НАМАЗДЫҢ ПАРЫЗ АМАЛ ЕКЕНІН БІЛЕ ТҰРА ОҚЫМАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҮЛКЕН КҮНӘ?

22 қараша 2023 3632 0
Оқу режимі

Сұрақ: Намаздың парыз амал екенін біле тура оқымау қаншалықты үлкен күнә?


Жауап

Намаз, мінәжат – дінннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде ол пенде мен Рабының арасындағы тұрақты байланыс. Сол арқылы пенде Раббысына үйреніседі, күнә-кемшіліктерінен тазарады, туралықпен өмір сүру салты да нығая түседі және сол намаз арқылы әуейіліктің азғыруы мен нәпсінің қыспағынан сақтанады. Намаз пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер үшін, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс.

عَنْ أَنَسِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »حُبِّبَ إِلَيَّ مِنَ الدُّنْيَا النِّسَاءُ وَالطِّيبُ وَجُعِلَ قُرَّةُ عَيْنِي فِي الصَّلاَةِ«. رَوَاهُ النَّسَائِيُّ.

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді болды: хош иістер, әйелдер және намаз көзімнің қарасындай болды». Нәсәи риуаят еткен.

Құдай Тағала Құранның көптеген аяттарында «Намаз оқыңдар» деп бұйырған. Сондай аяттардың біразы төменде берілді. Алла Тағала былай дейді:

﴿وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ وَارْكَعُواْ مَعَ الرَّاكِعِينَ﴾   

«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер және еңкеюшілермен бірге еңкейіңдер» (Бақара, 43).

﴿فَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَاعْتَصِمُوا بِاللَّهِ هُوَ مَوْلَاكُمْ فَنِعْمَ الْمَوْلَى وَنِعْمَ النَّصِيرُ﴾

«Намазды толық орындаңдар, зекет берiңдер де Аллаға жүгiнiңдер. Ол — сендердiң Иелерiң. Ол қандай жақсы Ие, әрі қандай жақсы жәрдем  беруші» (Хаж, 78).

﴿وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ﴾

«...Және намаз оқы! Шындығында намаз азғындық пен жамандықтан сақтайды» (Анкабут, 45).

﴿وَاسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ وَإِنَّهَا لَكَبِيرَةٌ إِلاَّ عَلَى الْخَاشِعِينَ﴾

«Сабыр мен намаз арқылы жәрдем сұраңдар. Расында олар қорқушылардан басқалар үшін бір қиын іс» (Бақара, 45);

﴿حَافِظُواْ عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى وَقُومُواْ لِلّهِ قَانِتِينَ ﴾

«Барлық намаздарды және ортаңғы намазды сақтаңдар» (Бақара, 238).

﴿إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَاباً مَّوْقُوتاً﴾ 

«Расында намаз мүміндерге уақытылы парыз қылынды» (Ниса, 103).

Алла Тағала барлық пайғамбарларға, яғни олардың үмбеттеріне де намаз оқуға әмір еткен. Ол туралы ардақты аяттарда айтылады. Құран Кәрімде Иса пайғамбардың (а.с.) былай деген жеткізілген:

﴿وَأَوْصَانِي بِالصَّلَاةِ وَالزَّكَاةِ مَا دُمْتُ حَيّاً﴾  

«Ол (Алла) маған тірі болған шағымда намаз оқуымды, зекет беруімді өсиет етті» (Мариям, 31).

Сондай-ақ, Исмаил пайғамбар (а.с.) былайша сипатталған:

﴿وَكَانَ يَأْمُرُ أَهْلَهُ بِالصَّلَاةِ وَالزَّكَاةِ وَكَانَ عِندَ رَبِّهِ مَرْضِيّاً

«Ол (Исмаил) жанұясына намаз оқуға, зекетті орындауға бұйыратын және Раббысынан разылыққа бөленген еді» (Мариям, 55).

Даңқты әрі ұлық Алла соңғы пайғамбары Мұхаммедке (с.а.с.) былай бұйырған:

﴿وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا لَا نَسْأَلُكَ رِزْقاً نَّحْنُ نَرْزُقُكَ وَالْعَاقِبَةُ لِلتَّقْوَى﴾

«Жанұяңды намазға бұйырып, ол үшін сабыр ет. Біз сенен ризық сұрамаймыз, сені Біз ризықтандырамыз. Ал соңғы жақсылық тақуалыққа» (Таһа, 132).

Сондай-ақ Лұқман хакім ұлына былайша насихат айтады:

﴿يَا بُنَيَّ أَقِمِ الصَّلَاةَ وَأْمُرْ بِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنكَرِ وَاصْبِرْ عَلَى مَا أَصَابَكَ إِنَّ ذَلِكَ مِنْ عَزْمِ الْأُمُورِ﴾

«Уа, ұлым! Намаз оқы, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тый һәм басқа түскен бәлеге сабыр қыл. Шынында солар – ең шешуші істер» (Лұқман, 17).

Пайғамбардың (с.а.с.) қайтыс боларынан бұрын үмбетіне айтып кеткен ең үлкен өсиеті де намаз туралы болатын.

عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ آخِرُ كَلاَمِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» اَلصَّلاَةَ، اَلصَّلاَةَ، اِتَّقُواْ اللهَ فِيمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ«. رَوَاهُ أَبُو دَاوُدَ.

Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісінің (с.а.с.) ақырғы сөзі «Намаз! Намазды және қол астыңдағыларды (яғни, олардың хұқтарын) сақтаңдар!» болғандығы айтылады. Әбу Дәуіт риуаяты.

Намаз Ислам дінінің иманнан кейінгі екінші тірегі әрі осы діннің басты діңгегі. Сондай-ақ, Қиямет күні пенденің алғашқы сұралып, есеп беретін нәрсесі.

قال رَسُول اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّم: »بُنِيَ الإِسْلاَمُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّه وَأَنَّ مُحَمَّداً رَسُولُ اللَّهِ، وِإِقَامِ الصَّلاَةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَحَجِّ الْبَيْتِ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ.« مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.‏

Расулалла (с.а.с.) былай деді: «Ислам бес нәрсеге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беру; намаз оқу; зекет беру; Бәйтуллаға қажылық жасау; Рамазанда ораза тұту». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

عَنْ مُعَاذٍ بْنِ جَبَلٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» رَأْسُ الأَمْرِ الإِسْلاَمُ وَعَمُودُهُ الصَّلاَةُ وَذَرْوَةُ سَنَامِهِ الْجِهَادُ .«رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Мұғаз ибн Жәбәлдан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Істің басы – Ислам, оның діңгегі – намаз, ал ең биік шоқтығы – Алла жолындағы жиһад». Термези риуаят еткен.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ:» أَنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلاَتُهُ فَإِنْ صَلُحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ وَإِنْ فَسُدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ .«رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Әбу Һурайра (р.а.) Алланың елшісінен (с.а.с.)мынадай хадис естігендігін айтады: «Қиямет күні пенденің ең алғаш есеп беретін амалы – намазы, егер ол дұрыс болса, құтылып, сәттілікке жетеді. Ал ол бұзылса, тұтылып, опық жейді». Термези риуаят еткен. Намаз пенденің кіші күнә-қателіктерін кетіреді. Ол жайында төмендегі хадисте

баяндалады. عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: »أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ فِيهِ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسًا مَا تَقُولُ ذَلِكَ يَبْقَي مِنْ دَرَنِهِ؟ قَالُواْ: لاَ يَبْقَي مِنْ دَرَنِهِ شَيْئًا، قَالَ: فَذَلِكَ مِثْلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ يَمْحُو اللهُ بِهَا الْخَطَايَا«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Әбу Һурайра (р.а.) мынадай хадис естігендігін айтады. Бірде Алланың елшісі (с.а.с.) сахабаларына: «Қараңдаршы, егер біреулеріңнің үйінің алдында бір өзен болып, ол күн сайын сонда бес рет шомылатын болса, оның бойында бір кір қала ма?» – деп сұрады. Сонда сахабалар: «Жоқ, кірінен ештеңе де қалмайды», – десті. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Міне, бес уақыт намаз да сондай, Алла олар арқылы қателіктерді кетіреді», – деген. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

عَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أََََنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» خَيْرُ أَعْمَالِكُمُ الصَّلاَةُ وَلاَ يُحَافِظُ عَلَى الوُضُوءِ إِلاَّ مُؤْمِنٌ«. مِنْ كِتَابِ الْمُوَطَّأِ.

Мәлік ибн Әнес (р.а.) Алланың елшісінің (с.а.с.) мынадай хадисін естігендігін айтады: «Амалдарыңның ең қайырлысы – намаз! Ал дәретті мүмін адам ғана сақтай алады», – деген. Әл-Муатта кітабынан.

عَنْ جَابِرٍ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مِفْتَاحُ الْجَنَّةِ: اَلصَّلاَةُ وَمِفْتَاحُ الصَّلاَةِ الطُّهُورُ«. رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Жәннаттың кiлтi - намаз. Намаздың кiлтi - дәрет», – деген. Ислам діні күнделікті бес уақыт намазды мұсылманның барлық уақытын сергек әрі қырағы қадағалауы үшін бір-біріне жақын етіп реттеді. Сонда намаз желіктің желі соғып, әуейілік пен азғыру бой көтерген сайын қорғап, сақтап отыратын сенімді қорғаушысына айналады. Даңқты әрі ұлық Алла күнделікті бес уақыт намаздардың уақыттарын былайша жеткізген:

﴿وَأَقِمِ الصَّلاَةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفاً مِّنَ اللَّيْلِ﴾

«Күндіздің екі тарапында және түннің бір бөлігінде намаз оқы» (Һуд, 114);

﴿أَقِمِ الصَّلاَةَ لِدُلُوكِ الشَّمْسِ إِلَى غَسَقِ اللَّيْلِ﴾

«Күн ауғаннан түн қараңғылығына дейін намаз оқы және таңда Құран оқы. Расында, таңғы Құранға куәгер бар» (Исра, 78);

﴿إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَاباً مَّوْقُوتاً﴾ 

«Расында намаз мүміндерге уақытылы парыз қылынды» (Ниса, 103).

Міне, дініміздегі намаздың мәртебесі осындай. Осыдан соң оны орындамайтын, мойындамайтын, оған немқұрайлы қаратйын мұсылманды қалай атаймыз? Мұсылман ғалымдарының арасындағы ең жеңіл пікір бойынша намаз оқымағанды дұрыс деп есептейтін адам пасық деп аталады. Ақиқатында намаз оқымау, себебінің қандай болғанына қарамастан өте үлкен күнә, Алланың әмірін аяқасты ету болып табылады. Ал егер мұсылман адам намаздың парыз екендігін мүлде мойындамаса, Алла Тағала сақтасын, ондай адамды ғұламалары бірауыздан кәпір деп есептейді. Оған дәлел – намаз орындамаушының ісінің ауыр екендігін, оның дүние мен ақыреттегі халін баяндайтын төмендегі аяттар. Алла Тағала былай дейді:

﴿مَا سَلَكَكُمْ فِي سَقَرَ* قَالُوا لَمْ نَكُ مِنَ الْمُصَلِّينَ﴾

«(Тозақтағылардан) Сендерге тозаққа кіргізген не нәрсе? – деп сұралғанда, олар: «Біз намаз оқушылардан болмадық», – деседі» (Муддәссір, 42, 43);

﴿فَوَيْلٌ لِّلْمُصَلِّينَ * الَّذِينَ هُمْ عَن صَلَاتِهِمْ سَاهُونَ﴾

«Сондай намаздарына немқұрайлы түрде қарайтындарға қандай өкініш!» (Мағұн, 4,5).

﴿فَخَلَفَ مِن بَعْدِهِمْ خَلْفٌ أَضَاعُوا الصَّلَاةَ وَاتَّبَعُوا الشَّهَوَاتِ فَسَوْفَ يَلْقَوْنَ غَيّاً﴾

«Олардан (пайғамбарлардан) кейін намазды жоғалтып, нәпсілеріне ерген ұрпақтар келді. Олар тозаққа лақтырылады» (Мариям, 59).

Алланың елшісі (с.а.с.) де өзінің хадистерінде намазды тәрк етудің ауыр күнә екендігін айтып, ескертіп өткен. Сондай хадистердің біразы төмендегідей.

عَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: »خَمْسُ صَلَوَاتٍ اِفْتَرَضَهُنَّ اللهُ تَعَالَى مَنْ أَحْسَنَ وُضُوءَهُنَّ وَصَلاَّهُنَّ لِوَقْتِهِنَّ وَأَتَمَّ رُكُوعَهُنَّ وَخُشُوعَهُنَّ كَانَ لَهُ عَلَى اللهِ عَهْدٌ أَنْ يَغْفِرَ لَهُ وَمَنْ لَمْ يَفْعَلْ فَلَيْسَ لَهُ عَلَى اللهِ عَهْدٌ: إِنْ شَاءَ غَفَرَ لَهُ وَإِنْ شَاءَ عَذَّبَهُ«. رَوَاهُ أَبُو دَاوُدَ.

Убада ибн ас-Самит (р.а.) былай дейді: «Мен Алланың елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: «Кімде-кім Алла Тағаланың парыз қылған бес намазын дәретін жақсы алып, өз уақытында оқып, рәкағаттары мен мойынсұнушылығын кәміл түрде орындаса, оны Алланың кешіруі бір уәделі міндет болады. Ал кім олай етпесе, ол үшін Аллада ешбір уәде-міндет жоқ, қаласа кешіреді, қаласа  азаптайды». Әбу Дәуіт риуаяты.

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» إِنَّ بَيْنَ الرَّجُلِ وَبَيْنَ الشِّرْكِ وَالْكُفْرِ تَرْكُ الصَّلاَةِ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Пенде мен серік қосудың арасында намазды тастау бар». Мүслім риуаят еткен.

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» العَهْدُ الَّذِي بَيْنَنَا وَبَيْنَهُمْ الصَّلاَةُ فَمَنْ تَرَكَهَا فَقَدْ كَفَرَ .«رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Бурәйдадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) иман келтірмегендер мен иман келтіргендердің арасындағы айырмашылықты былайша түсіндірген: «Біз бен олар арамызда намаз бар. Кім оны тастаса, дереу күпірлік келтірген болады». Термези риуаят еткен.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» لَا إيمَانَ لِمَنْ لَا أَمَانَةَ لَهُ وَلَا صَلَاةَ لِمَنْ لَا طَهُورَ لَهُ وَلَا دِينَ لِمَنْ لَا صَلَاةَ لَهُ، إنَّمَا مَوْضِعُ الصَّلَاةِ مِنْ الدِّينِ كَمَوْضِعِ الرَّأْسِ مِنْ الْجَسَدِ .«رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ.

Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай деген: «Аманатқа қиянат жасайтынның иманы жоқ, дәреті жоқтың намазы жоқ, намазы жоқтың діні жоқ. Намаздың діндегі орны бастың денедегі орнындай». Табарани риуаят еткен.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» مَنْ تَرَكَ الصَّلَاةَ فَإِنَّمَا وُتِرَ أَهْلَهُ وَمَالَهُ .«رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَالْبَيْهَقِيُّ.

Алланың елшісі (с.а.с.) басқа бір хадисінде намазды тастаудың қауіптілігін былайша баяндаған: «Намазды тәрк еткен малы мен жанын апатқа ұшыратқанмен тең». Табарани мен Бәйһақи риуаят еткен.

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا عَنْ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَّهُ ذَكَرَ الصَّلاَةَ يَوْمًا فَقَالَ:» مَنْ حَافَظَ عَلَيْهَا كَانَتْ لَهُ نُورًا وَبُرْهَانًا وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْهَا لَمْ يَكُنْ لَهُ بُرْهَانٌ وَلاَ نُورٌ وَلاَ نَجَاةٌ وَكَانَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَعَ قَارُونَ وَهَامَانَ وَفِرْعَوْنَ وَأُبَيِ بْنِ خَلَفٍ.« رَوَاهُ ابْنُ حِبَّان.

Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) бір күні намаз туралы мынадай хадис айтқан: «Кім оны (намазды) сақтаса ол оған нұр, айқын дәлел және Қиямет күні тозақтан құтылу болады. Ал кім оны сақтамаса, оған нұр да, құтылу да жоқ. Ол Қиямет күні Қарунмен, Перғауынмен, Һаманмен және Убәй ибн Халафтармен бірге болады». Ибн Хиббан риуаят еткен. Хадисте аты аталғандар адамзат тарихындағы ең үлкен кәпірлер.

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ شَقِيقٍ العُقَيْلِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: »كَانَ أَصْحَابُ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لاَ يَرَوْنَ شَيْئًا مِنَ الأَعْمَالِ تَرْكُهُ كُفْرٌ غَيْرَ الصَّلاَةِ .«رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Абдулла ибн Шақиқ әл-Уқайли былай дейді: «Алланың елшісінің (с.а.с.) сахабалары амалдардың арасындағы егер орындамаса нағыз күпірлік болып есептелетінін намаз деп білетін», – деген. Термези риуаят еткен.

Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Әлбетте, намазын жоғалтқан үшін Исламнан ешқандай да үлес жоқ», – деген. Ибн Хазм әл-Мәхәлли атты кітабында: «Серік қосудан кейін уақыты өткенше намазды тастаудан және мұсылманды нақақ өлтіруден асқан күнә жоқ», – деген. Имам әз-Зәһәби әл-Кәбәир атты еңбегінде: «Намазды уақытынан кешіктіруші үлкен күнәның иесі, ал оны мүлде тастап қою зина жасап, ұрлық қылғанмен тең. Барлық намаздарды тастау не уақытын өткізіп алу үлкен күнә. Сондай істі бірнеше мәрте жасаған адам қашан тәубе жасағанша үлкен күнә жасаушылардың қатарында болады. Ал намазды тастауды әдетке айналдырған ең сорлы қылмыскер, күнәһәрлардың қатарында», – деген.

Ақиқатында жүректегі иманның дәлелі парыз амалдарын орындау. Адам денесінің қозғалысы оның тірі екендігін білдіретіні секілді намаз оқу, ізгі іс қылу иманның бар екендігіне айғақ болады. Алла Тағалаға шынайы кейіпте мойынсұнып, дүниеден ақыретті артық қойып, соның қамын жеу һәм ондағы азаптан құтылу үшін әмір етілген парыздарды мүлтіксіз орындаумен иманның толықтығы айқындалмақ. Абай атамыз айтқандай: Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас, Екеуі тап бірдей боп орныға алмас. Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың Иманын түгел деуге аузым бармас! Абылай ханның ақылдасы, абыз ақыны Бұхар жырау исі мұсылман қазаққа Құдайдың қарғысына душар етер күнәдан аулақ болып, бес уақыт намазды қаза қалдырмауды былайша өсиет етіпті:

Бірінші тілек тілеңіз:

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз:

Әзәзіл, пасық, залымның

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз:

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз:

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз:

Бес уақытқы бес намаз

Біреуі қаза қалмасқа.

Жалпы біздің келтірілген деректеріміз намаз оқымаған адамның күнәсының ауыр дәрежесіне қатысты айтылған дәлелдер-пікірлердің бір парасы ғана. Алладан әрбір күнәлардан кешірім мен есендік, амандық тілейміз. 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

Пікірлер Кіру