Екінші сап қай жерден бастап түзіледі?

08 сәуір 2019 12363 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Мешітте жамағатпен намаз оқығанда, бірінші сап толып, екінші сап құрыла бастағанда бір топ адам орта жақтан бастап сап түзейді, ал екіншілері, оң жақтан бастау сүннет деп мешіттің оң жағына шығып алады. Нәтижесінде бір сап екіге бөлініп кетеді. Дұрысы қалай? Ақпанов Е.


Жауап

Уа алейкум ассалам. Бұл сұрақтың жауабын Имам Ибн Абидин (р.а) кітабында көрсетіп, былай деген: «(Жамағат сабының) екі тарабы тең болуы үшін (имамның) михрабқа тұруы сүннет болып табылады, мешіттің екі жағының біріне тұруы – мәкрүһ...

Имам Әбу Ханифа (р.а): «(Имамның) екі баған арасында, мешіттің бұрышында, мешіттің шеткі жағында немесе бағанаға қарап оқуын мәкрүһ санаймын[1], себебі бұл үмметтің амалына қайшы келеді Пайғамбар (с.ғ.с):

توسطوا الإمام و سدوا الخلل

«Имамды орта тұсқа алыңдар, ашық жерлерді бекітіңдер», – деп бұйырған»,[2] – деген.

Бағанаға қарап оқудың мәкрүһ көруінің себебі – бағананың михраб еместігінен. Оны «михрабқа қарап тұруы сүннет болып табылады» деген сөз де құптайды. Ендеше, имам үшін де жамағаттың орта тұсына тұруы – сүннет. Сол үшін имамға арналған михраб орны мешіттің төрінің дәл ортасына салынады. Бұның хикметі бес уақытта имамдық жасаушы имам жамағаттың ортасында тұруы үшін»,[3] – дейді.

Тоқетері: намаз оқушы жамағат сап түзгенде, имамның артынан бастап түзеді, имамды орта тұсына алады.

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Яғни, құптамаймын
[2] Байһақи
[3] Роддул-мухтар

Пікірлер Кіру