Мәуліт мерекесімен құттықтап сыйлық беруге бола ма?

27 қараша 2018 11930 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум. Мәуліт мерекесінің құрметіне кішкене балаларымызға  сүйікті тәттілерін, ал жолдас-жорандарға басқа сыйлықтар алып жүретініміз бар еді. Бірақ кей кісілер бұл мерекені бидғат, харам, ақымақтық деп жүр. Ал алып жүрген тәттілеріміз бен сыйлықтарымызды қателік дейді. Бұл қалай болмақ?

Қайырғали М.


Жауап

Уа алейкум ассалам. Мәуліт мерекесін атап өту – ең абзал амалдардан екені белгілі. Тіпті, Алла Тағала Құранда:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ

«Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік»[1], – деп жар салған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірге келуі – әр мұсылман үшін үлкен қуаныш. Ендеше, әр мұсылман өз қуанышын өзінше білдіруіне құқылы, тек шариғаттың шеңберінен шықпауы керек. Пайғамбар үшін қуана білу – Пайғамбарға (с.ғ.с) деген махаббаттың көрсеткіші.

Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

لا يؤمن أحدكم حتى أكون أحب إليه من والده وولده والناس أجمعين

«Сіздер мені ата-анаңыздан, бала-шағаңыздан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иманды болмайсыздар»,[2] – деген. Демек, Пайғамбарды (с.ғ.с) жақсы көру – иманның кәміл болуының негізгі шарты.

Имам Суюти айтады: «Мәулітте бізге бас қосып жиналып, тамақтандырып, тағы сол сияқты қуанышты байқататын Аллаға жақындататын амалдар жасауымыз керек. Мен Хафиз Шамсуддин ибн Жазаридың «Ъарфут-таъриф бил-мәулидиш-жәриф» атты еңбегінде былай дегенін көрдім: «Әбу Ләһәб өлгеннен кейін бір адамдардың түсіне кірген екен. Сонда оған: «Қалың қалай?» – деп сұрағанда, ол: «Халім нашар, тозақтамын. Алайда, әр дүйсенбінің кешінде маған кішкене жеңілдік беріледі. Ол кезде екі саусағымның арасынан бармақ басындай су емемін. Бұл жеңілдік кезінде пайғамбардың (с.ғ.с) туылғанын сүйіншілеп келген күңім Суәйбаға қуанғанымнан бостандық бергенім үшін берілді», – деген екен»[3].

Хафиз Шамсуддин ибн Насир Димашқи: «Абу Ләһәбтің Пайғамбардың (с.ғ.с) туылғанына қуанып, Суәйбаға бостандық бергені үшін әр дүйсенбі күні оған тозақтың азабы жеңілдейтіні сахих жолмен жеткені белгілі», – дей келе былай өлеңдете жөнелген:

إذا كان هذا كافــرًا جاء ذَمُّـــــــــــــــــــهُ ... وتبَّتْ يداه في الجحـيم مُخَلَّدا

أتى أنه في يوم الاثنـــــــــــــــــين دائمًـــا ... يخفف عنه للسرور بأحمـــــــدا

فما الظنُّ بالعبد الذي كان عمرَه ... بأحمدَ مسرورًا ومات موحدًا

Тозақылық екені мәлім болған,
Құранда «құрысын» деп лағнет алған,
Кәпір болған бір адамға әр дүйсенбі
Азабы жеңілденер бір сәт туған,
Себебі ол пайғамбар туылған күн
«Мұхаммед туылды» деп бір қуанған.
Ал, енді өмір бойы мүмін болып
Аллаға серік қоспай иман еткен
Қуанған әр сәтінде Нәби үшін
Адамның ақыреті қандай екен?!»[4]

Міне, жоғарыда келтірілген дәлелдерге сүйене отырып, Мәуліттегі балаларыңыздың қуанышы үшін алған тәтті мен, жолдастарыңызға алған сыйлығыңыздың еш әбестігі жоқ.

Сонымен қатар, тәтті мен сыйлықтың шариғатқа тікелей қайшылығы жоқ. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі де тәттіні жақсы көрген. Бұған қатысты Айша анамыз (р.а):

 كَانَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وآله وسلم يُحِبُّ الحَلْوَاءَ، وَيُحِبُّ العَسَلَ

«Алла Елшісі (с.ғ.с) тәтті мен балды жақсы көретін»[5], – деген. Ал сыйлық беруге келсек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі де сыйлық алған, берген, әрі оған қызықтырып:

تَهَادوْا تَحَابوْا

«Бір-біріңе сыйлық беріңдер, бір-бірлеріңе сүйіспеншіліктерің артады»[6], – деген.

Сәттілік иесі Алла ғана

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Әнбия 107
[2] Бухари, Муслим
[3] Хуснул-мақсид фи ъамалил-маулид
[4] Мәуридус-Сади фи мәулидил-Һәди
[5] Бухари, Ахмад
[6] Малик

Пікірлер Кіру