Әбәбил дегеніміз қандай құс?

21 желтоқсан 2019 25752 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! «Фил» сүресінде айтылатын Әбәбил құсы туралы айтып берсеңіздер. Қазіргі кезде ол құстар бар ма? Қандай құс дегендей... 


Жауап

Уа алейкум ассалам уа рахматулахи уа баракатух!

Әбәбил құстары туралы Құран Кәрімнің, өзіңіз айтқандай, «Фил» сүресінде айтылады.  Сүреде:

(Мұхаммед (ғ.с.) Раббыңның піл иелеріне не істегенін көрмедің бе? (1)
Олардың айлакерліктерін босқа жібермеді ме? ( 2)
Оларға топ-топ құс жіберді. (3)
Құстар оларға балшықтан жасалған тастар атып; (4)
Сонда оларды желінген топан тәрізді қылды. (5)

Бұл жердегі «тойрон әбәәбиил» деген сөздің аудармасы – топ-топ құстар. Яғни, әбәбил дегеніміз қандай да бір құстың аты емес, «топ-топ құстар» деген мағынаны білдіріп тұр.

Аталмыш аят жөнінде имам Табари өз тәпсірінде: «Әбәбил» – топ-топ,  бірінен соң бірі, жан-жақтан келген» деген мағына берген.

Ал, Құрандағы осы аяттың түсуіне себепкер болған оқиға Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз дүниеге келетін жылы орын алған болатын.

Иемен патшасы Абраха әл-Ашрам өз елінде қажылар келу үшін ғибадатхана салдырды. Бұны естіген Кинана тайпасынан бір адам салынған ғимараттың есіктерін нәжіспен былғап кетеді. Ашуға булыққан Абраха қасиетті Қағбаны қиратуға ант ішіп, ашуға мінеді. Күллі әскерін жинап, тіпті, жорыққа үлкен пілдерін де пайдаланады. Пілден қорыққан Мекке халқы тауға қашып кетеді. Сол сәтте теңіз тарапынан топ-топ құстар келіп екі аяғы мен тұмсығына тістеген балшықтан жасалған тастармен Абраханың әскерін жамсатып салады. Осылайша, қасиетті жерге қол сұқпақ болғандардың жолы кесілген еді.

 

Қанат Қыдырмин
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Пікірлер Кіру