Әйюб (а.с.) пайғамбардың денесі шіріді деу - үлкен қателік

06 ақпан 2019 9690 0
Оқу режимі

Әйюб (ғ.с.) – Ысқақ пайғамбардың Айыс деген перзентінің баласы. Әйюб пайғамбар атасы хазірет Ысхақтың берген батасының арқасында шаңырағына көп берекет дарып, шаңырағы балаға, өрісі малға, қамбасы астыққа, сандығы алтынға толыпты. Кейбір деректерде жары Рахима Жүсіп пайғамбардың (а.с.) қызы екендігі айтылған. Хазірет Әйюбтың ең үлкен сынағы осы көл-көсір байлығы еді. Алайда ол дүниеге еш құмартпады. Хақ тағалаға құлшылық жасауды, Алланы дәріптеуді ол бәрінен жоғары қоятын. Кейіннен хазірет Әйюбқа осынша байлығы өз алдына, Шам жақтағы бір елді дінге шақыру үшін пайғамбарлық уазипасы берілді.

Ол сабырлығы мен Хаққа деген іңкәрлығымен танылған пайғамбар еді. Алла Тағала ел ішінде сынақ қылу үшін, оның барлық байлығын қайтарып алды. Бір жолғы апат төрт түлік малынан тышқақ лақ та қалдырмай жұтып кетті. Алтындары түгіл бала-шағасы қырылып, шаңырағы ортасына түсті. Алайда осының бәріне сабырлық танытқан хазірет Әйюб ешкімге мұң шақпады. Қара халық мұның осы қылығына қатты қайран қалып, бастарын шайқады.

Алла Тағала: «Оның қаншалықты ықыласты, рухы биік адам екенін көріңдер» дегендей, Хақ пайғамбарды адам жаны күйзелетін дертке шалдықтырды.

Пайғамбарларда жұқпалы ауру яки сырт көзге жиіркеншті дерт болмайды. Олардың бір ерекшеліктері – сырт көзге тартымды болулары қажет. Жай ғана жараның өзі олардың осы ерекшеліктеріне қайшы келеді. Өйткені олар пайғамбар болғандықтан, қасына келген адамдарды шошытпай, қашан да дене-бітімімен де өзіне тартып тұруы тиіс. Сондықтан олардың тәнінде қандай да бір кемістік болмайды.

Әйюб пайғамбардың (ғ.с.) науқасы да осыған сай науқас еді. Осы науқасын кейбір кітаптарда «денесінде құрт қаптап, кеулеп жеп жүрді» деп берілген. Бұлай деп ойлау үлкен қателік. Оның дерті – пайғамбарлыққа жарасар дерт. Әйтсе де осы дерті күннен күнге меңдеп, жанына қатты батқаны сол, оны көрген адамдар қасында көп тұра алмайтын. Бұрын соңды болмаған мұндай дертті көрмеген халық оған жаны ашып жүректері ауырса да, көңілін сұрап баруға дәті шыдамайтын болды. Қасында сүйген жары – Рахима ғана қалып, күндіз-түні жанынан бір елі айырылмай, күтімін жасады. Қолы қалт еткенде, жеңіл-желпі жұмыс жасап, күн көріс нәпақасын тауып отырды. Осыған орай бір күні Рахима әлдебір шаруалармен сыртқа шығып кеткен болатын. Сол мезгілде хазірет Әйюбтың (ғ.с.) дерті қатты асқынып, жаны қысылып әйелін көмекке шақырды. Оған жауап қайтарған әйелі болмады. Осылайша сүт пісірім уақыт өтті. Жаны қиналған Әйюб (ғ.с.) қатты ашуланып: «Осыдан дертімнен айықсам, оған жүз дүре соғамын», – деп ант етті.

Ауыр дертке шалдыққан Хақ пайғамбар азаптан арыла алмай Алла Тағалаға сабырлық көрсетіп, жаны қанша қиналса да, құлшылығы мен зікірін азайтпады. Қайта уақыт өткен сайын, Жаратқанға деген сүйіспеншілігі, сабырлығы, құлшылығы һәм жақындығы арта түсті.

Бұл кездері шайтан да қарап қалмады. Мың түрлі айламен оны, азғыруға тырысты. Ібіліс оған: «Сен ілгеріде төрт түлігің сай, төрт құбылаң түгел, бала-шағаң көп, дүниесінің есебін білмейтін осы аймақтың атақты байы едің. Енді жатқан жатысың мынау. Байлық тұрмақ дені-басың да сау емес», – дейді. Сонда хазірет Әйюб: «Олардың иесі мен емес жаратқан Раббым ғой. Ол өзі берді, өзі алды. Ол өз мүлкін қайда қоям, қайда берем десе өз еркінде. Біз Оны емес, Ол бізді сынайды», – деп жауап береді. Ол Алла Тағалаға сыйынып: «Раббым! Рас мені шайтан бейнет пен қинауға ұшыратты»,[1] – деп жалбарынды.

Қалмахан Сейітұлы


[1] «Сад» сүресі, 41-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру