АМАЛДАРДЫҢ АЛЛАҒА ҰСЫНЫЛУЫ

07 ақпан 2024 1691 0
Оқу режимі

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадис бойынша әркімнің жақсы-жаман істері, тіпті ішіп-жегені, айтқаны, көргені мен тыңдағаны жазылып, Аллаға ұсынылады. Амалдардың ұсынылуы екі жолмен жүзеге асады. Бірі – таңертең және кешке жүзеге асатын жалпы ұсыну. Екіншісі – дүйсенбі және бейсенбі күндері болатын арнайы ұсыныс.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері (Аллаға) ұсынылады. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде ұсынылуын қалаймын».

«Сахих Мүслимде» Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) риуаят еткен хадисте түнде жасалған амалдар сол түнде ұсынылып, күндіз жасалған амалдар сол күні Аллаға жан-жақты ұсынылатыны айтылған. Шағбан айының 15-ші түні (яғни, Бараат түні) мен Қадір түнінде  кісінің жыл бойы жасаған амалдары ұсынылады.

Бұған қатысты мынадай  риуаят бар. Амалға жауапты періштелер ауысып қызмет атқарады. Олардың кейбіреулері дүйсенбіден бейсенбіге дейін амалдарды жазып, бейсенбі күні аспанға көтеріледі. Енді бірі бейсенбіден дүйсенбіге дейін жазып, дүйсенбіде аспанға көтеріледі. Әр топ аспанға көтерілген кезде, жазып алған амалдарын Аллаға ұсынады. Дегенмен, ғайыптан толық хабардар Алла құлдарының барлық істерін біледі. Оған періштелердің хабарлауы, ұсынуы қажет емес. Өйткені Алла уақыт пен кеңістікке мұқтаж емес. Болып кеткен және болатын барлық нәрседен хабардар, ұмыту және қателік дегеннен ада. Амалдарды періштелердің ұсынуының сыры болса, ақыретте белгілі болмақ.

 

Пікірлер Кіру