ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ҮКІМ ШЫҒАРУДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚАБІЛЕТІ

25 қараша 2021 6227 0
Оқу режимі

Ғұламалар арасында орны бір төбе Имам Ағзамның бойында жақсы қасиеттер жетерлік еді. Ол бәрінен бұрын хақ пен ақиқатқа жаны ғашық ғұлама болатын. Әрдайым туралыққа жету үшін жанын салып, ұзақты барлай алатын зеректігімен, тапқырлығымен ерекшеленетін. Әбу Ханифа күрделі мәселелерде оңтайлы әрі әділ шешім шығару қасиетімен ерекшеленіп, құқықтық мәселелерге қатысты үкім шығаруда да зеректігімен танымал болған.

Әбу Юсуфтың айтуы бойынша, біреу екінші бір адамға «Иә, ибнәз-зәниәйн» (Әй, зинақордан туған бала!) деп тіл тигізді әрі баланың әке-шешесі дүние салған делік. Бұл жағдайда Әбу Ханифа: «Оған бір ғана жаза (дүре соғу) беріледі. Өйткені, айтылған сөз біреу-ақ» деп өз үкімін білдірген. Әбу Юсуф бұл туралы «Біз осыны ұстанамыз. Ол сөзді бөліп-бөліп айтса да, бірге айтса да оған бір ғана жаза беріледі» дейді.

Ал Ибн Әбу Ләйла: «Бұл жағдайда екі жаза бір мезгілде беріліп, бір жерде орындалады» деп, ол жазаны мешітте бергізген[1]. Имам Сарахси бұл оқиғаны кітабында кеңірек баяндап былай дейді: Куфада ақыл-есі ауысқан бір әйел бар еді. Біреу соған зорлық көрсетіпті. Әлгі әйел оған: «Иә, ибнәз-зәниәйн» (Әй, зинақор ата-анадан туған бала) дейді күйіне сөйлеп. Әйелді сол кездегі сот төрағасы Ибн Әбу Ләйланың алдына алып келеді. Әйел айтқандарын мойнына алады. Сот төрағасы оған жазаның бір түрін екі мәрте тағайындайды. Бұл жағдай Әбу Ханифаға жеткенде ол: «Жеті жерден сүрінген екен» деп, сот төрағасының қателіктерін былайша тізіп шығады:
1. Үкім ақыл-есі дұрыс емес әйелдің мойындауына негізделіп берілген. Алайда, оның мойындауы қабылданбайды.
2. Ақыл-есі дұрыс емес адамға жаза берілген. Ақыл-есі дұрыс еместер жазаға тартылатындардың қатарына жатпайды.
3. Екі бірдей жаза берген екен. Бірақ, бір адам көпшілікке жала жапса да, оған бір ғана жаза беріледі.
4. Екі жазаны бірдей орындаған екен. Егер екі жаза беру үкімі шыққан күннің өзінде де, бірдей екі жаза бір мезгілде, яғни, бірінен кейін бірі іле-шала орындалмайды. Әуелгі дүре соғылған жердің жарасы жазылғанда ғана барып осындай жаза қолданылады.
5. Дүрені мешітте соқтырған екен. Негізінде, басшының дүрені мешітте соқтыруға хақысы жоқ.
6. Тұрғызып қойып дүрелеген. Әйел адамға дүрені отырғызып қойып соғады.
7. Дүре соғылған кезде оның уәлиі (қамқоршысы: әкесі немесе оның басқа туыстары) қасында болмаған. Әйел адамға дүре соғылған кезде қасында қамқоршысы болуы тиіс. Өйткені, киімі түріліп тәні көрініп қалған жағдайда, ашылып қалған жерін қымтап отырады».

Міне, осы оқиға Куфада «Әділ қазы жеті жерде қателескен үкім» деген атпен ел аузында кеңінен тарап кетті[2].  Әбу Ханифаның шығарған үкімі нақты, ақылға қонымды болатын әрі қалаған мәселеде өз көзқарасын айтып, иіп әкеп соған иландыратындай қабілетті еді.

