Аса қауіпті түн!

18 маусым 2019 7485 0
Оқу режимі

Жатар алдында не істейтіндігімізді бір еске түсірейікші: е-майл поштамызды тексеру, әлеуметтік желілердегі жазбаларға соңғы рет қарау, крем жағу, интернетке кіру, дәрі-дәрмектерімізді қабылдау… Тізімге басқа да нәрселерді көптеп жазуға болады. Бірақ осы дағдыларымызға жаңаларын да қосуға болады. Олар осыдан 14 ғасыр бұрын Ғаламға рақым жаршысы ретінде келген Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мақұлдаған істері. Айталық, төсекке жатпай тұрып – дәрет алу.  «Ясин» және «Сәжде» сүресін оқу немесе тамақтың бетін жабу – осылардың қатарындағы істердің кейбірі ғана. Бұларды істеп жүргенде ұйқым қашып кетер деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда оған небары 20-25 минут қана кететінін әрі оның ақыретке жасалған салым екенін ескерген дұрыс.

Оба жауатын түн

Рақымдылық жаршысы пайғамбар (с.ғ.с.) төсекке бас қоярда бисмилланы айтып барып, есікті жабу керектігін ескерткен. Өйткені шайтан бисмилламен жабылған есікті аша алмайды. Бұдан бөлек, тақтаймен болса да бисмилла айтып су немесе тағам салынған ыдыстардың бетін жабуды ұсынған. Ғалым Ибн Хажар бір тақтаймен болса да ыдыстың беті жабылуы керектігін былай түсіндірген: «Меніңше, бұндағы сыр сол тақтаймен жабарда айтылатын бисмиллә сөзінде жатыр. Бетінің тақтаймен жабылуы сол мезет бисмилла деп айтылғандығының белгісі. Беті жабық болғанынан осыны түсінген шайтандар әлгі ыдысқа жоламайтын болады».

Басқа бір хадисте: «Жылына бір түн бар, сол түнде оба жауады. Егер беті ашық тағам немесе су ыдысына дәл келсе, әлгі оба міндетті түрде оған да жұғады»6 – деген. Бұл түннің қай түн екендігінің айтылмауы ыдыс беттерін барлық түндерде жауып жүруге мән беру керектігін білдіруде. Бұған қоса, беті ашық ыдысқа сәт сайын көзге көрінбейтін шаң мен микроп түсетіні де күмәнсіз.  

Тістерімізді тазалайық

Ұйықтамай тұрып тістерді мисуакпен я щеткамен ысқылау да – Ғаламның мақтанышы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Ол кісі қай кезде жатпасын (тұрған кезінің өзінде де) міндетті түрде дәрет алмай тұрып, әуелі тісін мисуакпен тазалайтын.

Дәрет алайық

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне дәрет алып барып төсекке жатуға кеңес берген. Әрі «Дәрет алғаннан кейін жастығына бас қойып, ұйқысы келгенге дейін Алланы зікір еткен адам түннің қай уақытында оянып, Алладан дүние мен ақырет жақсылығына қатысты не сұраса да, сол тілегені міндетті түрде беріледі», – деген. Бұдан бөлек, «Жатар кезде намаз үшін дәрет алғаныңдай дәрет ал. Содан кейін оң жақ бүйіріңмен жат және былай де: «Алла Тағалам, өзімді саған тәсілім еттім, істерімді өзіңе аманаттадым. Өзіңе үміт артып әрі қорқа отырып, Өзіңе арқа сүйедім. Өзіңнен алыстасам да қайта өзіңді пана тұтамын. Аллам, түсірген кітабыңа және жіберген нәбиіңе иман еттім». Егер сол түні өліп кетсең, иманмен өлген боласың. Ұйықтар алдында айтқан соңғы сөздерің осылар болсын», – деген.

«Ясин» сүресін оқиық

Расулалла (с.ғ.с.) жатпай тұрып, Құран кәрімнен кейбір аят пен сүрелерді оқитын. «Бақара» сүресінің бастапқы бет және соңғы үш аяты (Әманар расулу), Аятул курси, Ясин, Сәжде, Мүлік пен Кафирун сүрелерін қирағат ететін.

Төсекті бір сілкіп, тазалаған дұрыс

Ардақты елші (с.ғ.с.) жамандықтардың алдын алу үшін кейбір сақтық шараларын жасап, солай істеу керектігін білдіретін. Айталық, қарауыл қойылмаған тамда ұйықтауға тыйым салып, ұйықтамай тұрып әуелі үйлердегі от пен жарықты сөндіру керектігін айтқан. Жатын орынға бір қарап, қандай да бір зиянды жәндіктің бар-жоғын бақылауды «Әлдебірің төсекке жатарда киімінің бір шетімен төсегін сілкісін. Өйткені өзі тұрып кеткеннен кейін төсегіне қандай зиянкестің кіргенін біле алмайды» деп ескерткен.

Бердібек Мәсенов

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру