Бала тәрбиесіндегі Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеттері

21 қыркүйек 2019 23928 0
Оқу режимі

Адамзаттың таңдаулысы (с.ғ.с.) бала өмірге келмей жатып-ақ оған қамкөңілділік танытатын. Баланың өмір есігін ашқанын қуаныш көретін. Туыла салысымен мұсылмандық тәрбие нышандарын жасайтын. Айталық, қызы Фатима (р.а.) босанып, немересі Хасанды алғаш көргенде, үстіндегі сары жаялығын шешіп, ақ жаялыққа ораған[1]. Бұл оның сәби жынысына сай түсті таңдағанын білдірсе керек.

Сәби туылғанда сүйінші беру

Алла Елшісі (с.ғ.с.) сәби туылғанда сүйінші бергенді ұнататын. Өзінің ұлы Ибраһим туылғанда, сүйінші сұрап келген Әбу Рафиға сый-сияпат тарту еткен[2]. Жаңа туған сәбиді құшағына алып тұрып, игі дұға тілейтін, сосын құрманың сөлін таңдайына жағып, алғашқы дәм таттыратын болған[3]. Айша анамыз (р.а.) бұл жайды: «Пайғамбарымыз өзіне әкелінген нәрестелердің әрбіріне береке тілеп, дұға оқитын», - деп еске алған[4].

Сәби үшін дұға жасау

Балаларды жүректің жемісіне (сәмәрәтүл-құлуб), көздің нұрына (құрратул-айн)[5] теңеген Мейірім жаршысы (с.ғ.с.) Абдуллаһ ибн Аббасқа бала кезінде: «Иә, Алла тағалам, бұған хикмет үйрете гөр!» деп дұға жасаған[6]. Ал, Әнәсқа (р.а.) байлығы мен бала-шағасының көп болуын, ұзақ өмір сүруін, берген садақаларының қайырлы болуын тілеген[7]. «Ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болады» деген Пайғамбарымыз бала тәрбиесінде Алладан тілек тілеп, дұға жасауда үлкен мән бар екенін осылай ұқтырып отырған.

Азан шақырып, ат қою

Нәрестелерге туыла салысымен ат қойған кездері болған. Бірақ, көбіне бұған нәресте туылғаннан кейінгі жетінші күнді дұрыс көрген. Сәбиге азан шақырып, ат қоюды ата-ананың балаға деген алғашқы міндетінің біріне жатқызған. Сондай-ақ, әрдайым балаға мағыналы, жақсы ат қоюға шақырған. Бұның мәнін «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар»,[8] – деп түсіндірген. Ең әдемі есімдердің қатарына Абдуллаһ (Алланың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) деген қос есімді жатқызған. Кей нашар аттарды мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды есімдерге өзгерткен.

Ақиқа құрбандығы және ана сүті

Немерелері Хасан мен Хүсейін (р.а.) өмірге келгенде, немерелі болғанына шүкіршілік білдіріп, арнайы құрбандық (ақиқа) шалған. Қызы Фатимаға (р.а.) сәбилердің үлпілдек шашын алып, алынған шаштың салмағындай садақа беруді тапсырған[9]. «Нәрестеге берілген сүт адамның болашақ табиғаты мен мінез-құлқын қалыптастырады»[10] деп, адал сүтпен қоректендірудің маңызын ұқтырған. Қандай да бір себеппен баланы басқа біреу емізген жағдайда, харамға ауыз салмайтын адал жанға табыстауға көңіл бөлуді аңғартқан.

Жылаған сәбиді жұбату

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылаған баланы жұбатуға да ерекше көңіл бөлетін. «Кімде-кім жылаған баласын жұбатуға тырысса, Алла Тағала жәннатта оған риза болғанға дейін нығметтерін үйіп-төгеді»[11] деген ол жамағатқа намаз оқытып тұрғанда, жылаған баланың дауысын естісе, намазды тезірек бітіруге тырысатын.

Бірде таң намазын әдеттегіден жылдам оқып бітіреді. Сахабалардың бірі бұған таңданып: «Уа, Расулалла, бүгін намазды неліктен жылдам аяқтадыңыз?» – деп сұрағанда, «Арт жақтан жылаған баланың дауысын естімедің бе? Анасы барып тезірек жұбатқанын қаладым»[12], – деген жауап естіген.

Үйіне кіре бергенде баланың жылаған дауысын естіп: «Мына бала неге жылап жатыр, көз тиюге қарсы оқытпап па едіңдер?»[13] – деп сұрағаны да бар.

Пайғамбарымыз балалардың кіш етіп қойғанына да түсіністікпен қарайтын. Бұл жайында Уммул-Фадл басынан өткен мына бір оқиғаны баяндаған:

«Мен Әлидің ұлы Хүсейінді емізіп жатқанымда Алла Елшісі (с.ғ.с.) қасыма келіп, баланы сұрады. Қолына ұстатқаным сол еді, сәби үстіне сиіп қойды. Баланы қайта алмақ болып қолымды соза бергенімде: «Асықпа, аяқтасын. Кедергі жасама», – деді. Ал, киімінің былғанған жерін сумен тазалап жіберді»[14]. Баланың еркінен тыс болған іске қабақ шытпайтын.

Баланы алдамау, берген уәдені орындау

Бірде Мәдинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а.) Пайғамбарымыздың үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:
– Балам, келе қойшы, саған бір нәрсе беремін, - дейді. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу одан:
– Ұлыңызға не бермексіз? - деп сұрайды.
– Құрма берейін деп едім, – дегенінде:
– Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, - деп ескерткен[15]

Сәбиге деген сүйіспеншілік

Алла елшісінің (с.ғ.с.) балаларға деген сүйіспеншілігі алабөтен еді. Он жыл қызметінде болған Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бала-шағасына Пайғамбарымыздан артық мейірімді жанды көрмедім»[16]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Балаларыңды көп сүйіңдер. Себебі, сүйген сайын жаннатта бір дәреже беріледі. Әрбір дәреженің ара қашықтығы бес жүз жыл. Періштелер әр сүйгендеріңді санап, жазып отырады»[17].

Бір күні Алла елшісі (с.Ғ.с.) немересі Хасанды өбектеп, сүйгіштеп отырғанда, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Ойпырым-ай, менің бір емес он балам бар, ешқайсысын әлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін», – дейді таңданып. Сонда Пайғамбарымыз: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік көрсетпейді»[18],- деген мағынада жауап қатады.

Намаз және перзент

Пайғамбарымыз (с.а.с.) балаларды райхан гүліне ұқсатып[19], ал иісін жаннаттың иісіне теңеген[20]. Немерелерін жиі-жиі қасына шақырып, бауырына басып, мейірлене иіскейтін. Тіпті, кейде оларды құшақтап, сүйгеннен кейін: «Иә, Алла Тағалам, бұларды мен жақсы көремін, Сен де жақсы көре гөр!»[21] – деп дұға ететін. Бөлмесіне ешкім кірмесін деген уақыттарда да немерелері кірсе қарсылық танытпайтын. Тіпті, мешітте жамағатпен намаз оқып жатқанда немерелері келіп ұмар-жұмар үстіне асылып ойнайтын.

Әбу Қатадә былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні жиен немересі Умамәні иығына отырғызған күйде мешітке келді. Жамағатқа намаз оқытты. Рұқуғқа иілгенде қызды жерге түсіретін, сәждеден тұрған кезде қайтадан алатын»[22]. Ханафи мәзхабының ғалымдары осы хадистен үкім шығарып, намаз оқып тұрған кезде осы секілді мәжбүрлік жағдайда артық қимыл жасауға болатынын айтады.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хүсейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да балаларды оң жағына отырғызады. Алла расулы сәждеге барған кезде сәждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулалла, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла Тағаланың әмірі ме?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың әмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім»[23], - деп жауап береді.

Басқа риуаяттарда хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) намазда сәжде жасағанда немерелерінің арқасына мініп алатыны, сәждеден тұрар кезде жайлап жерге түсіретіні, құлап кетпесін деп қолымен ұстап, рукуғ жасаған кезінде аяқтарын ашып тұратыны, намаз біткен соң оларды бауырына басып, сүйетіні жайлы айтылады. Кейде сахабалар бұндай сәттерде намазға кедергі жасамау үшін балаларды көтеріп алмақшы болған кездерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға тиіспеуге ым жасайтын. Намаздан кейін «Балаларды алып анасына апарайық» дегендерге де «Тиіспеңдер» дейтін. Біраздан кейін өзі немерелеріне «Аналарыңа бара қойыңдар», - дегенде, олар өз еріктерімен тұрып, үйлеріне қарай жүгіре жөнелетін.

Жұма күні бірде Пайғамбарымыз хұтба оқып жатқан болатын. Немерелері Хасан мен Хұсейін сүріне-қабына мешітке кірді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөйлеп жатқан жерінен тоқтап, мінберден түсіп, екеуін көтеріп алады да, мінберге қайта шығады. Екеуін алдына отырғызып: «Алла Тағала: «Балаларың мен дүние-мүліктерің сендер үшін сынақ»[24] деп қалай дұрыс айтқан. Олардың құлап-сүрініп келе жатқанын көрген кезде шыдай алмадым, айтып жатқан сөзімді бөліп, барып оларды құшағыма алдым»,[25] – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек қана өзінің балалары мен немерелерін ғана емес, сахабалардың да балаларын жақсы көрген. Усамә (р.а.) өзінің балалық шағындағы бақытты сәтін былай баяндайды: «Алла расулы бір тізесіне мені, екінші тізесіне немересі Хасанды отырғызды, сосын бізді құшағына қысып: «Уа, Жасаған ием, бұларға рақымдылығыңды төге гөр, себебі мен де оларға мейірімдімін», - деді»[26].

Баламен бірге ойнау

«Баласы бар баламен бала болсын»[27] деп өсиет қалдырған Пайғамбарымыз жас сәбилерге ерекше мейіріммен қараған. Кейде өзі де немелеріне ат болып, кейде иығына мінгізіп жүріп ойнатқан. Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Хасан мен Хұсейінді иығына отырғызып алып, көтеріп ойнатып жүргенін көрген Омар (р.а.) бұған қатты сүйсініп: «Әй, балақайлар, мініп алған сәйгүліктерің қандай тамаша!» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Олар да осал атқамінерлер емес»[28], - деп жауап береді.

Ұл-қыз деп алаламау

Пайғамбарымыз балаға «Алла тағаланың берген сыйы»[29] деп қарағандықтан, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қоғамды қыз баланы жек көрмеуге шақырып, «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім»[30] деген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Өзі сапарға шыға қалса, ең соңынан қызы Фатимамен қоштасып, оралғанында ең алдымен соған амандығын сұрап, кіріп шығатын[31]. Қызды қор көрмеуге шақырып, «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді»[32] дейтін. Қыз балаға мейіріммен қарауға шақырып, оның сауабы зор екенін білдіретін.

Осы орайда Айша анамыз (р.а.) тілге тиек еткен мына бір әңгіме өте мәнді. «Бірде маған бір әйел қайыр сұрай келді. Қасына ертіп алған екі қызы бар екен. Менде бары бір тал құрма еді. Әлгі әйел мен берген құрманы екі бөліп, екі қызының аузына тосты. Өзіне ештеңе қалдырмады. Олар кетіп қалғаннан кейін Пайғамбарымыз келді. Мен болған жайтты әңгімелеп бергенімде, «Кім өмірде қыздарымен сыналса, қыздарына жақсы қараған жағдайда қыздары ата-анасын тозақтан сақтайды»,[33] – деп еді.

Әркез отбасында балаларды бір-бірінен алаламауға шақырып, «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер»[34], «Бала алдындағы ата-ана міндеттеріңнің бірі – оларды алаламау»[35], - дейтін.

Бірде бір кісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында отырған кезінде, жанына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының бетінен сүйіп, оны алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы келеді. Қызын да шақырып, алдына отырғызады. Бірақ оның бетінен сүймейді. Бұны байқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екеуін теңдей көрмейсің бе?» – деп ескерту жасайды[36]. Осы тәрізді бірқатар хадистерді талдай келе, мұсылман ғұламалары «балаларға сыйлық бергенде ғана емес, еркелетіп, бетінен сүйген кезде де оларды алаламауға көңіл бөлу керек»[37] деген қорытынды жасаған.

Осы тұрғыда мына бір оқиға да ерекше мәнді. Нұғман ибн Бәширдің (р.а.) әкесі бір күні:
–Уа, Алланың елшісі, өзге балаларым да бар. Бірақ, Нұғманым бір төбе. Рұқсат етсеңіз, дүние мүлкімнің көбірек бөлігін Нұғманға бергім келеді», – дегенде, Пайғамбарымыз:
– Өзге ұлдарыңа да сол мөлшерде бердің бе?» – деп сұрады.
– Жоқ. Алла Елшісі басқаларына да ескерткісі келгендей көтеріңкі дауыспен:
– Алладан қорқыңдар, балаларға әділ қараңдар! - деді. Артынша Бәширге бұрылып:
– Сен әлде бар балаларыңның өзіңе бірдей құрмет көрсетуін қаламайсың ба? – деп сұрады.Ол:
– Жоқ, қалаймын ғой, – деп күмілжігенде,
– Ендеше, бұлай жасаушы болма, – деп қатаң ескерткен еді.[38]

Балалармен әзілдесу

Кейде балалармен әзілдескенді ұнататын. Хасанды еркелетіп лұқа[39] (бұзық), Әнасты Зүл-Ұзұнайн[40] (қос құлақты), ал кішкене бауырын Әбу Ұмайр[41] деп атаған. Махмұд ибн Рәби бес жастар шамасында Пайғамбарымыздың өзімен су бүркіп ойнағанын айтқан[42]. Бұл оның Ансарлық сахабалардың балаларымен әртүрлі әзілдесіп ойнағанынан туған[43].

Баланы жақсы көретіндігін әр түрлі жағдайлармен көрсетіп отыратын. Мекке-Мәдинаға келген кезінде алдынан жүгіріп шыққан балаларды көлігіне мінгестіріп алатын. Ибн Аббас риуаятында Меккеге келген кезінде өзін күтіп жүгіріп шыққан Абдулмұтталиб әулетінің балаларының бірін алдыға, бірін артына мінгестіріп алғандығы айтылады[44].

 

Баланың тентектігіне ашуланбай, сабырлылық танытқан. «Бала кішкене кезінде бұзық болса, бұл оның өскенде ақылды болатындығының белгісі»[45], – дейтін.

Баланың дұрыс жетілуі

Баланың физикалық жетілуіне де көңіл бөлетін. «Топырақ - баланың көктемі»[46] деп, апақ-сапаққа қалмай, баланың күн жарықта ойнағанын құп көрген[47]. Тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу, оң қолмен жеу, «бисмилламен» бастау, өз алдынан жеу деген секілді тамақтанудың әдебін, бұған қоса тән мен жан тазалығын үйретумен қатар, ер балаларға күрес, садақ ату, жүгіру, суда жүзуді игертуге шақырған. Жыныстық тәрбиені де назардан тыс қалдырмай, «Он жасқа толғанда қыз бен ұлдың төсегін бөлек салыңдар»[48], –  деген.

Қорыта келгенде, өз өмірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балаларға қатты көңіл бөліп, тәрбиеге үлкен жауапкершілікпен қараған. Баланы тәрбиелеу үшін мейірімділік танытуға, жақсы көруге, ақылмен еркелетуге, көңіл бөліп ойнатуға, адал несібемен бағып-қағуға, ұл-қыз деп алаламауға, ешқашан алдамауға, берген уәдені орындауға шақырған. Әр қылығына түсіністікпен қарап, жынысына сай тәрбие беруге көңіл аудартқан. Денесін шымырлыққа шынықтырумен қатар жастайынан иман негіздерін сіңіруге назар аудартқан. Ата-ана ретінде отбасында жақсы өнеге көрсетіп, баланы жастайынан тазалыққа, адамгершілікке, мұсылмандық әдептілікке баулуды үлгі еткен.

Құдайберді Бағашар


[1] Ибн Абдилбәрр, әл-Исабә фи тәмиизис-сахабә, 4-т., 337-338-б.
[2] Ибн Абдил-бирр, Әбу Омар Юсуф ибн Абдиллаһ ибн Мұхаммед (қ.ж. 463), әл-Истиаб фи марифатил-асхаб, Каир, 1328, ј.
[3] Муслим, Таһарәт, 101.
[4] Әбу Дәууд, Әдеп, 108.
[5] Фәтһул-бари, 11/255.
[6] Тирмизи, Мәнақиб, 50; Ибн Мажә, Муқаддимә, 11.
[7] Муслим, Фәдаилус-сахабә, 141-144; Тирмизи, Мәнақиб, 50.
[8] Әбу Дәуд, Әдеп, 70.
[9] Мустәдрәк, 3-т., 179-б.
[10] Фәйзул-Қадир, 4-т., 55-б.
[11] Дәйләми, Муснәдул-Фирдәус, II, 147-б.
[12] Ибн Хажәр, әл-Мәталибул-алия би зәуаидул-мәсанидис-сәмания, I, 122-б., Кувейт, 1973.
[13] Ахмед ибн Ханбал, Муснәд, VI, 72-б.
[14] әл-Хаким ән-Нисабури, әл-Мустәдрәк аләс-Сахихайн, III, 180-б., Хайдарабад, 1335.
[15] Әбу Дәуіт, Әдаб, 80.
[16] Бәззар, 5/а.
[17] Мүснаду Зәйд ибн Али 505.
[18] Әбу Дәуіт, Әдаб 156. (4/355).
[19] Айни, Ұмда 16/243.
[20] Мәжмау-зауаид, 8/156.
[21] Бұхари, Фәдаилүс-сахаба. 18 (5/30).
[22] Бұхари, Әдаб, 18 (8/8).
[23] Мүстәдрак, 3/165-166; Мәталибул-Алия 4/72 (3997 Х.).
[24] «Тәғабун» сүресі, 15-аят.
[25] Нәсәи, Жұма, 30
[26] Бұхари, Әдеп, 22.
[27] Дәйләми, Мүснәдүл фирдауси, ІІ, 1366.
[28] Мәталибүл-алия 4/72.
[29] Хаким, әл-Мүстәдрак, ІІ, 284.
[30] Дәйләми, Мүснәдүл фирдаус, 3а.
[31] Әбу Дәуіт, Тәрәжжүл, 21.
[32] Ибн Мажә, Әдәб, 3; Тирмизи, Бирр, 13.
[33] Бұхари, Зекет, 10.
[34] Әбу Даууд, (3544. Х.).
[35] Мүснәд, 4/269.
[36] Мәжмауз-Зәуаид, 8/156.
[37] Тирмизи, Ахкам, 30 (1387 х.)
[38] Бұхари, Хибә, 12-13; Нәсаи, Нухл, 1; Тирмизи, Ахкам, 30; Ибн Мажә, Хибә, 1; Тайалиси, 1/280.
[39] Мүснәд, 2/532. Әдәбүл-мүфрәд, 404 (1183. х.)
[40] Әбу Дәуіт, Әдеп, 92 (4/301, 5002. х.)
[41] Тирмизи, Бирр 57 (6/206, 1990 х.)
[42] Бұхари, Илм 18 (1/29).
[43] Ибн Хажар, Фәтхул-бари, 1/182.
[44] Бұһари, Ұмра, 13/(3/9).
[45] Фәйзул-қадир, 4/310.
[46] Фәйзул-қадир, 3. 281.
[47] Шәрху Мүслим, 13/186.
[48] Әбу Дәуіт, Салат, 25.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру