АУЫРҒАН КЕЗДЕ ҚАНДАЙ АЯТТАР МЕН ДҰҒАЛАР ОҚЫЛАДЫ?

19 ақпан 2024 3423 0
Оқу режимі

Сұрақ: Ауырғанда кезде қандай аяттар мен дұғалар оқылады?


Жауап

Адам өмірінде ауыртпашылық, сынақ және бәле-жала болмай тұрмайды. Бұл жайттар адамды тығырыққа тіреуі мүмкін. Бірақ, біз келген мәселенің шешімін, барлық сұрақтың жауабын Құраннан табуға болатындығын ұмытпауымыз керек. Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...»[1], «...Оларға ашаршылық және ауру-науқас келді...»[2] – дейді.

Құран – жанға дауа, дертке шипа. Белгілі бір техника бұзылса, оның нұсқама қағазына көз жүгіртеміз емес пе, сол секілді адам ауырса оның «нұсқамасы» болған Құранға жүгінеміз: «Құраннан мүміндерге шипа және рақым түсіреміз...»[3]. Олай болса, ауруға шипа болатын Құран сүрелері мен Алланың Елшісі үйреткен дұғалармен таныссақ...

ӘРБІР ДЕРТТІҢ ДАУАСЫ БАР

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, (науқас) Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады»[4], – деп айтқан. Яғни, Алла жаратқан әрбір сырқаттың шипасы бар. Және дауа беруші де – әш-Шәфи болған Алла Тағала. Құрандағы: «Ауырсам, Ол (Алла) маған шипа береді»[5] деген аятты да еске түсірейік.

Хадисте аурудан емделудің мустахабтығына сілтеме келген. Алдыңғы буын өкілдерінің көпшілігі және кейінгі буын өкілдері түгелдей осы пікірді ұстанған. Ән-Нәуәуи жазылмайтын науқастардың көп екендігі жайлы мәселеге қатысты Гиппократтың «мұндай жағдай емдеу жүйесін немесе емдік дәріні дұрыс таңдамаған дәрігердің қателігі себепті орын алады» деген сөзін келтірген.

ДЕМ САЛУДА АЛЛАҒА СЕРІК ҚОСУ КҮНӘСІ ӘРІ ШАРИҒАТҚА ҚАЙШЫ НӘРСЕ БОЛМАУЫ ШАРТ  

Ауф ибн Мәлик әл-Ашжағиден (р.а.). Ол: «Біз жәһилият кезінде дем салатын едік. Содан бірде: «Уа, Алла Елшісі! Сенің бұған қатысты ойың қалай?» – деп сұрадық. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Маған қалай дем салатындарыңды көрсетіңдерші. Дем салуда ширк болмаса, оның оқасы жоқ», – деп айтты»[6], – деген.

Сонымен қатар, шипа аяттары мен дұғаларын оқудың шарттары бар:
1. Алла Тағаланың сөзі және оның есімдері мен сипаттары қолданылуы қажет;
2. Араб тілінде болғаны дұрыс және оқып жатқан адам оның мағынасын білгені абзал.
3. Шипаны бір Алланың беретіндігіне, ал аяттардың тек себеп қана екендігін жүрекке бекіту керек.

ДҰҒА ОҚУ АРҚЫЛЫ ДЕМ САЛУ

Әнас (р.а.) бірде ол Сәбитке (р.а.): «Саған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) (ауырған адамға) оқитын дұғасын оқиын ба?», – деп сұрады. Ол: «Әрине», – деді, Сонда Әнас: «Я, Алла, адамдардың Раббысы, кеселдерді кетіруші, сауықтыр! Сен – Шипагерсің, Сенің шипаңнан басқа, шипа жоқ, бұдан кейін ауру қалмайтындай сауықтыр!»[7]

Аллаһумма, Раббаннаси, музхибаль-баъси, шфи Анташ-Шафи, лә шафийа иллә Анта шафиъан лй йуғадиру сакаман!

ҮЙДЕ «БАҚАРА» СҮРЕСІН ОҚУ

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді»[8], – деген. Сондай-ақ, Ибн Масғұд (р.а.) айтады: «Кімде-кім түнде «Бақара» сүресінен он аят оқыса, ол үйге шайтан кірмейді: басындағы төрт аят, Аятул-Күрсі, оған дейінгі екі аят және соңғы үш аят».

Тағы бір хадисте: «Кім «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті»[9]. Яғни, барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті делінген. Басқа ғалымдар «Шайтанның жамандығынан сақтауға жеткілікті», «Адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды» деп тәпсірлеген.

САУСАҚТЫҢ ҰШЫН ПАЙДАЛАНЫП ДЕМ САЛУ

Яғни, дұға оқып отырып, науқастың ауырған жеріне топырақ жағу арқылы дем салу.  Айша анамыздан (р.а.)  жеткен хадисте: Пайғамбар (с.ғ.с.) әдетте науқасқа: «Алланың есімімен! Біздің топырағымыз біреуіміздің түкірігімізбен, науқасымызға Раббымыздың рұқсатымен шипа болады!»,[10] – деп айтатыныны жеткізілген.  Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөздерді айта отырып, сұқ саусағын түкіріктеп, топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге жағатын болған.

Бисмилләһ! Турбәту ардина, бириқати баъдина, йушфа сақимунә, би-изни Роббина 

АУЫРҒАН ЖЕРДІ ҚОЛМЕН УҚАЛАП ОТЫРЫП ДЕМ САЛУ

Айша (р.а.) анамыз Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзінің жанұясында сырқаттанған адамның көңілін сұрап, ауырған жерін оң қолымен уқалап отырып: «Я, адамдардың Раббысы – Алла, сен – Шипа Берушісің, Сенен басқа жазылмайтын аурудан Айықтырушы жоқ, оның қайғысын кетіріп, шипа бер»,[11] – деп дем салатынын жеткізеді.

Азхибил-баъса, Раббаннаси, шфи уа Анташ-Шафи, лә шифаъа шифъука шифаъан лә йуғадиру сакаман!

СУҒА ДЕМ САЛУ 

Науқас адам өзі  жоғарыда көрсетілген  Құран аяттарын суға оқып, түкірігін шашыратпай сүфілейді. Кейін судың біразын ішіп қалған бөлігімен денесін ысқылайды. Әбу Дәуіт хасан иснадпен жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Сабит Ибн Қайс деген сахабаға суға дем салып үстіне құйғандығы айтылған.

Сондай-ақ, дәл осы аяттар мен дұғаларды «зәйтүн майына» оқып назарланған адамның денесін сүртсе немесе зәм-зәм суына дем салып науқасқа ішкізсе де болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Зәм зәм суы қандай мақсатта ішсең, сол мақсатта пайдалы»[12], – деген. Ал, Ибн Аббастан жеткен келесі хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Зәм-зәм – тойымды тамақ әрі ауруға шипа»[13], – деген.

АДАМНЫҢ ӨЗ-ӨЗІНЕ ДЕМ САЛУЫ

Науқасқа дем салудың келесі түрі – Құран аяттарын және шипа дұғаларын оқу барысында науқас ауырған жерге қолын қойып отырады немесе алақанымен уқалайды. Осман ибн аби әл-Ас бір күні Пайғамбарға (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі менің ауыруым қатты үдегені соншалық мен өліп кететін сияқтымын», – дегенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Ауырған жеріңе қолыңды қой да жеті рет: Мені мазалаған жамандықтың кесірінен  Алланың Құдыреті мен Күшіне сыйынамын, – деп айт»[14], – деген.

Аъуза би-ъиззати-Лаһи уа қудратиһи мин шарри ма аджиду уа ухазиру!

АУРУДЫҢ КӨҢІЛІН СҰРАП БАРҒАН КЕЗДЕ ШИПА СҰРАП ДҰҒА ЕТУ

Ибн Аббас (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Егер кімде-кім ажалы келмеген аурудың көңілін сұрап барып жеті рет: «Ұлы Күрсінің Раббысы, Ұлы Алладан сені сауықтыруды сұраймын!» – десе, Алла оны әлбетте кеселінен айықтырды»[15].

Асъалю-Ллаһа-ль-Ъзыма, Раббал-ършиль-ъзыма, ан йашфийа-кя!

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен тағы бір хадисте Алла Елшісінің ауырып қалған бәдәуидің көңілін сұрап барғаны айтылады. Ал, ауырған адамға барғанда әдетте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қапаланба, Алла қаласа, бұл кесел сені тазартады»[16], –  дейтін. 

Ля баъса, тахурун ин шаъаЛлаһу

ЖЕБІРЕЙІЛДІҢ ПАЙҒАМБАРҒА ДЕМ САЛУЫ     

Әбу Саъид аль-Худри (р.а.) былай дейді: Бірде Пайғамбарға (с.ғ.с.) Жебірейіл (періште) келді де: «Я, Мұхаммед, сен ауруыңа шағымданасың ба?», – деп сұрады, ол: «Иә», – деп жауап берді. Сонда Жебірейіл (ғ.с.) былай деді: «Саған барлық ауыртпашылықтарды туғызушыдан, кез келген адамның зұлымдығынан және жаман көзден сен үшін Алланың атымен сыйынамын! Алланың сені сауықтыруы үшін, Алланың атымен сыйынамын!» де».[17]

Бисми-Ллаһи арқи-кә мин кулли шаййъин йуъзука, мин шарри кулли нафсин ау ъайни хасидин! Аллуһу йашфикә, бисми-Ллаһи арқи-кә!

КӨЗ ТИЮГЕ ҚАРСЫ ДЕМ САЛУ  

Айша (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) маған көз тиюге қарсы дем салдыруымды бұйыратын»[18], – деп айтқан.

Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.) риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Хазмның отбасына жылан шаққанға қарсы дем салуға рұқсат етті. Сондай-ақ, ол (бірде) Әсмә бинт Ғұмайстен: «Неге мен бауырымның балаларының денелері арық екенін көремін, олар ауырып жүр ме?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ, бірақ оларға көз тиіп жүр», – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оларға дем салдыр»[19], – деген.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) әйелі Умму Сәләмәның үйінде бір қыздың бетінен теңбіл дақ көріп: «Бұған көз тиіпті, дем салдырыңдар», – деген. Яғни, ол қыздың бетінде сарғыш реңк бар еді.[20]

ЖЫНДАРҒА ҚАРСЫ ОҚЫЛАТЫН СҮРЕ     

Әбу Саид әл-Худри (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын. Кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді.[21]

Әбу Мусадан (р.а.) риуаят етіледі: «Сен бүгінгі түнде түскен аяттардай аяттардың болмағанын, көрмей тұрсың ба? Бұлар – «Қул ағузу бир-Робил фалақ…» және «Қул ағузу бир-Робин-нас…».[22]

ЕР АДАМНЫҢ ӨЗ ОТБАСЫНА АУЫРҒАН КЕЗДЕРІНДЕ ДЕМ САЛУЫ  

Айшадан (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) біреуіміз ауырсақ, оны оң қолымен сипап: «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), уәшфи, Әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифә’укә, шифә’ән лә йуғадиру сақама(н) (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер)», – деп айтатын».

Айшадан (р.а.). Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), бийәдикәш-шифә(у), лә кәшифә ләһу иллә Әнт(ә) (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа Сенің қолыңда, Сенен өзге оны кетіруші жоқ)» (деген) сөзбен дем салатын.

ҚОНАҚҚА БАРҒАНДА НЕ ДАЛАДА ҚОНҒАНДА ЖЫНДАРДЫҢ ӘРІ УЛЫ ЖӘНДІКТЕРДІҢ КЕСІРІНЕН САҚТАНУ

Хаула бинт Хаким әс-Суләмия (р.а.): «Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір орынға түскенде: «Аъузу бикәлимәтилләһит-тәммәти мин шәрри мә халақ(а) (Алланың жаратқандарының кесірінен Оның толық сөздерімен пана сұраймын)» десе, оған сол орнынан кеткеніне дейін ештеңе зиян тигізбейді», – деп айтқанын естідім», – деген.[23]

Құран мен сүннеттегі кеселдерді емдеуге байланысты дұғалар мен аяттардан бөлек басқа да шаралар бар.

ӘЖУА ҚҰРМАСЫНЫҢ СИҚЫРҒА ЕМІ  

Сағд ибн Әбу Уаққастан (р.а.): «Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім әр күн сайын таңертең кептірілген әжуа құрмасының жетеуін жесе, сол күні оған у да, сиқыр да зиян тигізе алмайды», – деп айтқанын естідім»[24]– деген.

Айшадан (р.а.). Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатында, әл-Алияның ажуасында шипа бар әрі ол таңның бастапқы кезеңінде (жесе) уға қарсы ем болады»[25], – деп айтқан.

АЗАН АЙТУ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намазға шақырылғанда шайтан азан біткенше ішек желін шығарып қашады. Азан аяқталғанда қайта келеді, намаз оқылғанда тағы қашады, біткенде қайта келеді»[26], – деген.

СЫРҚАТТАНҒАН, СИҚЫРЛАНҒАН НЕ КӨЗ ТИГЕН АДАМҒА ОҚЫЛАТЫН ШИПА АЯТТАРЫ

Науқасқа Құрандағы  «Фатиха» сүресін жеті рет,   «Бақара» сүресінің алғашқы бес аятын, «Аятүл күрсі» аятын,  «Ықылас», «Фәләқ»,  «Нас» сүрелерін үш реттен,  және  т.б руқиия, яғни дем салуда пайдаланылатын шипа аяттарын, сондай-ақ шипа дұғаларын оқып, аз ғана түкірік араластырып сүфілеу керек. Бұл рәсімді «дем салу» деп атайды.  

Алла Тағала Құранда: «Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз...»[27], – деген. Сонымен қасиетті Құрандағы руқиия аяттары төмендегідей:

  1. «Фатиха» сүресі;
  2. «Бақара» сүресі, 1-5 аяттары;
  3. «Бақара» сүресі, 163-165 аяттары;
  4. «Аятул-Курсі» («Бақара» сүресі, 257-аяты);
  5. «Бақара» сүресі, 284-286-аяттары;
  6. «Әли Имран» сүресі, 1-5 -аяттары;
  7. «Әли Имран» сүресі, 18-аяты;
  8. «Әли Имран» сүресі, 26, 27-аяттары;
  9. «Аъраф» сүресі, 54, 55, 56-аяттары;
  10. «Аъраф» сүресі, 117, 118, 119-аяттары;
  11. «Юнус» сүресі, 79, 80, 81, 82-аяттары;
  12. «Таһа» сүресі, 65, 66, 67, 68, 69-аяттары;
  13. «Му’минун» сүресі, 115, 116, 117, 118-аяттары;
  14. «Хашр» сүресі, 21, 22, 23, 24-аяттары;
  15. «Саффат» сүресі, 1-5-аяттары;
  16. «Рахман» сүресі, 31, 32, 33, 34-аяттары;
  17. «Мүлк» сүресі, 3, 4-аяттары;
  18. «Қалам» сүресі, 51, 52-аяттары;
  19. «Жын» сүресі, 3-аят
  20. «Кәфирун» сүресі;
  21. «Ықылас» сүресі;
  22. «Фәлақ» сүресі;
  23. «Нас» сүресі.

 


[1] «Бақара» сүресі, 155-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 214-аят.
[3] «Исра» сүресі, 82-аят.
[4] Бұхари, Муслим.
[5] «Шұғара» сүресі, 80-аят
[6] Муслим.
[7] Бұхари
[8] Ахмад, Муслим.
[9] Бұхари.
[10] Бұхари
[11] Бұхари, Муслим.
[12] имам Ахмад, Байһақи.
[13] әл-Батрани, ибн Хиббан жеткізген. Әл-Мунзири хадистің иснады сенімді деген
[14] Муслим.
[15] Әбу Дәуід.
[16] Бұхари.
[17] Муслим
[18] Муслим
[19] Бұхари.
[20] Муслим.
[21] Тирмизи
[22] Муслим
[23] Муслим
[24] Муслим
[25] Муслим
[26] Бұхари
[27] «Исра» сүресі 82-аят

Пікірлер Кіру