Баланы жұбату үшін намазды бұзуға бола ма?

14 наурыз 2019 21086 0
Оқу режимі

Саламатсыздар ма. Намаз оқып жатқан уақытта бесікте бала жылап жатса не істеу керек? Мұндай жағдайда намазды тоқтатып кайтадан оқуға болады ма? Өтегенова М.


Жауап

Сәлеметсіз бе. Сіздің мәселеңізді үш бөлікке бөліп қарастырайық.

Біріншіден: Егер оқып жатқан намазыңыз парыз намазы болса, онда оны шариғатпен көрсетілген белгілі жағдайларсыз бұзуға болмайды. Себебі, Алла Тағала Құранда:

وَلا تُبْطِلُوا أَعْمَالَكُمْ

«Сондай-ақ, амалдарыңды бұзбаңдар»,[1] – деп ескерткен. Осы орайда, фиқһ ғұламалары намазды бұзуға болатын жағдайларды былай деп атап көрсеткен. Олар: жылан сынды қауіпті жәндіктерді өлтіру, жыртқыштан қашу, өзінің немесе біреудің дүниесін сақтап қалу үшін, біреуді қатерлі жағдайдан құтқару немесе соның алдын алу үшін (көзі көрмейтін адамның шұңқырға түсіп кету қатері), ұйқыдағы немесе ғапылда қалған адамды нақты қатерден алдын алу үшін (өрт шыққан үйде ұйқтап жатқандарды ояту сынды), батып бара жатқан адамды құтқару, баласы үшін немесе өзі үшін қатер пайда болғанда.

Екіншіден: Егер балаңыз бесікте жатса, онда оған қауіп төнбейді деп қарастырылады. Егер қауіптенсеңіз әрі балаға қарайтын басқа біреу болмаса, намазыңызды бұзуға болады. Әйтпесе, баланың жылағаны үшін ғана намазды бұзуға болмайды.

Үшіншіден: Баланы жылатпау үшін егер намаз уақыты кең болса, онда баланы емізіп, ұйықтатып, содан кейін намазыңызды оқығаныңыз жөн. Себебі баланың жылауы намаздан көңілді бөледі. Алла Тағала намазда барынша басқа нәрсеге алаңдамауға бұйырып:

وَاذْكُر رَّبَّكَ فِي نَفْسِكَ تَضَرُّعًا وَخِيفَةً

«Раббыңа жалбарына қорыққан түрде зікір ет»,[2] – деген.

Егер намаз уақыты шығып кетеді деп қорықсаңыз, баланы қолыңызға алып оқысаңыз да болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) немересі Умаманы (р.а) да көтеріп тұрып намазын оқыған.[3]

Ал, егер бала намаз оқып жатқан кезде жыласа, онда намазыңызды жылдамырақ бітіріңіз. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір сөзінде: «Расында, мен намазды ұзағынан оқығым келеді, алайда кішкене баланың жылаған дауысын естігенде шешесіне қиын болмасын деп намазды жылдам оқимын»,[4] – деген.

Тоқетері: Бесіктегі баланың жылағаны үшін намазыңызды бұзбайсыз.

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 

[1] «Мухаммад» 33-аят.
[2] «Аъраф» 205-аят.
[3] Бухари, Муслим, Әбу Дәуід
[4] Бухари, Муслим

Пікірлер Кіру