Ауа райын алдын ала болжауға шариғат қалай қарайды?

11 желтоқсан 2018 11862 0
Оқу режимі

Ассаламалейкум! Мен метерология мамандығында оқушы едім. Яғни ауа райын зерттеп болжайтын оқу. Осы  мамандықты оқыған дұрыс па? Шариғатқа қайшы тұсы жоқ па? Ерсұлтан Ермахан

 


Жауап

Уағалейкумассалам. Жалпы адамзат баласына пайдасын тигізетін, қоршаған ортаның игіліне асатын кез келген ілім болсын, мамандық болсын оны оқып үйренуге, сол істің маманына айналуға ислам шариғаты дұрыс қарайды. Бастысы Алла Тағала күнә деп белгілеп қойған шеңберден шығып кетпесе болғаны.

Метерология  ілімі жайлы ғұламаларымыз бірауыздан оның шариғатқа еш қайшылығы жоқ екендігін айтып өткен. Метерология ілімі ғайып ілімін ашу, ғайыптан хабар алу дегенді білдірмейді. Метерология мамандығының шариғатта рұқсат екеніне екі себеп негіз болады. Бірінші, аталмыш салада адамдар үшін, тіпті қоршаған орта үшін де ауыл шаруашылық жұмыстары үшін де қажеттіліктің бар екені айдан анық. Екінші, метерология саласында, мамандар тек  болжамдарға, астрономиялық есеп-қисаптарға сүйеніп, желдің күшейуі сияқты, бұлттардың көшуі сияқты құбылыстарға мән бере отырып,  ауа-райының жағдайын шамалап болжайды. Ауа-райының өз болашағынан белгі беруі де Алланың қалауы. Алла Тағаланың  адамдарға,  жан-жануарларға деген мейірімділігі һәм жеңілдігінің нышаны. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Ол күнді шуақ шашқан жарық, ал айды (күннен нәр алған) нұр етіп жаратты және жылдардың саны мен уақыттың есебін біліп жүрулерің үшін оған бірқатар кезеңдер межелеп қойды. Алла бұларды бостан босқа емес, белгілі бір мақсатта ғана ақиқат һәм мызғымас жүйе негізінде жаратты. Алла тағала білетін әрі білгісі келетін қауым үшін аяттарды осылайша жан-жақты баяндап түсіндіреді» («Юнус» сүресі, 5-аят) Бұл аяттан Алла Тағала жаратылыстың құбылысын адамдарға белгі ретінде  көрсететіндігін аңғарамыз. Осы тұста Аллаға және оның ғайып іліміне иман келтірген мұсылман: "Ақиқатын Алла білуші, барлық нәрсе Алланың қалауымен іске асады" - деген сенімін жүректе нық орнықтыруы шарт. Алайда бұл зерттеу жасамай, тек болжалдап білу дегенді білдірмейді.

Асқар Мұқанов

Пікірлер Кіру