АЛЛА МЕН АДАМ

08 қаңтар 2025 132 0
Оқу режимі

Тілімізде "Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады", - деген даналық бар. Бұл тұрғыда тағы да:

"Құдайға сенген құстай ұшады,

Адамға сенген мұрттай ұшады", - деп те қоямыз.

Неге олай болатынына да жауап дайын. Себебі:

"Алланың берейін деген құлына

Оннан-мұннан құралар,

Бермейін деген құлының

Жалғыз тайын ұры алар".

Біз тілге тиек еткен осы бір сөз орамдарынан-ақ адамнан емес, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығатындығы мәлім болды. Жалпы оған талас жоқ. Талас жоқ екендігін аталмыш даналықтың "Адамнан сұрағанның екі көзі шығады" деген алғашқы жолы айқындап тұр. Соған орай біз адамнан сұрағанды ширктік деңгейге дейін көтеріп те жібердік. Аллаға деген бұл сенімімізді аятпен тұздықтап, хадиспен бекемдеп тастадық. Мәселен, Аллаһ Тағала Құранда:

«Біл, расында Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, сосын күнәларың үшін кешірім сұра!» (Мухаммад: 19)- деген, ал Пайғамбарымыз Мухаммад (салля-Ллаху алейхи уассалям) хадисінде: «Аллаһ, пендесі екі қолын жайып сұрағанда, оны бос қол қайтарудан ұялады», - деді (Әбу Дауд) - деп, тек Алладан сұрау қажеттілігін нақтылап қойдық. Солай бола тұра біз бұл аятты да, аталмыш хадисті де ұстанбаймыз. Біздің өз қалауымызды тек адам баласынан сұрайтындығымыз, соған орай екі көзіміздің шығатындығы сондықтан. Себебі жоғарыда тілге тиек еткен мақал мәні мүлде біз ойлағандай емес.

Ұғынықтылық үшін қойылған "Алла мен адам" деген тақырыпқа назар аударайық. Назар аударғанда, егер байыбына барсақ, Алла мен адам қатар аталып тұр. Екеуі қатар аталған соң бізде таңдау еркіндігі бар. Қалағаныңнан сұра. Сұраушылар бірінің бүйірі, екіншісінің көзі шыққанына қарағанда, екеуіне де алақан жаюшылардың болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Демек аталмыш мақал сол адамдарға қарата айтылып тұр. Ал ол адам - біз.

Егер құдайшылығына келсек, біз тек адамнан сұраймыз. Адамның мағынасы кең. Ол - материялды әлем; ол - біз өмір сүріп жатқан қоғам; ол - адам баласы қалыптастырған жүйе; ол - заман; ол - өркениет... Осылай жалғастыра беруге болады. Біз солардың ішінде өмір кешеміз. Ал ол жерде Алла жоқ. Алла одан тыс тұр. Егер екі бүйіріңнің шығуын қаласаң, содан сұра.

Жә, әуелі екі көзіміздің не себепті шығатындығына мән берейік. Ол үшін аталмыш мақалды тағы бір қаперге алайық. Сонымен мақал "Адамнан сұрағанның екі көзі шығады" дейді. Енді сауал. Неге көзі? Неге аяғы сынбайды? Неге басы жарылмайды? Себебі, Алладан бет бұрған адам ақиқатты ешқашан көре алмайды. Ал ақиқаттан тек соқырлар ғана бет бұрады.

Назар аударар тағы бір жәйт. Адамның өзі Аллаға ширк болады. Егер ол өзін бармын деп білсе. Ал қазіргі адамзат түсінігінде мына қоғам да, зман да, өркениет те, өзі де бар.

Олардың бар екендігін біз де жоққа шығармаймыз. Жоққа шығармайтынымыз, ол бардың бәрі - Алланыңкі. Соны білгендер Алладан сұрайды. Соған орай Алланың қалауымен кімнен болсын сұрағанын алады. Олардың екі бүйірінің шығып жүретіндігі сондықтан.

Ұғынықтылық үшін әлгі "бардың" қалайша Алланыңкі болатындығына түсінік бере кетелік. Міне, осы жерде әруақты қаперге алған жөн. Барлық жаратылыс әруақ арқылы Аллаға байланып тұрады. Соған сенім артқан адам кімге алақан жайса да тек Аллаға үміт артады. Ал әруаққа сенім артпайтындар сырт көзге өз қажетін Алладан сұрағандай болып көрінгенімен өзі Аллаға ширк болып тұрады. Бірақ өзінің Аллаға ширк болып тұрғанын ешқашан көрмейді. Себебі, соқыр.

Сөз соңын Қалқаман Сариннің "Алланың бары ақиқат" атты өлеңімен түйіндейік:

"Алладан басқа жоқ Тәңір,

Мұхаммед – оның елшісі».

Соны айтып жаннат баққа кір,

Иманың – жанның емшісі.

Болуы қиын Хаққа құл,

Ібіліс болса көршісі.

Адамның көбі жатбауыр –

Заманның жалған кем тұсы.

Жер бетіндегі көп қабір –

Адамның алған еншісі.

Құлдың да құлдан несі артық?

Нәпсісін түгел тыйса артық.

Зікір ғып Хақты ішінен,

Иманын кәміл жыйса артық.

Разы боп қылған ісінен,

Раббыңның өзі сүйсе артық.

Жәннаттан бір жай күтіп ең,

Кірерсің сонда күй шалқып.

Анаңның аппақ сүтінен,

Жұмақтың жұпар иісі аңқып.

Ғибадат жасап құрметпен,

Жаратқан хақтың нұрын көр.

Пайғамбар салған сүннетпен,

Жаңылмай жолдан жүріңдер.

Жұмағың жаннат, гүл-Көктем,

Тұрағың болмас жұмыр жер.

Рақым нұр жауып тұр көктен,

Танитын соны ілім бер.

Құлшылық еткен үмметке

Тіршілік етер ғұмыр бер!

Өтпелі мына ғасырдың,

Өткелі қиын жол болар.

Мерейі тасып тасырдың,

Асылдың бағы кем болар.

Сынағы ол да Хакімнің,

Шүкірлік етсең жөн болар.

Есіктен кірген басыңның,

Алатын орны төр болар.

Бесіктен шыққан басыңның,

Баратын жері көр болар.

Құранның сөзі – қасиет,

Пайғамбар сөзі – өсиет.

Ұмытпа сабыр етуді

Көрсең де қайғы, қасырет.

Бабалар өткен не түрлі,

Иманы жалғыз досы боп.

Сүйгені сүннет секілді

Бұйрығы хақтың осы деп.

Ғибратты ғұмыр кешуді,

Бізге де Алла нәсіп ет!

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру