Қажылық жаса деп зекет беруге бола ма?

21 қаңтар 2019 11778 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Бір кісі бар, ол әйелімен бірге қажылық жасағысы келеді. Алайда, қажылыққа баратын шамасы жоқ. Сұрағым: Зекетімнің ақшасын қажылық (умра) жасағысы келген осы кісіге берсем бола ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам.

Біріншіден, мұсылман адамға қажылық парыз болуы үшін оның қажылыққа шамасы жететін болуы керек, яғни қажылық жасауға жетерлік қаражаты болуы тиіс. Себебі, Алла Тағала Құранда айтады:

وَللهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا وَمَنْ كَفَرَ فَإِنَّ اللهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал, кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай».[1]

Демек, сіздің айтып отырған кісіге қажылық парыз емес.

Екіншіден, зекет қайсыбір адамға қажылыққа барсын деп берілмейді. Себебі Құран Кәрім зекеттің кімдерге берілетінін нақты көрсетіп:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَرِيضَةً مِنَ اللهِ وَاللهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Шын мәнінде, садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгілегендерге, көңілдері алынатындарға (жаңа Мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі»,[2] – деген. Бұл аятта қажылыққа баратын адамдарды зекет бөлінуі керек жандардың қатарында көрсетпеген. Себебі, шамасы жетпейтін адамға қажылық әу бастан парыз емес.

Тоқетері: қайсыбір адамға қажылық жасағысы келеді екен деп зекет берілмейді. Алайда, ол адамдарға зекетті кедей болғаны үшін беруге болады.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Әли Имран» сүресі, 97-аят.
[2] «Тәубе» сүресі, 60-аят.

Пікірлер Кіру