ӘҢГІМЕНІҢ САБАҒЫ

21 қараша 2024 201 0
Оқу режимі

Оқиға миқайнатар ыстық өлкеде болса керек. Бір деревняға сырттан бір саудагер келіп, әр маймылды 10 доллардан сатып алатынын мәлімдепті. Тоғайда маймылдың өріп жүретінін білетін ауыл халқы шаруасын тастай салып, жаппай маймыл аулап кетеді. Саудагер әрқайсына 10 доллардан төлеп мыңдаған маймыл сатып алады. Орманда маймыл азайып, оны ұстау да қиындай бастаған тұста саудагер нарықты қыздырып, маймыл бағасын 20 долларға дейін көтеріпті.

Есі шыққан ел күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытып, тайлы-тұяғы қалмай орман кезіп кетеді. Көп ұзамай деревняда азық азайып, ашқұрсақ халық амал жоқ егіс даласына орала бастайды. Сол кезде саудагер маймыл бағасын 50 долларға өсіреді. Ел не тәуекелге барып маймыл аулауды, не ауылшаруашылығымен айналыса беруді білмей.., бірақ 50 доллар туралы ойлаған сайын, көз алдында бекерге су боп ағып жатқан байлық елестеп, не істерін білмей, басы даң боп жүріп жатады...

Сол шамада саудагер шұғыл шаруалармен қалаға кететін боп, орнына орынбасар етіп өз адамын қойып кетеді.

Орынбасар әлгі саудагер қожайынына қарағанда ақкөңілдеу әрі дархандау жігіт екен.., тез байып кеткісі келетін жұртқа қора-қора маймылды небары 35 доллардан сатып алуға астыртын ұсыныс жасайды.

- Уа, халайық! - дейді, орынбасар, - Мына мыңғырған маймылдарды көріп тұрсыздар. Өздеріңіз бұл мақұлықтарды қалай аулағандарыңызды да ұмыта қойған жоқсыздар...

Менің ұсынысым - қожайын қаладан келгенше осы маймылдың бірін қалдырмай, 35 доллардан сатып алсаңыздар, ол келген соң, әр маймылды 50 доллардан өзіне сатып.., бір түнде байып шыға келмейсіздер ме?!.- дейді.

Көктен іздегені дәл аяғының астынан табылған қара тобыр жаны қалмай, жүгіріп жүріп (бірі жерін, бірі үйін сатып, банкке кепілге кіріп) мыңғырған маймылды бір-ақ күнде талап әкетеді. Сөйтіп, деревня жұрты қас пен көздің арасында 700 мың долларға сауда жасайды...

- Алайда, сол күннен бастап ауыл адамдары, жер тырмалап өз күнін әзер көріп отқан қара тобыр саудагерді де, оның орынбасарын да көрмепті дейді. Есесіне, әр үйде қыруар мың доллар қарыз бен түкке қажеті жоқ, шыңғырған маймылдар ғана қалыпты :

БҰЛ ӘҢГІМЕНІҢ САБАҒЫ: әр нәрсеге еліте бермей, «тез баюды емес, жылдам кедей боп қалмауды естен шығармаңыз!» дегенді меңзейді екен.

Біздің кейбір сауатсыз ермегүлдердің тірлігіне ұқсайды екен. Жарқанаттың ұясын іздеп кеткендерге. Ескі тоңазытқыш, ескі гир іздеп, есек іздеп, көршісінің есегін ұрлап сатып байып кетеміз деп, сол үшін қырылғандарды да ұмытқан жоқпыз әлі....

Қанат Ескендір

Пікірлер Кіру