АҚЫРЕТТЕ ӨЛІМ ЖОҚ
Әбу Са’ид әл-Худри (р.а.) риуаяты бойынша, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді:
«Қиямет күні жұмаққа баратындар жұмаққа, тозаққа баратындар тозаққа ажырағаннан соң, өлім ала өңді қошқар ретінде әкелінеді.
Хабаршы шығып:
«Уа, жұмақ халқы» - деп дауыстайды. Жұмақтықтар дереу мойындарын бұрып, бастарын көтеріп қарайды. «Мынаны танисыңдар ма?»- деп сұрайды. Жұмақ халқы оны көріп, «Ия, білеміз, бұл - өлім» - дейді.
Содан соң әлгі хабаршы:
«Ей, жәһәннәм халқы» - деп қатты дауыстайды. Олар да бастарын көтеріп, қорқынышпен қарайды.
Хабаршы: «Мынаны танисыңдар ма?» - деп сұрайды.
Барлығы оны көріп:
«Ия, білеміз, бұл - өлім» деп жауап береді.
Артынша қошқар кейпіндегі өлім жұмақ пен тозақ арасында бауыздалады.
Әлгі хабаршы:
«Уа, жәннат халқы, жәннатта мәңгі боласыздар. Бұдан былай өлім жоқ. Ей, жәһәннамдықтар, сендер де бұл жерде мәңгі қаласыңдар. Сендерге де өлім жоқ»- деп айтады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) осыны жеткізгеннен кейін мына аят кәрімді оқыды:
«(Мұхаммед) ол иман етпеген қасиетсіздерді қасірет күнімен қорқыт. Өйткені, олар үшін азап үкімі кесілді, алайда өздері әлі де бұдан ғапылдықта. Олар бұған сенбейді». (Мәриям сүресі, 39 -аят).