«Алла қайда?» деген сахабаларға аят түскен

22 желтоқсан 2020 9424 0
Оқу режимі

Имам Абдурраззақ әс-Санъани (126-211 һ.ж.) (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсір кітабында мынадай бір хадисті келтіреді:

«Бізге Жағфар ибн Сүлеймен ол Ауфтан ол әл-Хасаннан оның былай айтқанын жеткізеді:

«Сахабалар Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.):  «Біздің раббымыз қайда?» - деп сұрайды. Сонда Алла Тағала мына аятты түсіреді: «(Мұхаммед с.а.с.) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» («Бақара» сүресі, 186-аят)[1].

«Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса былай деп жауап бер: Мен шынымен өте жақынмын, маған дұға жасағанда, дұға жасаушының тілегін қабыл алам, оның тілегіне қалай да болса бір жауап берем», – деген. Яғни Алланың «жақынмын» дегені «тез арада қабылдаймын» дегені. Жер жақындығы, уақыт тағы басқа өлшеммен есепке алынатындай жақындық емес.

Алла естімей қала ма деп, ғибадатында және дұғасында дауыстап айқайлап, бақырып-жақыруға рұқсат жоқ.

Бір соғыста сахабалар айқайлап тәкбір айтып, дұға жасап отыр еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сіздер кереңге немесе жоқ нәрсеге дұға жасап жатқан жоқсыздар. Есітетін және ең жақындағыға дұға жасап жатырсыздар», – деп әмір еткен. Аяттың түсу себептерінің бірі де Алланы ұзақ деп ойлаудан сақ болу. Аятта: «Біз адамдарға күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят) делінеді.

Абу Нағим «Хилиату әл-Әулиа» атты еңбекте Абдулла ибн Аббастан мына бір хадисті келтіреді: «Барлық нәрсеге ой жүгіртіңдер, бірақ Алланың затына ой жүгіртпеңдер».

Қорыта келгенде, кейбір бауырларымыздың Аллаға мекен беріп, шариғат мәтіндерін дұрыс түсінбеулерінің түп төркіні – олардың білімсіздіктері мен адасқандардың артынан ергендіктерінде.

Нұрбол Смағұлов


[1] «Тафсир әл-Қуран ли Абдурраззақ әс-Санъани», 1-том, 73-бет

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру