АТ ТЕРГЕУ ДӘСТҮРІ

14 тамыз 2024 1293 0
Оқу режимі

Келін сыны- ат тергеу

Қазақ халқының ат тергу дәстүрін келіндер атқарады. Бұл келіндердің үлкенге көрсеткен үлкен өнегелі құрметті болып саналады және келінің ибалы, иманды, арлы, ақылды, көргенді, білімді келін екенін көрсетеді. Келінің текті жерден шыққаны, жөн-жосынды білетіні сол ат тергеу дәстүрін толық атқаруынан аңғарылады. Бұл дәстүрде келіндерге ата-ене, қайын жұрт, туыстар мен ауыл адамдарымен қарым-қатынаста ерекше құрмет көрсетуді талап етеді.

Ат тергеу дәстүрі деген не?

Ат тергеу - қазақ келіндерінің қайын жұртындағы үлкендерге және туыстарға олардың есімдерін атамай, ерекше атау қою дәстүрін- “Ат тергеу” деп атайды. Бұл дәстүр келіннің ата-енеге, қайын жұртқа құрметін білдіреді. Әдетте келін өз қайын жұртындағы үлкен-кіші, ер-әйел, қыз-жігіттердің атын тіке атамай, оларға лайықты жарасымды ат қойып тергеп, басқаша жанама атаулармен атайды. Бұл келіндер атқаратын өте өнегелі дәстүр.

Ат тергеу қалай жүзеге асады?

Ат тергеу – қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туыс-туғандарының атын турасынан атамай, оған лайықты ат, жарасымды есім тауып қояды. Мысалы Аюбай болса – Қорқытбай деп, Қасқырбай болса – Ұлыма, Түлкібай болса – Қулықбай, Қайрақбай болса – Жаныма, Қозыбай болса – Маңырама, Тышқанбай болса – Қаптесер деп атаған. Қазақ келіндерінің иба сақтап, ұяла жасқанып, өздеріне жанай қойған атын, есімін «ат тергеу» деп атаған

Ат тергеу кезінде келіннің әрбір отбасы мүшесіне жеке беоген атауынан, келіннің тапқырлығы, сөйлеу мәдениеті және отбасылық қарым-қатынастарға, білімділігі мен сақтаған ибаллы іс-әрекеті сыналады.

Мысалы:

Келін ата-енесіне "ата", "әже" деп, қайын ағалары мен әпкелеріне "аға", "әпке" немесе "құда", "құдағи" деп атайды.

Егер есімін айту қажет болған жағдайда, келін сол адамға лайықты сипаттама береді. Үлкенді "Ақсақал", "Жездем", "Қайнаға" , “Тау ата”, “Кіші апа”т.б.атаулар тауып атайды.

Ал жасы құрдас не кішілерге қатысты да сипаттамалар қолдануы мүмкін, мысалы, "Кішкене бала", "Қара қыз", "Ақ келін" ,

“Еркем”,”Сылқымым”т.б. атаулармен атаса, онда ол келінді әдепті келін-әдемі келін деп бағалайды.

Егер, ол келін қайын жақтағы туыстарына жарасымды ат тауып айта алмай, аузына келген атаумен атаса, не аттарын тікке айтып шақырса, ол келін сынақтан өтпей

“Көренсіз келін”, “Әдепсіз келін-ұятсыз келін” атмлып бүкіл ауылдың үлкендерінен сын естиді.

Ат тергеудің маңызы

Ат тергеу дәстүрі бірнеше маңызды функцияларды атқарады:

1. Құрмет көрсету:

Келіннің қайын жұртқа құрметпен қарауы.

2. Әдептілік:

Келіннің өз ортасында әдепті, сыпайы болуын қамтамасыз етеді.

3. Отбасы байланысын нығайту:

Отбасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға, берік және сыйластыққа негізделген байланыстарды қалыптастыруға көмектеседі.

4. Тәрбиелік мәні:

Бұл дәстүр арқылы жас ұрпақты үлкендерді сыйлауға, әдептілікке, мәдениетке тәрбиелейді.

Ат тергеу туралы аңыз

Қазақта «ат тергеу» туралы мынадай аңыз бар. Ертеде Аюбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Қозыбай, Пышақбай, Қамшыбай, Ертісбай деген ағайынды жеті адам өмір сүрген деседі. Олар бір күні үлкен үйге жиналып, әңгіме дүкен құрып отырса, ауыл иттері өзен жаққа қарап үріп, дүркірей жөнеледі. Сонда есік жақта үй жұмысымен күйбеңдеп жүрген кіші келініне төрде отырған Аюбай:

– Балам, келінжан, иттер неге өрекпіп қоя берді? Не болып жатыр екен, далаға барып қарап келші, – депті.

Келін далаға шығып қараса, бір қозыны қасқыр енді ғана тамақтағалы жатыр екен. Сонда сасқалақтаған келін үйге қайта жүгіріп келіпті де:

– Қорқытбай аға, сарқыраманың бергі жағында, сылдыраманың арғы жағында маңыраманы ұлыма жаңа ғана тамақтағалы жатыр, білемені, сүйкемеге сүйкеп-сүйкеп жіберіңіз де, маңыраманы бауыздай қойыңызшы, арам қатып қалып жүрмесін, – депті.

Міне, осындағы келіннің тапқырлығында, шешендігінде шек жоқ. Бәрін турасынан атамай, жанамалай білдірген білімді келінді, бір уақытта ғана бәрін айтып, бәрін салт бойынша жеткізіп үлгерген келінді “Үлгілі” , “Өнегнлі” келін деп атап кетіпті.

ҚОРЫТЫНДЫ

Ат тергеу дәстүрі қазақ халқының әлеуметтік және мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл дәстүр келіндердің отбасындағы орнын айқындап, олардың үлкендерге деген құрметін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл мынау жаһандасыу дәуірінде, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің бірден-бір жолы болып табылады.

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру