Періштелер басқа бейнеге ене ала ма?

11 маусым 2020 11722 0
Оқу режимі

Періштелер қандай жаратылыс? Оларды көру мүмкін бе? Олардың жер бетіндегі бейнелері қандай?


Жауап

Періштелер Алланың құдіретімен түрлі пішінге ене алады. Ислам әдебиеттеріндегі түрлі деректерде пайғамбарлардың оларды шынайы және де өзге бейнелерде көргендіктері баян етіледі.

Мәселен, Құран Кәрімнің «Әнкабут» сүресінде: (Ибраһим): «Әрине, онда Лұт та бар» деді. (Елшілер): «Ол жерде кімнің болғанын жақсы білеміз. Артта қалып апатқа ұшырайтындардың қатарында болуына үкім етілген әйелден бөлек Оны және үй-ішін әлбетте құтқарамыз»[1], - деп, періштелердің Лұт (ғ.с.) пайғамбарға келгендігі айтылған. Періштелер оған сымбатты жас жігіт бейнесінде келеді. Өз қауымының арсыздыққа салынғанын жақсы білетін Лұт пайғамбар (ғ.с.) бұлар мені «қонақтарымның алдында да жерге қаратпас па екен» деп қатты қысылады. Бұл оқиға Құранда былай баяндалады: «Елшілеріміз (жас жігіттер бейнесінде) Лұтқа келгенде (елінің сұмдығын ойлап) қынжылған ол көңілі жабырқап: «Бұл бір ауыр күн», – деді. Қауымы оған жүгіріп келді. Сондай-ақ, олар бұрыннан да жаман істер істейтін еді. Лұт (ғ.с.): «Әй, халқым! Мына қыздарым, олар сендер үшін (некелесіп алсаңыздар) анағұрлым тазарақ. Енді Алладан қорқыңдар! Қонақтарымның алдында мені ұятқа қалдырмаңдар. Араларыңда бір де бір есті кісі жоқ па?» – деді. (Лұттың (ғ.с.) «мына қыздарым» дегені сол елдің әйелдері еді. Өйткені, пайғамбар сол үмбеттің әкесі іспетті.)

Олар: «Қыздарыңда жұмысымыз жоқ. Расында, сен біздің нені қалайтындығымызды жақсы білесің», – деді. Лұт (ғ.с.): «Әттең! Сендерге төтеп берер күшім болса, не бір мықты бекініске паналасам», – деді. Елшілер: «Әй, Лұт! Расында, біз Раббыңның елшілеріміз. Олар тап қазір саған соқтыға алмайды. Дереу түннің бір мезгілінде үй-ішіңмен жөнел, жұбайыңнан басқа ешкім артта қалмасын. Өйткені, еліңе келетін апат оған да жетеді...», – деді.[2]

Лұт (ғ.с.) пайғамбардың қауымы тым шектен шыққан еді. Қатты азғындаған олар үшін гомосексуализм үйреншікті әдетке айналған болатын. Күнәға белшеден батқан қауымға жаза ретінде апат жіберіп, елдімекендерін жоймас бұрын Алла Тағала әуелі Лұт (ғ.с.) пайғамбарға періштелер арқылы хабар салды. Бұл періштелер жас жігіт бейнесінде Лұт (ғ.с.) пайғамбарға келіп, оған өзіне жақын адамдармен қаладан шығып кетуді ескертті.

ЖӘБІРЕЙІЛ (Ғ.С.) ПЕРІШТЕ АДАМ БЕЙНЕСІНДЕ МӘРИЯМ АНАМЫЗҒА ДА КӨРІНГЕН.

Құранда бұл оқиға былай баяндалады: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Құрандағы Мәриямды айтып бер. Сол уақытта ол құлшылық пен терең ойға бату үшін адамдар мен өзінің арасына шымылдық тартып, ғибадатхананың шығыс жағындағы бір орынға жекеленіп барды. Сондай-ақ, оған рухымызды (Жәбірейілді) жібердік те, ол оған толық адам бейнесінде көрінді».
Мәриям: «Мен сенен (сақта деп) Аллаға сыйынамын. Егер сен тақуа болсаң (маған тиме!)» – деді.
(Рух): «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін»,– деді.
(Мәриям): «Маған бір адам жұғыспаса, сондай-ақ, жаман жүрісті болмасам, бойыма қалайша бала бітеді?» – деді.
(Рух): «Ол солайша, – деді. Өйткені, Раббың: «Бұл маған оңай. Өйткені, Біз  Оны  (туылуымен) адамдарға  (құдіреттілігімізді) ап-айқын  ишара  және дәлел, әрі (елшілігімен) тарапымыздан бір нығмет етеміз. Бұл біткен іс еді», – деді.[3]

ПЕРІШТЕЛЕР ДӘЛ ОСЫ БЕЙНЕДЕ ЗӘКӘРИЯ ПАЙҒАМБАРҒА ДА КЕЛГЕН ЕДІ.

Олар оның жақында Яхия есімді ұлды болатынын білдіріп сүйіншіледі. «Зәкәрия хұжырада намаз оқып тұрғанда, періштелер оған: «Расында, Алла Тағала саған Алладан болған әмірді (Исаны (ғ.с.) растаушы, ел ағасы, нәпсісіне ие, игілерден бір пайғамбар болатын Яхиямен қуанышқа бөлейді», – деп дауыстады»[4].

Құрандағы бұл оқиғалар періштелердің адам бейнесінде көрінгендігі жайлы бірден-бір шынайы дереккөздер болып табылады. Періштелер кез келген бейнеге ене алатындығы соншалық, адамдар оларды көп жағдайда ажырата алмай қалып жатады.

Бұған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға да олардың адам бейнесінде келгендігі дәлел[5].

Періштелердің елшілік қызметі тек хабар жеткізумен немесе пайғамбарларға уахи әкелумен ғана шектелмейді. Періштелердің соғыстарда мұсылмандарға қолдау көрсеткендігі Құран Кәрімде баян етіледі. Ислам тарихында Бәдір шайқасының ерекше орны бар. Сондықтан, бұл айтулы шайқасқа қатысқан періштелердің осы шайқасқа қатысқан сахабалардың басқа сахабалардан өзіндік артықшылығы болғаны сияқты, басқа періштелерден артықшылығы бар. Осы қанқұйлы шайқасқа қатысып, періштелерге қолбасшы болған Жәбірейілдің өзі еді[6].

Бәдір шайқасында жау жағының саны мың, мұсылмандар жағы бар болғаны үш жүз кісі еді. Алайда, көмек сұрап жалбарынған мұсылмандардың тілегін аяқсыз қалдырмаған Алла Тағала мыңдаған періштелерін жіберетіндігін білдірді. 

Құранда  бұл мәселеге қатысты: «Сол уақытта Раббыларыңа жалбарынуда едіңдер. Сонда Ол: Шынында сендерге ерген мың періштемен көмек етемін деп тілектеріңді қабыл етті»[7]; «Сендер (қару, сан және көлік жөнінен дұшпаннан өте) аз әрі әлсіз болғанда Алла сендерге Бәдірде жеңіс сыйлады. Олай болса, Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар, шүкір еткен боларсыңдар. Сол сәтте сен мүміндерге: «(Көктен) үш мың періште түсіріп,  Раббыларыңның сендерге жәрдем беруі жеткілікті емес пе?» – дедің. Әрине, егер сабыр етсеңдер, сақтансаңдар сондай-ақ жау дереу осы араға жетіп келетін болса, Раббыларың сендерге бес мың белгілеулі періштелермен жәрдем етеді»,[8] - делінді.

Бәдір шайқасында Зүбәйр ибн Әууәмнің басында сары сәлде бар еді. Бір қызығы, бүкіл періштелер де бастарына сары сәлде оранған пішінде еді. Зүбәйрдің Бәдір шайқасындағы батырлығына куә болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Періштелердің сары сәлде тағып, Зүбәйр ибн Әууәмнің бейнесінде түскендерін көрдім»,[9] - дейді.

Ұхұд шайқасына байланысты да осыны айтуға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам туын Мусғаб ибн Ұмәйрға ұстатқан еді. Алайда, бұл шайқаста Мусғабтың екі қолын ибн Қәймә деген мүшрік қырқып түсті. Осы уақытта басқа бір сахаба жетіп келіп, туды алып күн батқанша шайқасты. Бұл – Мусғабтың бейнесіне енген періште еді. Пайғамбарымыз «Мусғаб!» деп дауыстағанда, ол «Мен Мусғаб емеспін, уа, Расулалла!»[10] деп жауап берді. Мусғаб ибн Ұмәйрдің шейіт болғанын аңғарған Алла Расулының (с.ғ.с.) көзіне жас үйріліп: «Мүміндердің арасында (Расулалламен бірге болатындықтарына) Аллаға берген сөздерінде берік болған қаншасы бар. Олардың кейбіреулері берген уәделерінде толық тұрып шейіт болды. Кейбіреулері де осындай жақсылықты күтуде. Олар уәделерінен таймады»[11], – деген аятты оқыды.

Жүбәйр ибн Мутим (р.а.): «Хүнәйнда әскерлер шайқасуда еді. Біз Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге едік. Сол кезде көктен қара түсті киім киген адамдар түсе бастады. Мүшріктер мен біздің ортамызда тұрды. Шайқас алаңында қаптап кетті. Соңында мүшріктер жеңіліске ұшырады. Көктен түскендердің періштелер екеніне еш күмәніміз жоқ»[12], – деген.

Хандак шайқасының ең ауыр сәті еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкке қол жайып дұға жасады. Сол күні түн ортасы Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп біраздан кейін Алланың қатты дауыл тұрғызып, дұшпан әскерінің быт-шытын шығаратыны жайлы сүйінші хабар жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштенің әкелген хабарын ести сала ұлы Алла Тағалаға мадақ айтып, шүкіршілік етті.

