«АЯТ» СӨЗІ ҚҰРАНДА ҚАНДАЙ МАҒЫНА БЕРЕДІ?
«Аят» сөзі араб тілінде «мұғжиза», «ишарат», «анық белгі», «дәлел», «ғибрат» деген бірнеше мағыналарды білдіреді. Бұл сөз Құран Кәрімде аталмыш мағыналарда жекеше және көпше түрде 382 жерде қолданылған. Осы сөздің Құран Кәрімде келген мағыналарына тоқтала кетейік:
«Мұғжиза» мағынасында: «Исрайыл ұрпақтарынан сұра! Оларға қаншама анық аяттар (мұғжиза) бердік» (Бақара сүресі, 211-аят).
«Дәлел», «айғақ» мағынасында: «Көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алмасуында сөзсіз көкірек көзі ояу жандар үшін аяттар (дәлелдер) бар» (Әли Имран сүресі, 190-аят).
«Ғибрат» мағынасында: «Сенен кейінгілерге аят (ғибрат) болуы үшін бүгін денеңді құтқарамыз» (Юунус сүресі, 92-аят). «Расында, мұнда бір аят (ғибрат) бар. Бірақ сонда да басым көпшілігі сенбейді» (Шұғара сүресі, 174-аят).
«Белгі» мағынасында: «Оның патшалығының аяты (белгісі) – Раббыларың тарапынан, көңілге тоқтау болатын сандықтың келуі» (Бақара сүресі, 248-аят).
«Таңғажайып іс» мағынасында: «Мәриямның ұлын да және оның анасын да аят (таңғажайып іс) қылдық» (Муминун сүресі, 50-аят).
Құран аяттарының барлығы мұғжиза. Ол – Алланың бар екендігіне және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) пайғамбарлығына дәлел. Сонымен қатар көкірек көзі ашық адамдар үшін ғибрат аларлық, құлақ салып тыңдағандарға таңданарлық нәрсе, әрі тура жолдың белгілері бар.
Тәпсірші ғұламалар аят сөзінің терминдік мағынасын «Аят сүрелердің ішіндегі басы мен соңы белгіленген әріп, сөз, сөйлем немесе бірнеше сөйлем» деп түсіндіреді. Аяттардың көбісі бір немесе бірнеше сөйлемнен яки жеке дара сөйлем құрамайтын аяттардан құралады. Сондай-ақ, сүрелердің басында келген кейбір әріптер де аят ретінде саналған.
Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан