Ғұсыл алуға мүмкіндік болмаса, қанша уақытқа дейін таяммум алады?

15 қараша 2018 45306 0
Оқу режимі

Ауылдық жерде ғұсыл алуға, дәрет алуға жағдай болмаса таяммуммен қанша жүріп намаз оқуға болады?


Жауап

Құран Кәрімде: "Егер науқас не сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар таза жерге таяммүм соғыңдар; онымен беті-қолдарыңды сипаңдар"[1] делінгенОсы аяттағы "Су таба алмасаңдар" деген сөзден фиқһ ғұламалары түрлі пәтуалар шығарған.

Төмендегі жағдайларда таяммум соғуға рұқсат етілетіндігін алға тартқан:[2]

а. Судың болмауы;

ә. Су бар, алайда қолдануға мүмкіндік болмаса (ауырып қалу ықтималдығы жоғары болса);

б. Ауырып тұрған кісінің, ауыруым күшейіп кетеді немесе аурудан айығуым кешігіп кетеді деп күмәнданса

в. Жақын жерде су болып, оны алуға мүмкіндік болмаса (Дұшпаннан немесе жыртқыш аңдардан қорқу немесе құдықтан суды шығарып алу мүмкіндігі болмаса).

Өзінің үйінде жүрген кісі, су жылытып жуынуға немесе дәрет алуға мүмкіндігі болғандығы үшін таяммум соға алмайды. Жоғарыда айтылған жағдайлар үйінен ұзақта, не сапарда, не сырқаттанып қалған кісілерге қатысты екендігін ескертеміз. Мұндай кісілер су қолдануға алғашқы мүмкіндік туғанға дейін таяммум соға береді.


[1] "Мәидә" сүресі, 6-аят

[2] әл-Фиқһул-Хәнәфи уа әдилләтуһу, 1-том, 84-93 беттер

Тегтер: ғұсыл дәрет
Пікірлер Кіру