Құрсақтағы балаға пітір беріле ме?

06 желтоқсан 2018 13851 0
Оқу режимі

Ассаламуғалейкум! Әйелімнің аяғы ауыр. Алла жазса, 5 айлық. Пітір садақаны бергенде сол іштегі шақалаққа да есептеп беремін бе? Сәкен


Жауап

Уағалейкум әссәләм, Сәкен!

Отағасы пітір садақаны өзі үшін және балиғатқа толмаған жас балалары үшін жеке-жеке есептеп береді. Ана құрсағындағы балаға пітір садақа беруге міндеттелмейді[1]. 

Сахих Бухариде келтірілген бір риуаятта Абдулла ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі құрмадан бір саъ немесе арпадан бір саъ пітір садақасын беруді әр бір мұсылман құл мен азаттыға, әйел мен еркекке, үлкен мен кішіге өлшеп бекітті. Және оны айт намазына шықпай тұрып беруді бұйырды»[2]. (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).

Алла елшісінің хадис-шәріптегі «кішіге» деген сөзі кәмілетке толмаған балаға қатысты айтылған. Өйткені араб тілінде және өзге тілдерде «кішкене» немесе «жас бала» сөздері ана құрсағындағы шақалаққа емес, дүниеге келген, бірақ, әлі балиғатқа толмаған балаға қолданылады. Алайда, сауап үшін іштегі балаға да есептеп беріп жатсаңыз күнәсі жоқ. 

ЕСКЕРТУ:

Ана құрсағындағы бала Ораза айт күні (айттың бірінші күні) таң атпай тұрып, яғни, таң намазының уақыты кірмей тұрып дүниеге келсе, ол үшін де пітір есептеп беріледі. Таң атып кеткеннен кейін дүниеге келген жағдайда берілмейді[3]. Алла қабыл етсін! 


[1] Ибн Ғабидин: Раддул Мухтар. «Садақатуль Фитр». 6/145 бет.
[2] Бухари - №1432; (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).
[3] Ибн Ғабидин: Раддул Мухтар. «Садақатуль Фитр». 6/164 бет.;  Алиюль Қари – Фатху бәбил Иная. 1/541 бет.

Тегтер: пітір
Пікірлер Кіру