АЙТТЫҚ

29 қаңтар 2024 2014 0
Оқу режимі

Мұсылман қауымының қадірлейтін мерекесі - Айт күндері үлкендер кішіге айттық ұсынады. Айттық дегеніміз заттай, ақшалай беретін сый-кәде.

Айтта балалардың жақындарынан айттық сұрауы ешбір мін емес, қайта жөн болады. Әсілінде, үлкендер айттықты сұратпай-ақ өздері береді.

Балаларды қуантып, мерекенің мерейін асырады. Айт күндері көңілді, шад-шадыман жандар көп болса, мейрамның да мәртебесі көтеріле береді, адамдардың бір-біріне деген ізет-құрметі, ілтипаты еселене түседі.

Айттықты кішінің де беретін тұсы бар. Қыздар әкелеріне, ағаларына тақия тігіп, беторамал кестелеген екен. Сыйлық зат шағын болғанымен елеп-ескеріп, атын арнайы атап арнаудың жолы үлкен болған. Ыстық-суығы басылмаған жас жұбайлар да өзара айттық беріскен.

Сол секілді ұнатқан қызына көңілін жеткізе алмай жүрген жігіттің батылданып қалатын бір ұрымтал тұсы осы Айт күндері екен. Қызға айттық ұсыну желеуімен өзінің жүрек сезімін білдірген. Айттықты алмай қоюға немесе қайтаруға болмайды. Ол қасиетті мерекені сыйламағандық болып есептеледі.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру