Құран аяттары бар алқа тақсам бола ма?

11 желтоқсан 2018 12966 0
Оқу режимі

Саламатсыздар ма. Менің сұрайын дегенім: алқамда Құранның аяты бар, ол алқамен әжетханаға кіруге болмайды дейді. Сол рас па? Егер рұқсат болмаса, оны балқытып басқа нәрсе жасауыма бола ма?

Айдарова Д


Жауап

Сәлеметпіз. Сұрағыңызды екі бөліп қарастырайық. Біріншісі: Құран аяты бар алқамен әжетханаға кіру мәселесі; Бұл сұраққа қатысты  Имам Хаскафи: «Сырты қапталған руқиямен әжетханаға кіру мәкрүһ емес, алайда сақтанған дұрыс»[1], – дейді. Имам Хаскафидің бұл сөзін ашықтаған Имам Ибн Абидин «Хашия» кітабында мынаны айтады: «Руқия деп Құранның аяттары жазылған нәрселерге қолданады. Егер ол су өткізбейтін заттармен қапталса, онымен әжетханаға кіруге болады. Онда  дұға ретінде жазылған Құран аяттары аят болмысынан шықпайды»[2].

Қорытынды: сіздің алқаңыздағы аяттар қандай да бір затпен қапталмаған болса, онымен әжетханаға кіруге болмайды. Себебі6 Құран аяттарының өзіндік құрметі бар. Онымен әжетханаға кіру – Құран аятына құрметсіздік ретінде бағаланады.

Екіншісі: аят жазылған алқаны балқыту мәселесіне келсек, Имам Хаскафи айтады: «Құран аяты жазылған дирхамды балқыту – мәкрүһ амал. Алайда6 дирхам сынған болса, онда оны балқыту мәкрүһ емес»[3]. Имам Хаскафидің бұл сөзін Имам Ибн Абидин былай ашықтайды: «Егер аят жазылған дирхам сынса, ол мәкрүһ болмайды, себебі сынғаннан кейін ол толық аят болып есептелмейді, ондағы аят әріптері де үзіліп кетеді»[4].

Қорытынды: сіздің алқаңыз осы дирхам іспеттес үкім алады. Оны себепсізден балқыту – мәкрүһ амал. Оны тек сынып, әріптері өшіп кеткеннен кейін ғана балқытқан жөн болады.

Сәттілік иесі Алла ғана!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 

[1] Дуррул-мухтар
[2] Хашият Ибн Абидин
[3] Дуррул-мухтар
[4] Хашият Ибн Абидин

Пікірлер Кіру