«Алла сабырлыларды жақсы көреді»
Адам бойындағы мінездің көркемдене түсуіне үлкен септігін тигізетін қасиеттің бірі – сабыр. Сабырлылық таныта білу – өз-өзіңді тәрбиелеу, «менменсіген» нәпсіні құрықтау, бойдағы қайраттылықты нығайту болып табылады. Сабыр – иманды күшейтеді, айналадағы әрбір кереметке, Алла жаратқан әр жаратылысқа сүйсінген көзқараспен қарауға үйретеді, жамандықтан ада етіп, рухани тазалық сыйлайды. Осы мақаламызда сабырдың берер пайдасы жөнінде нақтырақ, жеке-жеке тоқталып өткеніміз жөн болар.
Сабыр – иман қалқаны дейді ғалымдарымыз. Жүректегі иманның толысуы да адам баласы сабырының қаншалықты салмақты екеніне тікелей байланысты болады. «Әли Имран» сүресінің 146-шы аятында: «Алла сабырлыларды жақсы көреді», – делінген. Сондай-ақ, «Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз»[1] екенін де Құдіреті шексіз Алла Тағала қасиетті Құран арқылы өз құлдарына сүйіншілей хабарлайды. Сабырлылық танытудың ғалымдардарымыз бірнеше түрге бөліп қарастырады.
ЖАҚСЫ АМАЛ ЕТУ ҮШІН САБЫРЛЫҚ ЕТУ.
Иә, құлшылық ету үшін де сабырлық қажет. Ораза ұстау, түнгі намазға тұру, тіпті, бес мезгіл алған дәретіміздің өзі сабырлыққа жатады. Алла Тағала: «Мен жындар мен адазатты құлшылық ету үшін жараттым», – дейді «Зарият» сүресінде. Бір нәрсені есте сақтау керек, жүрек Раббысы Алла Тағаланы еске алғанда ғана тыныштық табады.
КҮНӘ ІС ЖАСАМАУҒА САБЫРЛЫҚ ЕТУ.
Алла құп көрмейтін нәрселерге назар салу – күнәлардың бастау алуына алып келеді. Көз арқылы жасалатын күнә – Ібілістің улы оқтарының бірі болып саналады. Осы жөнінде «Нұр» сүресінің 30-шы аятында былай делінеді: «Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас, Алла олар не істегендерінен хабар алушы». Жаратушы Иеміз Алла Тағала қаһарынан қорқып, харамға назар салуды доғаратын болса, Алла оған кемелденген Иман нәсіп етеді, сөйтіп, ол Иманның ләззатын жан жүрегімен сезінетін болады. Иә, харамға көз түсіру – жүрекке қадалған оқпен тең.
АУРУҒА САБЫРЛЫҚ ЕТУ.
Кейде Алла Тағала өзінің сүйікті құлдарын ауру беріп те сынайды. Бұған жиіркенерліктей ауруға шалдыққан Аюб пайғамбардың (ғ.с.) өмірі өнеге бола алады. Оның тақуалығының кемелдігі соншалықты, басына түскен қиыншылықты үлкен сабырлылықпен жеңе білген. Оның сабырлығы жөнінде Алла Тағала Құранда: «Шынында, оны сабырлы көрдік. Ол не деген жақсы құл! Өйткені, ол өте бойұсынушы»,[2] - дейді. Денсаулыққа зиянның келуі сабырсыздықтан да болып жатады, ал, Алла тарапынан сынақ ретінде келген ауру түрлері шынайы мүмін үшін үлкен құрмет екені белгілі. Осыған байланысты хадистердің бірінде былай делінген: «Алла Тағала айтады: «Егер Мен құлымның екі сүйіктісін (екі көзін) алып сынасам, ал ол оған сабыр етсе, онда Менің тарапымнан ол үшін оның сауабы – жәннат болады»[3].
ҚИЫНШЫЛЫҚҚА САБЫРЛЫҚ ЕТУ.
Әлбетте, Алла сүйген құлдарына «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой», – дейді. Сонымен қатар: «Әй, мүміндер! Сабырлылық танытып, намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз, Алла сабыр етушілермен бірге», – дейді «Бақара» сүресінің 153-аятында.
Сабыр деген дәмі ащы дәрі секілді, ауруға шалдыққан жанның ішін күйдіріп, шыдатпас қиындық көрсетеді. Алайда, адамның бойын түрлі зиянкестерден емдеп, нәтижесінде шипасын молынан береді де, адамды адам қалпында сақтап қалуына зор ықпалын тізеді.
Сабыр ету жайында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бізге мұра болып қалған хадистерден көптеп кездестіруге болады. Әбу Яхия Сухайб ибн Синан (р.а.) ол Алла елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Мұсылманның жайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген жайында игілік бар және бұл мұсылманнан басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында игілік бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған да сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне игілік болып оралады»[4].
Шыдамсыздық – Иманды әлсіретеді. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, әр нәрсеге сабырмен қарар болсақ, кез келген белестерді бағындара алатынымыз сөзсіз.
[1] «Зүмәр» сүресі, 10-аят.
[2] «Сад» сүресі, 44-аят.
[3] Бұхари.
[4] Муслим.
Дереккөз: muslim.kz