Мысалы: Ибн Әби Ауаманың сөздерін Мұхаммед ибн әл-Хасан былай жеткізеді: Әбу Ханифа Бағдатта жүргенде оның шәкірттері  Әбу Юсуф, Зуфар, Асад ибн Амр және басқа да фиқһ ғұламалары жиналып, әлдебір мәселенің дәлелдеріне қатысты ортақ шешімге келіп, оның дұрыс немесе бұрыстығын Әбу Ханифадан сұрайды. Олардың сөзін бөлмей аяғына дейін тыңдаған имам асықпай жауап береді. Бірақ, имамның жауабына олар қанағаттанбайды. Арасынан біреуі: «Әй, имам, бөгде елде жүріп санаң сарғаяйын деген бе? Не деп отырсың өзі?» – деп Әбу Ханифаға дүрсе қоя береді. Имам оларға:
 – Тынышталыңдар, сендер не айтып отырсыңдар өзі? – дейді.
 – Мәселенің жауабы бұл емес, – дейді аналар дүрлігіп.
 – Сендердің жауаптарың дәлелмен бе, дәлелсіз бе?
 – Әрине, дәлелмен.
 – Олай болса, қане, дәлелдеріңді айтыңдар! Олар өз уәждерін айтады. Әбу Ханифа оларды бұл жолы да мұқият тыңдап, соңында қарсы дау айтады. Өзінің ойын дәлелдеп, ақыры жеңіп шығады. Шәкірттері қателіктерін түсініп, имамның жауабының дұрыстығын мойындайды. Сосын Әбу Ханифа кенет мынадай тосын сауал қояды:
 – Егер біреу сендерге алғашқы айтқан жауаптарың дұрыс, Әбу Ханифаның айтқаны қате десе, не дейсіңдер?
 – Айдан анық дәлел тұрғанда сіздің пікіріңізді кім теріске шығара алсын?
 – Жоқ, – дейді Әбу Ханифа, – негізінде сендердің алғашқы айтқандарың дұрыс, – деп, шәкірттерінің айтқан ойын дәлелдеп шығады. Шәкірттері аң-таң болып:
 – Уа, ұстаз, бізді әрі-сәрі күйге қалдырдыңыз ғой, – дей берді.
 – Егер сендердің де, менің де айтқанымды әлдебіреулер жоққа шығарып, басқа бір тұжырым айтса қайтесіңдер, – деп Имам және бір сауал қояды:
– Бұның енді басқалай жауабы болуы мүмкін емес, – десті шәкірттері. Сол-ақ екен, Әбу Ханифа үшінші бір нұсқасын ойлап тауып, оны да дәлелдеп шықты. Шәкірттері бұл жолы да оның уәжін еріксіз мойындап, ең дұрысы осы деп тапты. Бірақ, көкейлеріндегі сауалды да жасырып қала алмады: – Уа, имам, бізге жалғыз өзіңіз үш бірдей көзқарасты дәлелдеп бердіңіз, енді осыны өзіңіз тарқатып бермес пе екенсіз?
 – Бұл мәселенің ең дұрыс жауабы сендердің алғашқы айтқандарың. Себебі, мынау, – деп жан-жақты түсіндіріп берген соң, «Бұл мәселенің үш түрлі жауабы бар. Әр жауаптың да фиқһта өзіндік орны бар. Ең дұрысы, сендердің алғашқы айтқандарың, соны ұстаныңдар, ал қалғандарын ұмытыңдар», – дейді[3].

Мұндай дара, кез келген мәселеде көзқарасын таңып, оған былайғы жұрттың көзін жеткізе алатын зерек те ақылды ғалым ғана настардан (Құран мен хадистен) үкім шығаруға лайықты еді. Үкім шығарумен қоса дәлелі һәм түсіндіру тәсілі де нақты болатын. Әбу Ханифаның осы қабілетіне тәнті болған Имам Мәлік: «Егер бұл кісі тастан жасалған мына тіректі алтын десе, оның алтын екенін дәлелдеп шығады» деп ағынан ақтарыла мақтаған екен.    

Һижри 148 (милади 765) жылы Мусул елі басшыларына қарсы шығады. Мұндай көтеріліс бұрын да бірнеше мәрте болған еді. Бұл жолғы көтеріліске халықты харижиттерден Хасан ибн Мужадил бастап шығады. Мұны естіген Халифа Мансұр ең танымал деген фиқһ ғалымдарын жинап, оларға өзінің шешімі туралы айтады: «Алла елшісі (с.ғ.с.) айтқандай «Имандылар өздерінің міндеттерін толық орындау керек» еді. Бірақ, Мусул елі өз міндеттерін орындамай отыр. Бағынамыз, қол астыңа кірдік деп кезінде сөз бергенімен, бүгін, міне, орынбасарыма қарсы шықты. Амал жоқ, қандарын төгуіме тура келіп отыр, – дейді.

Сол жерде отырған фиқһ ғалымдарының бірі: «Билік өзіңдікі, кешірсең де өз елің, жазаласаң да ел сенікі», – дейді. Жауапқа қанағаттанбаған Халифа Мансұр сол жерде отырған Әбу Ханифаға қарап, оның да ойын сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Олар саған құқылары жоқ нәрсеге (қандарының төгілуі) сөз берді, сен де оларға құқың жоқ нәрсеге (олардың қанын төгуге) сөз бердің. Сенің құқың жоқ дейтінім, мұсылманның қанын төгу үш жағдайда ғана рұқсат етілген: адам өлтіргенде, мұсылман болғаннан кейін діннен шықса және үйленгеннен кейін зина жасаса. Ал егер осы жағдайлардан тыс олардың қанын төксең, шариғатқа қайшы келері анық. Алланың заңын аяқ асты етуге болмайды», – дейді де, былай деп сұрақ қояды: «Егер әйел ер кісімен некелеспестен мен саған халалмын десе, онымен жақындасуға бола ма? Және бір адам басқа бір адамға мені өлтір десе, ол адамды өлтіру халал бола ма?» Халифа Мансұр бұл екі сұраққа да жоқ дейді. Осыдан кейін Әбу Ханифа нақты үкімін айтады: «Мусул еліне тиіспе, оларды өлтіру саған халал емес». Халифа Мансұрға Әбу Ханифаның бұл жауабы ұнамады, әрине. Барлығы тарағаннан кейін халифа Әбу Ханифаны өз бөлмесіне шақырып алып: «Айтқандарыңның бәрі дұрыс! Бірақ, бұдан былай бұл жерден кеткенің жөн. Мынадай пәтуаларыңды ел естімесін. Әйтпесе, басшылардың айыптарын ашып, елдің көтерілуіне мүмкіншілік жасап берерсің»[4], – деген екен.  

 


[1] Әбу Юсуф, Ихтиләф, 164-165-беттен И. Хаккы Үнал, 23-б.
[2] Әбу Юсуф, Ихтиләф, 164-165-беттен И. Хаккы Үнал, 23-24-б.; Бағдади, Тарих, 13-т., 351-б.
[3] Мұстафа әс-Сыбаи, әс-Сүннету уа маканатуһа фи ташриғил-исламиати,  Дамаск, 1978, 442-б.  
[4] әл-Кәмил фит-Тарих, 5-т., 25-б.; Бәззәзи, Манақибу Имам Ағзам, 2-т., 17-б.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру