Намазда тұрғанда шырылдаған ұялы телефонды өшірсе, намаз бұзыла ма?

25 желтоқсан 2018 13692 0
Оқу режимі

Әссәләмуғалейкум! Мешітте намаз оқып тұрғанда ұялы телефоным шырылдаса, өзгелерге кедергі жасамас үшін оны өшірсем намазым бұзыла ма? Әділ


Жауап

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазда тұрғанда «көп қимылға» бармастан қалтасындағы ұялы телефонды бір қолмен өшірсе, намазы бұзылмайды. Дегенмен, мәкруһ. Сондықтан да, намазға бастамас бұрын аппаратты өшіріп немесе үнсіздікке қойған жақсы. 

Алайда, телефоны іліп қойған киімінің қалтасында болса, әлде жақын жерге қойған сөмкесінің ішінде болса, оны өшіру – «көп қимылды» тудыратындықтан намазы бұзылады (дәрет бұзылмайды).   

Ескерту: Шариғатта намазға қатысты «көп қимыл» және «аз қимыл» деген түсінік бар. Бірінші жағдайда, намаз бұзылады. Екіншісі, бұзбайды. Әлдекім намазында сырттан қараған кісіге «ол намазда емес» дейтіндей ой қалыптастыратын іс-қимылға барып жатса, онысы «көп әрекетке» саналып, намазы бұзылады. Қайта бастауы тиіс. Мысалы, намазда киімін шешу, киім кию, бір жерін қайта-қайта қасу (үштен көп), әдетте екі қолмен істелетін істі істеу т.б.  

Абдусамат Қасым

Пікірлер Кіру