ САДАҚА ЕТУ. Баланың шашын алып, салмағын өлшеп, сол салмақтың көлеміндей күмісті (ақшаны) садақа етсеңіз, сүннетке сай амал жасаған боласыз. 

7) АТ ҚОЮ. Бала туған күннен бастап оған жеті күн ішінде ат қойылады. (әлбетте, бұл жақсы есiм болуы шарт). Ат қоюды жеті күннен кешіктіру абзал істі орындамау болып саналады. Әнас ибн Мәликтен жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бүгін түнде ұлды болып, оны атам Ибраһимнің есімімен атадым»[7], – делінген.

8) ҰЛ БАЛАНЫ СҮНДЕТКЕ ОТЫРҒЫЗУ. Мұсылмандығының белгісі ретінде баланы сүндетке көп кешіктірмей ертерек отырғызған абзал.

 


[1] «Мәриям» сүресі, 7-аят
[2] «Саффат» сүресі, 101-аят
[3] «Һуд» сүресі, 71-аят
[4] Бұхари, Муслим
[5] Бұхари
[6] Тирмизи, Ахмад
[7] Муслим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру