Бәдәл қажылығы

27 шілде 2018 19325 0
Оқу режимі

Сұрақ: ассалам алейкум. Қысқаша бәдәл қажылығы туралы айтып берсеңіз...

Марат Б.


Жауап

уа алейкум ассалам. Бәдәл қажылығы терминологияда – өз орнына басқа біреуді қажылыққа жіберу дегенді білдіреді.

Имам Маусили (р.а) «Ихтияр» атты кітабында бәдәл қажылығы туралы былай деді: «Бұл мәселеде негізге алынатыны – Хасъамдық апайдың хадисы. Ол хадисте былай делінген:

Бірде, Хасъам руынан бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.с) келіп:

  • Уа, Алла елшісі! Қажылық парыз болған кезде әкем қатты кәрі еді, ол кезде әкем көлігіне отыра алмайтындай жағдайда еді. Оның орнына қажылығын мен өтесем бола ма? – деді. Пайғамбар (с.ғ.с):
  • Егер әкеңнің қарызы болып, әкеңнің орнына сол қарызды өзің өтесең, ол қарыз өтемі қабыл бола ма, қалай ойлайсың? – деп өзіне қарсы сұрақ қойды.
  • Ия, өтелген болады, – Сонда Алла елшісі:
  • Ендеше Алланың қабылдауы және де орынды, – деп жауап берді[1].

Бұл хадистен шамасы келмейтін адамның атынан бәдәл қажылығының жасалуы жайыз амал екенін көре аламыз. Әрі осы амалмен әлгі әлсіз адамның мойнынан қажылық парызының түсетінін түсінеміз»[2].

 Қажылық ғибадаты мойнында парыз бола тұра көзінің тірісінде қажылыққа бара алмағандар өлмес бұрын артында қалған мирасқорларына өзінің орнына өкіл жіберулерін талап етіп, өсиет етулері уәжіп.

Қажылық ғибадаты мойнында парыз бола тұра бұл дүниеден қайтқан кісілердің бұндай өсиеті жоқ болса, артында қалған мирасқорлары өкіл ретінде басқа біреуді жіберумен міндеттелмейді.

Бұл дүниеден қажылық ғибадатын орындай алмай қайтып кеткен кісілердің орнына өкіл ретінде қажылыққа баруға болатыны сияқты, қажылықты орындай алмайтындай дәрежеде ауру немесе кәрі болғандардың орнына да қажылыққа баруға болады.

Парыз болған қажылықты орнына біреуді жіберу арқылы атқарылуы үшін мынадай шарттар болуы керек:

  1. Өз атынан қажылыққа жіберетін адам үшін қажылық парыз болған болуы керек. Яғни, сәби бала мен ақыл-есінде кемшілігі бар адам болмауы тиіс.  Бұл адамдар өз аттарынан біреуді жіберген жағдайда ол нәпіл қажылық болып саналады. Оларға қажылық балиғатқа толып, ақыл-есі тураланғаннан кейін ғана парыз болады. Олар балиғатқа толып, ақыл естері толықсығаннан кейін қажылықтарын қайта өтейді.
  2. Өкіл жіберетін кісі қатты кәрі болуы керек. Егер қатты кәрі болмаса, өз аяғымен жүре алатын әрі ден-саулығы жолдың машақатын көтере алса, өзі үшін өзі қажылық жасауы керек болады.
  3. Жазылуынан күдер үзген ауру болуы. Уақытша ауырып жатқан адам қажылығын жазылғаннан кейін өзі өтейді.
  4. Бәдәл қажылыққа барушының жіберушіден рұқсаты беруі керек.
  5. Жіберуші қажылықтың шығындарын толық көтереді.
  6. Бәдәл қажылықты әлсіз неменсе қайтыс болған адамның мирасқорлары жасайтын болса, олар қажылыққа өз қаражаттарымен барса болады.
  7. Жіберілетін адам балиғат шағына жеткен, ақыл-есі дұрыс, қажылық ғибадатының қалай орындалатынын білуі тиіс.
  8. жіберілетін адам ихрамға кірмес бұрын өзін жіберген адамның атынан қажылық жасауды ниет етуі  керек.
  9. Жіберілетін адам қажылық ғибадатын басқа біреуге тапсырмай, тікелей өзі жасауы керек.
  10.  Жіберілетін адам өзін жіберген адамның тапсырмаларын екі етпей орындауы керек. Мысалға, жіберген адам жіберілген адамның «ифрад» қажылығын жасауын талап етсе, бірақ ол «ифрад» қажылығын емес, «тәматтуғ» қажылығын жасаса, онда жіберілген адам өзінің орнына қажылық жасаған болады. Ал егер жіберуші оған «қалаған қажылық түрін жаса» деп рұқсат берсе, қалаған қажылығын жасайды. Жіберілген адам жіберуші адамның орнына қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін, өзі үшін умра жасауына мүмкіндігі бар[3].

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр

Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Ибн Хузайма

[2] Ихтияр

[3] Ислам  ғылымхалынан қысқартылып алынды.

Пікірлер Кіру