АДАМДАР ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒЫСЫ КЕЛЕДІ...

11 қыркүйек 2023 2673 0
Оқу режимі

Мәскеудің кез келген жерінен өзбектер өздерінің асханасын ашып тастаған. Біз тұратын Павелецкий ауданы қаланың орталығы әрі вокзал болғандықтан көшеде адам көп. Вокзалдың қасында өзбектің асханасы бар. Кешкі сегізден кейін барлық затқа 30 пайыз жеңілдік болады. (Мәскеудің басқа ауданында тұратын кезімізде үйдің қасында әзірбайжан асханасы болатын. Кешкісін елу пайыз жеңілдік болады. Мәскеуліктер кешкісін кезекке тұратын). Шынымды айтсам, жеңілдік барын да ұмытып кетіппін. Үйге алып кетуге самса мен пирогқа тапсырыс бердім. Сатушы жас өзбек қыз: «Сәл күтесіз бе? Төрт минут қалды. Жеңілдік болады» деді. Қасындағы басқа сатушы естіп қоймасын деп сыбырлап айтты. «Түсінбедім» дедім. «Екі минут қалыпты. Жеңілдікпен есептей берем» деді даусын сәл шығарып. Бірақ қасындағы екінші өзбек әйел естіп қоймасын дегендей сақтанып қарады. «Негізгі бағасымен есептей беріңіз» дедім. Оның маған жақсылық жасағысы келіп тұрған пейіліне риза болып қалдым. Ол өз қолынан келетін, өз деңгейі жететін жақсылықты жасағысы келді. 

Елде тұрғанда Абай көшесінің бойындағы Халықбанкке барып, әке-шешеме ақша жібермек болғам. Ата-анам ауылда үй салып жатыр еді. Анамда жеке шот барын ұмытып кетіппін. Анамның удостоверениесіне жібермек болдым. Банк қызметкері жас жігіт: «Өте үлкен комиссия ұстайды. Анаңыздың не әкеңіздің есеп-шоты бар шығар? Сол арқылы жіберсек, аз комиссия ұстаймыз» деді. Жұмыстың арасында шыққам, әрі бізде жұмыста, газетте аса еркіндік берілген жоқ, сәл шығып кетсек, іздейтін. Оған қоса, әлі мақаламды да жазуым керек, әрі-бері жүргім келмеді. «Жібере беріңізші» дедім. «Жоқ, ойланыңызшы. Он есе комиссия төлейсіз бе? Анаңыздан не әкеңізден есеп-шотын бір ауыз сұрап көріңізші» деді. Мысалы, маған Халықбанк ұнамайды, оның бірнеше себебі бар. Бірақ сол жігіттің қолынан келетін көмегін жасап тұрғаны жүрегіме бір жылылық сыйлаған. 

Үйдің қасындағы мешіт жанында, далада жаурап, бір шал көкөніс сатып тұрады. Құрбым екеуміз дүкеннен алмай, әдейілеп қызанақ, қиярды сол кісіден аламыз. Біз ашып айтпасақ та, ол кісі де біздің ниетімізді түсінеді. Түсінгені сол: біз барғанда, мысалы, біз алғалы тұрған көкөніс 1020 теңге болса, мың деп айтады. «Жоқ, алыңыз» деп қарсылығына қарамай ақшаны тастап кетеміз. 

Қарт басын қайта-қайта изеп, артымыздан қарап тұрады. «Біз оған түк те жасаған жоқпыз ғой» дейміз сосын құрбым екеуміз.

 

Аягүл МАНТАЙ

Пікірлер Кіру