Жалпы желілік маркетингтің үкімі қандай?

10 шілде 2018 11445 0
Оқу режимі

Жалпы желілік маркетингтің үкімі қандай?


Жауап

Жалпы желілік (сетевой) маркетингтің үкімі қандай? Әсіресе солардың ішіндегі «QuestNet» желілік маркетингінде жұмыс істеуге болады ма?

Әлемде желілік маркетингтің түр-түрі бар. Әртүрінің өзінше жұмыс істеу жобасы мен шарттары бар. Сондықтан жалпылай үкім беру әрине қиын. Ал Қазақстанда соңғы жылда кеңінен өріс алған «QuestNet» желілік маркетингіне келер болсақ, оның жұмыс істеу жобасы мынандай:

Бір кісі бұл жұмысқа кіруі үшін компанияның шектеулі санмен ғана шығатын коллекциялық бір затын (ең арзаны 670 $) алуы шарт. Сосын өзінің оң жағына бір адамды, сол жағына бір адамды компания өнімін алдыртқызу арқылы тіркейді. Ол екі адам да екі, екі адамнан тіркеткізеді. Осылайша шынжырлана отырып, классикалық пирамида кестесі бойынша төмен қарай өсе береді. Компания түскен ақшаның белгілі бір мөлшерін пирамидадағы адамдарға беріп отырады. Алты адам тіркеткенге 250 доллар береді.

Көптеген ислам ғұламалары «QuestNet» желілік маркетингінің жұмыс істеу кестесі мен жобасын сараптай келе харам деп пәтуа шығарған. Мысалы, Мысырдағы әл-Азһар университетінің Ислам экономикасы бойынша профессоры, ғалым Хусайн Шаххата, Қатар мемлекеті университетінің Ислам шариғаты факультетінің профессоры Әли Мұхиддин сынды көптеген ислам ғұламалары мен Сауд Арабиясының пәтуа комитеті жалпы желілік маркетингтің жұмыс жасау жобасына харам деп пәтуа шығарған. Біз де аталмыш пәтуаларды ескерумен қатар Қазақстандағы осы «Quest net» желілік маркетингінің жұмыс істеу жобасын сараптай келе харам деген үкім шығарып отырмыз. Оған дәлеліміз:

Біріншіден, «QuestNet» компаниясының саудаға ұсынған өнімдерінің барлығы толықтай халал емес. Онда христиан поптарының суреттері салынған алтын бұйымдар және түрлі ислами емес діни рәміздер мен ер кісілерге арналған алтын қол сағаттар да бар. Ал ол бұйымдарды өзің алмағаныңмен сенен кейін тіркелетін жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардың біреуі алған жағдайда, одан түсетін пайданың бір мөлшерін компания сенің кірісіңе кіргізеді. Ал исламда табысыңа харам араластыру да – харам.

Екіншіден, «QuestNet» компаниясының саудаға ұсынған өнімдері санаулы ғана санмен арнайы шығарылатын коллекциялық бұйымдар. Ал ондай өнімдердің ешқашан шынайы бағасын анықтау мүмкін емес. Көп жағдайда коллекциялық бұйымдардың заттық құны емес, онда бейнеленген мәшһүр адамдардың, тарихтағы белгілі оқиғалардың, киелі жерлердің беделі сатылады (Мысалы, Рим папасының бейнесі, 2008 жылғы олимпиада секілді). Қысқасы компания коллекциялық заттарға ойларына келген бағасын қоя алады. Ал Ислам дінінде затты өзінің нарықтағы шынайы бағасынан аса қымбатқа сату – харам. Шариғат терминінде нарықтағы шынайы бағасынан аса қымбатқа сату «Әл-ғабнул-фахиш» (әл-Ғабнул-фахиш – Заттың нарықтағы негізгі құнынан аса қымбат бағаға сатылуы. Сағди Әбу Жәйб, Әл-Қамусул-фиқһи луғатан уа фиқһан, Сирия, «Дарул-фикh» баспасы, 1998ж.) делінеді.

Үшіншіден, сауда-саттықта негізгі мақсат – төленген ақшадан белігілі бір заттың қарымын қайтару болып табылады. Саудада тауар негізгі мақсат болмаған жағдайда, Ислам бойынша ондай сауда анық харамға жатады. Ал бұл жүйеде негізгі мақсат тауар емес, желілікке өзіңнен кейін тіркелетін адамдардың төлейтін ақшасынан түсетін белгілі мөлшердегі пайданы көздеу. Яғни, бір затты алған кезде сол зат үшін емес, компанияға тіркелу үшін ақша төлейсің. Компанияға тіркелер кезде негізгі мақсат тауар емес, бизнес деп түсіндіріледі. Тіпті заттар кешіккен жағдайда: «Затым қайда?» деп сұраған адамдарға шақырушы адам тарапынан: «Зат үшін жүрсің бе?, затты емес, бизнесті ойлау керек!» деген уәж айтылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетейін, бізден осы істің харам-халалдығын сұрап келген «QuestNet» желілік маркетингте қызмет істейтін адамдардың кейбіреуі әлі күнге дейін өздері ақшасын төлеп, тапсырыс берген заттарын неше ай өтсе де әлі ала алмағандарына куә болдық. Және оны уайымдап жүрген олар жоқ. Себебі, мақсат тауар емес, басқа тіркелген адамдардың есебінен түсетін пайда!

Ал енді алған нәрсең мақсат болмаса, ақша не үшін төленеді? Сенен кейін тіркелетін мыңдаған адамдар да не үшін төлемек?! Сондай-ақ, егер бұл сауда-саттықта тауар негізгі мақсат болмаса, ертең сенен кейін жүздеген, тіпті мыңдаған адам тіркелген жағдайда, сенің есебіңе келіп түсетін ақшаны нендей ісіңмен, қандай еңбегіңмен таптым демексің? Адамдарға бірінші кезекте қажет емес, тіпті өмір сүру стандарттарына сай емес әртүрлі коллекциялық қымбат тауарларды әртүрлі жолдармен қызықтырып сату арқылы ел экономикасына қандай үлес қосасың? (пайдасын былай қойғанда тигізетін залалына төменіректе арнайы тоқталамыз).

Осы жерде, «тіркелген адам төлеген ақшасының қарымында қандай да бір тауар, алтыннан жасалған бұйым алады ғой» деген қарсы уәж айтылуы мүмкін. Ал оларға берер жауабымыз, «егер бұл компанияға тіркеліп, ары қарай жұмыс жасау үшін компанияның қандай да бір өнімін сатып алу шарты болмағанда, сізге бірінші кезекте қажет емес, нарықта шынайы құны белгісіз және жеткізіп берген үшін 60 доллар қосымша ақша төленетін осындай удай қамбат коллекциялық тауарды сатып алар ма едіңіз?» Бұған әрине «жоқ» деп жауап бересіз. Ендеше, тауар мақсат емес. Бізге келіп осы істің харам-халалдығын білгісі келген кейбір студенттер берген ақшаларының қарымы ретінде «жеңілдіктері бар саяхат карточкаларын» алғандықтарын, ал ондай карточкалардың өте пайдалы екенін алға тартты.

Оларға: - сол «саяхат корточкаларын» алар кезде ұшаққа мініп саяхат жасауға жағдайың бар ма еді?, - деген сауал қойылды.
– Олар: Әрине, жоқ. Бірақ, болашақта байып жатсақ қыдырамыз да», - деген жауап қайырды.
– Демек, тауарды сатып алған сәтте сенің ондай карточкаға қажеттілігіңнің болмағаны ғой. Ендеше, «Quest net» желілік маркетингінде тауар мақсат емес
Төртіншіден, «Quest net» желілік маркетингінде – алдау, арбау, адам санасына түрлі жолдармен әсер ету бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

من غشنا فليس منا

«Кімде-кім бізді алдаса, ол адам бізден емес» деп саудада алдауды қатал ескертіп, мұсылманға жат әрекет екенін түсіндірген. Бұл желілік маркетингіне тіркелу үшін кем дегенде 670 долларға компанияның қандай да бір өнімін алу шарт. Ал енді осы өзіңе бірінші кезекте керек емес қымбат затқа төлеген ақшаңды қайтаруың үшін өзіңнен кейін кем дегенде 18 адамның әрқайсысына компанияның 670 долларлық бір өнімін алдыртуыңа тура келеді. Олай болмаса, ақшаң құрдымға кетті деген сөз. Ал енді күнделікті өмірде өте қажет емес, аса қымбат коллекциялық тауарды бір адамға алдыру үшін шамадан тыс жарнама, сан-түрлі айла-тәсіл қолдануыңа тура келеді. Олай болмағанда, бір адамның өзіне керекті емес қымбат тауарды сатып алуы да мүмкін емес. Компания адамдарды тіркелуге қалай көндіру керектігін үйрететін «11 баспалдақ» деп аталатын арнайы кітап және түрлі дискілерді дайындатқызған. Адам психологиясын жақсы меңгерген мамандар тарапынан дайындалған бұл кітапты оқып алған адам алдындағы адамды оп оңай өз дегеніне көндіріп, компания өнімін алуына ықпал етеді. Ақшасы жоқ болса, несие алуына немесе заттарын сатуына, яки, таныстарынан қарыз алуға ұсыныс жасайды. «11 баспалдақ» деп аталатын кітапта осының бәрі бүге-шігесіне дейін анық жазылған. Адам психологиясына әсер ететін әртүрлі сөздер мен біреудің жеткен жетістіктерін көрсету арқылы кез келген адамды қымбат тауарды сатып алуға және компанияға тіркеуге еріксіз көндіреді.

Адам бұл желілік маркетингіне көбіне тек таныстарын шақырады. Таныс адамды шақырғаннан кейін презинтатор бұл маркетингті жалпы түсіндіреді де шығып кетеді. Одан кейін орнына басқа кісі келіп жоспар сызып толығырақ түсіндіреді. Түсіндіретін адамға "follower" делінеді. «Follow» – артынан қалмай қадағалау деген мағынаны білдіреді. Кісіні тіркелуге көндіруде «Фоллоу» негізгі қызмет атқарады. Ертесі күні кешегі адамды тағы шақырады (кел шай ішейік, бір әңгіме бар еді немесе интернеттен заттарды көрсетемін деген сылтаулармен). Танысы тарапынан шақырылған әлгі адам айтылған жерге ештеңе ойламай, бейқам келе қалады. Осы кезде шақырып отырған кісі өзінен жоғары тұрған лидерлердің біреуіне осындай уақытта, осындай жерге келе қал, екеуміз кездейсоқ кездескен болып шақырған жаңа адамыма жұмысты тағы да түсіндіріп бер (фоллоу (follow) қойып бер) деп ескертеді. Екеуі кездесіп, әңгімелесіп отырған кезде, алдын ала ескертілген әлгі лидер кездейсоқ келе қалады. Сөйтіп лидер екеуі кездейсоқ кездескен болады да, шақырылған адамға «айтпақшы мына кісі де осы компанияда жұмыс істейді. Көптеген жетістіктерге жеткен» деп әңгіменің бағытын осы маркетингке бұрады. Сол кезде әлгі лидер шақырылған адамға тағы да фолллоу (follow) қойып, жұмысқа қызықтырады. Өзінің кезінде ақшасыз жүргендігін, осы жұмысты тапқаннан кейін автокөлік алғандыған т.б. материалдық тұрғыдан қол жеткізген жетістіктерін майын тамызып отырып айтып береді. Фоллоу (follow) бір адамға жоқ дегенде 4 рет әртүрлі лидерлермен өтірік кездейсоқ кездестіру арқылы қойылады. Осы фоллоулардың (follow) арқасында "жоқ" деп отырған адам өзіне керексіз қымбат затқа қалай тапсырыс беріп, компанияға қалай тіркеліп кеткенін білмей қалады.

Кімнен қарыз аламын деген адамға былай дейді: «Сенің мысалы, ақшаң болса, қай туыс яки таныстарыңа көмектесер едің, солардың тізімін жаз (100 кісіден кем болмауы керек)». Әлгі кісі байыған жағдайда өзінің көмектескісі келген кісілерінің аттарын тізіп отырып жазып береді. Мұны күтіп тұрған әлгі адам енді оған былай дейді: «Ал енді сен қиын жағдайға тап болсаң, осы кісілер саған қанша теңге көмектесе алады, соны жаз» дейді. Жазып болғаннан кейін: Енді, сен қазір осы кісілерден барып қарыз ал. Себебі сен қазір қиын жағдайда тұрсың. Тағдырыңды шешетін бизнеске кіре алмай қиналып тұрсың» деп қарыз алудың жолын көрсетіп береді.

«11 баспалдақ» атты кітаптың 21-бетінде былай делінеді: «Кісі ақша тапқан жағдайда, басқа жаққа жұмсап тастамауы үшін сен оны одан дереу алып ал». Бұл деген сөз кісіні белгілі бір іске мәжбүрлеу деген сөз. Исламда мұндай сауда жоқ. Кісі толық өз еркімен шешуге тиіс. Аталмыш кітаптың 20-шы бетінде: «Алдыңдағы адамның «жоқ» деген жауабын есту – жұмысымыздың бір бөлшегі. Біз бұл жұмысқа көптеген адамның «жоқ, қажет емес» деген жауабын есту үшін келдік. Бірақ, біздің жұмысымыз адамдардың «жоқ, қажет емес» деген жауабын «иә, маған қажет» деген жауапқа өзгертуде» делінген. Яғни, кісінің «қажет емес» деген сөзіне қарамастан, әртүрлі жолдармен өзіне бірінші кезекте керек емес, қымбат тауарды алуына ықпал ету деген сөз. Бұл исламда – харам. Шариғатта адамға мұнша әсер етіп бір нәрсені сатуға тыйым салынады.

Адам психологиясына ықпалы бар осындай түрлі тәсілдер мен айлалардың әсерінен үйлеріндегі жалғыз сиырын сатып жібергендер де, несие алып қарызға батқандар да жетерлік. Сөзіміз дәлелді болу үшін екі студенттің осы жұмысқа кірген кездегі бастарынан өткен оқиғаларын өзгертусіз толық күйінде беріп отырмыз.

***

«Менің есімім Эльвира. Мен Қазақтың ұлттық университетінің 2-курста оқимын. Менің Quest International компаниясында жұмыс істеп жүргеніме көп бола қойған жоқ. Мені онда ең жақын досым шақырған. Мен осы жұмыс жайында естіген кезде жұмысқа тұрмасам бір жетістікке жете алмайтындай сезіндім. Сосын ақшаны іздеуге кірістім. Көп жерден ақша сұрастырдым. 80000 теңгені еш жерден таба алмадым. Ендігі үмітім ауылдағы ата-анам болды. Мен ауылға барып солардың күн көрісіне жарап отырған жалғыз сиырын сатуға мәжбүрледім. Ата-анам менен несін аясын, күнделікті сүтін сауып отырған сиырын базарға апарып сатып жіберді. Қазір ол кісілер сүтсіз қара шай ішіп отыр. Мен ойлағанмын жұмысқа тұрған соң өзімнің үлкен командамды жинап, осы сиырдың орнын қайтарып, көптеген армандарымды орындаймын деп. Бірақ, бұл жұмыс мен ойлағандай болмай шықты. Мұнда әр адам өзінің ең жақын досына сеніп кіреді және арманыңды орындаймын деп жүріп бәрін де ұмытасын. Егер де бұл жұмысты тоқтатамын деген кезде арманыңды тастап кете алмайсың. Сол себептен осында шыға алмай жұмыс істеп жүре бересің.

Менің жас студенттерге және бұл компания туралы білмейтін азаматтарға айтарым. Бұл жұмысқа тіркелмеңіздер мен жасаған қателікті сіздер қайталамаңыздар. Себебі, әр адам өз арманын орындауға болады. Өз орнымен, таза жолмен, өз еңбегімен ғана.»

***

Менің есімім Данияр. Абылайхан атындағы шет тілдері және халықаралық қатынастар университетінің 3-курс студенті болғанмын. 2008 жылы шілде айында QI компаниясына тіркелдім. Шақырушы адамның қызықтыруымен. Тіркелу себебім өмірімді жақсы жаққа өзгерту еді. Бірақ, мен қандай жетістіктерге жеттім? Бірінші жетістігім 7 айда алғашқы 250$ ақшамды алдым (80000 сала отырып). Екінші жетістігім, бүкіл уақытымды, күшімді осы жұмысқа арнадым. Үшінші туысқандарым, достарымнан айрылдым. Төртінші, оқудан шығып қалдым.
Жастардың осы жұмысқа тіркелмеулерін сұраймын. Себебі, тіркелген соң көптеген адамдар зардап шегіп жатыр. Мен және менің командам зардап шеккендіктен, осы жұмысты толығымен тоқтаттым.

***

Бесіншіден, маркетингтің бұл түрінде басындағы адамдар пайда тауып, төмендегілер ұтылады. Ал төмендегі адамдарды ақшасынан қағып пайда табу исламда – харам. Толығырақ түсіндірер болсақ, бір-біріне шынжырлана отырып тіркелген бұл желілік маркетингі бір жерде міндетті түрде тоқтайды. Себебі, Аллаһтан басқа ешбір нәрсе мәңгілік емес. Оның тоқтауына көптеген себептер бар. Компания басындағы адамдар сотты болып, яки басқа бизнестерінде сәтсіз болып қарызға батқан жағдайда, немесе мемлекет сауданың бұл түрінің ел экономикасына зияндығын байқап тыйған жағдайда, соғыс бола қалған жағдайда т.б себептермен шынжырланған бұл желілік маркетинг бір жерде тоқтайтыны анық. Ал енді тоқтаған жағдайда пирамида жолымен қаланған бұл маркетингтің басындағы адамдар ғана салған өз ақшаларын шығарып, пайдаға кенеледі де, төмендегі көптеген адамдар қалтасынан қағылады. Математикалық нақты есепке жүгінер болсақ, мысалы, бұл маркетингке 2047 адам тіркелді делік. Сосын бұл жұмыс әлде бір себептермен тоқтады дейік. Бұл жағдайда 2047 адамнан 127 адам ғана салған өз ақшаларын шығарып, пайдаға кенеледі екен де, 128 адам салған ақшаларының 500 долларын, 256 адам 250 долларын ғана қайта алады екен. Ал қалған 1526 адам салған ақшаларының бір тиынын да шығара алмайды. Жалпы алғанда 127 адам ғана пайда тауып, 1920 адам ұтылады. Ал 2047 адамның салған ақшасының 1 371 490 доллары шет ел асып, осы жүйені құрған алаяқтардың қалтасына түседі екен. Ал, енді 1920 адамды ақшасынан, уақытынан, қуатынан, болашағынан қағып, 127 адамды ғана ақшаға кенелткен сауданың бұл түрі исламды былай қойғанда, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс емес екені сөзсіз. Құранда: «Ей иман келтіргендер! Бір біріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер!» («Ниса» сүресі, 29-аят) делінген. Жоғарыдағы келтірген есепте 1 концессиямен (бір концессия – 670 доллар) кіріп, оң жақ және сол жағы төмен қарай тең жүрген 2047 адам ғана есептелді. (Ескерту: Бұл көрсеткіш осы маркетингте көптен жұмыс істеп жүрген кейбір адамдар тарапынан есептелді). Ал Қазақстанда қазір (06.02.2009) QI компаниясына 6000 мыңға жуық адам тіркелген. 4 000000 миллион АҚШ долларына жуық ақшаның шетел асқандығына байланысты ақпарат бар.

Белгілі бір адамдарды ұтқызып, енді бір адамдарды ұтылдыратын және адамдарды құлшылық пен өмірдегі негізгі істеріне салғырт қарата бастайтын жүйе – Ислам бойынша құмарлыққа жатады. Ал оның харам екені даусыз.
Алтыншыдан, ел экономикасына да аса зиянды. Нарықтағы шынайы бағасы белгісіз, көбіне сатып алған адамдарға бірінші кезекте қажет емес, тіпті, олардың өмір сүру стандартына сай емес удай қымбат коллекциялық тауарлардың қарымында ел ақшасын сан түрлі айламен жиып, шет ел асырып жіберудің қаншалықты зиянды екені айтпаса да түсінікті. Бұл компанияға тіркелген адамдардың саны 5-6 миллионға жеткен кезде ұтылатын адамдар мен шетелге шығарылған ақшаның мөлшері қандай екенін есептеу, әрине, қиын емес. Әсіресе, қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде желілік маркетингтің ел экономикасына өте зиянды екенін түсінуіміз қажет. Миллиондаған ақшаның шетелдер асқанын байқаған Шри-Ланка секілді кейбір мемлекеттерде қума сауданың бұл түріне ресми тыйым салынған.

Жетіншіден, бұл маркетингтегі адамдардың саны көбейген сайын қажетті түрлі мамандықтар тапшы бола бастайды да, бара-бара тепе-теңдік жоғалып, еңбек күші қисынсыз пайдаланылғандықтан қоғамда әлсіреу және кері кету көрініс табады. Себебі, адамзатқа бірінші кезекте керек емес, коллекциялық қымбат заттарды сатумен айналысқан мыңдаған адамның қуаты мен білімін, уақытын ел экономикасын көтеретін өндіріске, басқа да пайдалы салаға жұмылдыруға болатын еді. Бұған қоса адамдарға бұл жұмыс түсіндірілген уақытта: «Сен мұғалімсің, яки инженерсің, табысың өте төмен, бұл жұмысқа кірсең арманыңды жүзеге асырып, байлықтың астында қаласың» деп кісіні өзі сүйген мамандығынан, қызметінен, оқуынан суытып, теріс пікір қалыптастырады. «11 баспалдақ» делінген кітаптың 20-шы бетінде, «Кісіні осы жұмысқа тартқан кезде, оған бұл жұмыс пен өзі істеп жүрген жұмысын яки басқа жұмыстарды салыстыр» делінген. Яғни, бұл жұмыстың көп пайда әкелетіндігін, ал басқа жұмыстардың түкке тұрмайтындығын насихаттайды. Көптеген студеттердің осы компанияға тіркелгеннен кейін оқуына бұрынғыдай көңіл аудара алмағандығы, ұйқысының бұзылғандығы, тіпті кейбіреулері оқуларының қажетсіз екенін ойлап, біржолата тастап кетпек болғаны мәлім болды. Ал енді, елдің бәрі осы маркетингті қуалап кетсе, халыққа қажетті түрлі мамандықтарды, елдің дамуына үлес қосатын қызметтерді кім атқарады?

***
Осы жұмысқа байланысты қосымша сұрақ:
«QuestNet» желілік маркетингінде жұмыс істеп жүрген бірқатар студенттер осы жұмыс арқылы ақша тауып, туысқандарына, тіпті араларында жетім-жесірлерге көмектесетіндердің де бар екенін айтып, жұмыстың бұл түрінің адал екендігін алға тартты.
Олардың бұл уәждеріне берер жауабымыз:

Исламда мақсат қандай асыл болса, оған апаратын жолдар да сондай таза, пәк болуға тиіс. Мыңдаған адамдарды ақшаларынан қағып, бірнеше адамға жақсылық жасау – исламда жоқ. Бұл жайлы хадисте: «Алла – пәк, көркем. Тек пәк істерді ғана қабыл алады» делінген.
Қорытынды: «QuestNet» желілік маркетингінің жұмыс жобасындағы жоғарыда атап көрсетілген шариғатқа, адамгершілік нормаларына қайшы тұстарын ескере келе, аталмыш желілік маркетингтің харам екені анықталды.

Ескерту: «QuestNet» желілік маркетінгінің жұмысының харамдығына байланысты келтірілген жоғарыдағы себептер басқа да желілік маркетингтерінде, немесе, сауда түрлерінде табылып жатса, оның да харам екені сөзсіз.

Қайрат Жолдыбайұлы,

Пікірлер Кіру