Шайқаста «Уа, иман келтіргендер! Алланың сендерге берген жақсылығын, нығметін (көмегін) ұмытпаңдар. Бір кездері сендерге шабуыл жасап, біз сендерге (көмек ретінде) оларға (жауға) қарсы дауыл соқтырып, сендер көре алмайтын әскерлер (періштелер) жіберіп едік. Алла - істегендеріңнің бәрін көруші»[13], – деген аяттар түсті.

Осылайша періштелер адам кейіпінде келіп, мұсылмандарға қиын-қыстау кезеңде көмектескен болатын. Бұл шындық Құран аяттары және хадис шәріптермен толықтай қуатталған.

ОСЫЛАРҒА ҚОСЫМША МЫНА ОҚИҒАЛАРДЫ ДА АЙТА КЕТЕЙІК

Әсілі, періштелерді толықтай өз бейнесінде көру екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Тек пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қана Жәбірейіл періштені алғаш рет уахи әкелгенде және Миғражда «Сидратул мунтәһаның» (жұмақ бұлағының түбінен өсіп шыққан ағаш) жанында өз бейнесінде көрген айтылады. Құранда: «Расында, ол оны ашық көкжиекте көрді»[14]; «Расында, ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Сидратул Мунтәһаның жанында»[15], – дейді.

Кейбір мәліметтерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштені көбіне Дыһия ибн Халифа әл-Кәлби  (р.а.) атты сахабаның бейнесінде де көргендігі айтылады[16].

Хазрет Омар, Абдулла ибн Аббас, Усама ибн Зәйд, Харис сынды сахабалар, Айша анамыз бен  Умму Сәлама да Жәбірейіл періштені Дыһия есімді сахаба бейнесінде бірнеше рет көргендіктерін баян етеді.

Бірде Жәбірейіл періште сахабаларымен отырған Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ақ киім киген жолаушы кейпінде келіп, көпшіліктің көзінше былай дегені мына хадисте баяндалады: 

«Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): 
– Ислам – Алладан басқа құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару, – деп жауап қайтарды. Әлгі кісі бұны естігенде:
– Рас айтасың, – деді. Біз оның өзі әрі сұрап, әрі жауабын да өзі растағанына таңырқадық. Мұнан соң әлгі кісі: 
– Иман дегеніміз не? – деп сұрағын жалғастырды. Мұхаммед  (с.ғ.с.) пайғамбар: 
– Аллаға, Оның  періштелері  мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, – деді. Жолаушы тағы да: 
– Рас айтасың, енді ихсан деген не? – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Ихсан – бейне бір Алланы көріп тұрғаныңдай Оған кұлшылық етуің. Себебі, сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде.
– Қиямет қашан болады? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді,- деп еді, сонда әлгі кісі:
– Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, – деп, ақырет күнінің белгілерін айтып берді.

Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?, - деді. Мен:
- Алла және Оның елшісі біледі,- деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Шын мәнінде, ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште болатын[17], –  деп, мәселенің мән-жайын ұғындырған еді. Сахабалар сонда ғана адам кейпінде келген әлгі кісінің періште екендігін біліп қатты таңданды.

Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ұхұд күні Алла елшісінің оң және сол жағында жаумен арпалысып жүрген ақ киімді екі кісіні көрдім. Олар бұрын-соңды байқамаған адамдарым. Әсілі, олар Жәбірейіл мен Микаил атты періштелер болса керек»[18], – дейді.

Әбу Суфиян ибн Харис болса, Бәдір күнгі шайқаста көк пен жердің арасында ақ киімді әскерлерді көргендігін айтқан[19].

Қалмахан Ержан.

 


[1] «Әнкабут» сүресі, 32-аят.
[2] «Һұд» сүресі, 77-81 аяттар.
[3] «Мариям» сүресі,16-21 аяттар.
[4] «Әли Имран» сүресі, 39-аят.
[5] «Һұд» сүресі, 69-70 аяттар.
[6] Бұхари, Мағази, 11.
[7] «Әнфал» сүресі, 9-аят.
[8] «Әли Имран» сүресі, 123-125 аяттар.
[9] әл-Хайсәми, Мәжмауз-Зәуаид, 6/83.
[10] Ибн Сағд, Табақатул-Кубра, Бейрут, 1978, 3/121
[11] «Ахзаб» сүресі,23-аят.
[12] Ибн Кәсир, әл-Бидая, 4/334.
[13] «Ахзаб» сүресі,9-аят.
[14] «Тәкуир» сүресі, 23-аят.
[15] «Нәжім», 13-14 аяттар.
[16] Бухари, Табир, 33, Фитән, 26, Әнбия, 48; Муслим, Иман, 271.
[17] Муслим, Иман, 8.
[18] Бухари, Мағази, 18, Либас, 24; Муслим, Фәдаилус-Сахаба, 46-47.
[19] Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 1/147, 353; Қады Ыяз, әш-Шифа би тарифи Һуқуқил Мустафа, Дарул Әркам, Бейрут, 1995, 1/362.

Пікірлер Кіру