«Шекенің» сүйегін итке тастаса бола ма?

26 тамыз 2019 9997 0
Оқу режимі

Cәлеметсіздер ме? Шеке беру – соғымның сүрлене бастаған етін асып, соғымға сойылған малдың шекесін үлкендерге тартатын рәсім. Негізгі мақсат – өлі аруақтарға құран бағыштау. Осы шекені жеп болғаннан кейін, қалған сүйегін итке тастауға бола ма? Жезқазғанда тұратын туған-туыстарымыз, «шекені итке тастамайды, оны жоғары телевышканың үстіне тастаймыз» дейді. Содан сұрағым келгені кімдікі дұрыс? Мұқанова Алмагүл.


Жауап

Рахмет, сәлеметпіз. Шеке беру рәсімі – шариғатымызда бекітілмеген рәсім. Ол ғұрыпқа сүйенеді. Үлкендерге құрмет көрсету, өзгені тамақтандырып, сауап жинау және туыстық қарым-қатынасты байланыстырып тұру сынды игі амалдарды топтағаны үшін шариғатымыз ол рәсімді жоққа шығармайды. Ал, егер ол рәсімнен бұл игіліктер көзделмесе, сонымен қатар ысырапшылыққа итермелесе, адамдардың арасын алауыздыққа апаратын болса, онда шариғатымыз оған тыйым салады. Әрине, амалдар ниетке қарай болмақ...

Осыған сүйене айтатынымыз: шеке беру рәсімі шариғатымыздың бұйрығы емес. Сол себепті де онда нақты көрсетілген шариғи нормалар жоқ. Алайда, жалпы ас беруге байланысты ортақ нәрселер бар, олар:

– Ысырапшылдыққа жол бермеу; асылған астың зая кетпеуіне, ашып, бұзылып кетпеуіне көңіл бөлу, барлық ас өз орнын табуы, артылып қалса, таратып беру т.б.

– Шамасына қарау; яғни өзіне қиындық келтіріп, қарызға батып, ас бермеуі.

– Егер ас беруден сауап жинау мақсат етілсе, онда барынша көп адамның (сонымен қатар жануарлардың) қарындарын тойғызу. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде:  «Қайсы бір мұсылман адам егін егіп, ағаш отырғызса, сөйтіп одан құс, адам не жануар жемісін жейтін болса, онда оған сол арқылы садақа жазылады»,[1] – делінген. Ендеше. астан қалған сүйекпен итті не басқа да жануарларды да тойғызсаңыз, онда түрған еш әбестік жоқ.

Сонымен қатар, бақилық болған адамға Құран бағыштау есігі қашанда ашық. Ол үшін белгілі бір ас немесе қандай да бір белгілі рәсімдер жасау да шарт емес. Құранды кез келген сәтте оқып, кез келген жағдайда да бағыштай берсеңіз болады.

 

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

Тегтер: шеке
Пікірлер Кіру