ЗИНА ЖАЛАСЫН ЖАБУ

21 қараша 2023 3927 0
Оқу режимі

Сұрақ: Бір адамаға зина жасады деп жала жабудың үкімі қандай?


Жауап

Асыл дінімізде бір кісіге негізсіз жала жабуға тыйым салынған. Әсіресе, зина жасады деп бейкүнә, мүмін әйелдерге жала жабу үлкен күнәлардың қатарына жатады. Егер бір әйелді не ерді зинада айыптаушы адам төрт куәгер келтіре алмаса, ол дереу жала жабушы болып есептеледі де, оған жон арқасына жаланың жазасы – сексен дүре соғылады. Содан кейін ондай адамның куәлігі қабыл алынбайды. Алла Тағала былай дейді:

﴿وَاَلَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ ثُمَّ لَمْ يَأْتُوا بِأَرْبَعَةِ شُهَدَاءَ فَاجْلِدُوهُمْ ثَمَانِينَ جَلْدَةً وَلَا تَقْبَلُوا لَهُمْ شَهَادَةً أَبَدًا وَأُولَئِكَ هُمْ الْفَاسِقُونَ*  إلَّا الَّذِينَ تَابُوا مِنْ بَعْدِ ذَلِكَ وَأَصْلَحُوا فَإِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾

«Абыройлы әйелдерге жала жауып, сосын төрт куәгер келтіре алмағандарға сексен дүре соғыңдар. Содан кейін олардың куәліктерін ешқашан да қабыл алмаңдар. Олар нағыз пасықтар. Алайда одан кейін тәубе жасап, түзелгендердің жөні басқа. Расында Алла өте кешірімді һәм өте рахымды» (Нұр, 4,5).

Шариғат бойынша біреуді бір қателікте не қылмыста айыптау үшін алдымен оған айғақтар, куәгерлер келтіру қажет. Мұның өзін адамдардың арасында тыныштықтың, әділ үкімнің сақталуы үшін, жала жабу үрдісінің жайылып кетпесі үшін жасалынған шара деп ұғу керек. Әйтпесе, ақиқат пен жалғандықты айыру қиынға соғады. Мүмін, мұсылман әйелдерге зинақорлыққа барды деп нақақтан айып тағып, жала жабу күнәнің ең үлкендерінің бірі. Өйткені мұндай жаланың ол әйелге, жанұясына, қоршаған ортаға тигізетін зардабы орасан зор. Жаратқан Ие ондай жала жапқыштарға дүниеде де, ақыретте де қарғыс айтып, рахымынан шығарады. Ал ақыретте оларды өте ауыр азап күтіп тұр. Қиямет күні оларға өздерінің дене мүшелері қарсы куәлік береді.

﴿إنَّ الَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ الْغَافِلَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ لُعِنُوا فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ  *يَوْمَ تَشْهَدُ عَلَيْهِمْ أَلْسِنَتُهُمْ وَأَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُمْ بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ*  يَوْمَئِذٍ يُوَفِّيهِمْ اللَّهُ دِينَهُمْ الْحَقَّ وَيَعْلَمُونَ أَنَّ اللَّهَ هُوَ الْحَقُّ الْمُبِينُ﴾

«Шындығында абыройлы, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабатындар дүниеде де, ақыретте де қарғысқа ұшырайды әрі оларға зор азап бар. Сол күні (Қиямет күні) олардың істегендері туралы оларға қарсы тілдері, қолдары, аяқтары куәлік береді. Сол күні Алла оларға хақ діндері бойынша толық есептерін береді де, олар Алланың Өзінің анық Хақ екендігін білтін болады» (Нұр, 23-25).

Расында да бейкүнә да пәк мүмін әйелдерге, сондай-ақ мүмін ерлерге жала жабушы өзіне қандай үлкен күнәні жүктеп алғанын сезбейді. Сондықтан да тілге абай болған жөн.

﴿وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَاناً وَإِثْماً مُّبِيناً﴾

«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге олар істемеген нәрседе жәбір көрсететіндер өздеріне жала мен анық күнәнің салмағын артып алады» (Ахзаб, 58).

Алланың елшісі (с.а.с.) хадистерінде зинақорлықта айыптап жала жабудың өте ауыр күнә екендігін, ондай адамның егер тәубе жасамаса, тозаққа тасталатындығын айтып ескерткен. Төмендегі мәшһүр хадисте айтылғандай жала жабу иесін тозақ душар етіп, күйзелтетін жеті күнәнің қатарына жатады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »اِجْتَنِبُوا السَّبْعَ المُوبِقَاتِ، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ، وَمَا هُنَّ؟ قَالَ: الشِّرْكُ بِاللهِ وَالسِّحْرُ وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللهُ إِلَّا بِالحَقِّ وَأَكْلُ الرِّبَا وَأَكْلُ مَالِ اليَتِيمِ وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ وَقَذْفُ المُحْصَنَاتِ المُؤْمِنَاتِ الغَافِلَاتِ«.

Сахих кітаптарындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда: «Олар не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабу», – деген. Бұхари, Мүслім риуаят еткен. «Тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» дейді халық нақылы. Пенде баласы бір ауыз жақсы сөзімен жәннатқа лайықты болуы да, бір ауыз жаман сөзімен тозаққа кетуі де мүмкін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге осы жайтты қатты ескертеді.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مَا يَتَبَيَّنُ مَا فِيهَا، يَهْوِي بِهَا فِي النَّارِ أَبْعَدَ مَا بَيْنَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Расында пенде аңдамай бір сөз сөйлеп, сол (сөзі) арқылы аумағы шығыс пен батыстың арасынан да алыс тозақ отына құлап түседі». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Діндес бауырын не апа-қарындасын пасықтықта, күпірлікте айыптауға болмайды. Егер сипаттағандай болып шықпаса, айтқан сөзі өзіне қайтып, Алла Тағала сол пенденің өзіне сипат беруі мүмкін.

عَنْ أَبِي ذَرِّ الْغِفَارِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لا يَرْمِي رَجُلٌ رَجُلاً بِالْفِسْقِ وَلا يَرْمِيهِ بِالْكُفْرِ إِِلَّا ارْتَدَّتْ عَلَيْهِ إِنْ لَمْ يَكُنْ صَاحِبُهُ كَذَلِكَ». رَوَاهُ أَحْمَدُ وَالبُخَارِيُّ.

Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Бір адам екінші бір адамды пасықтықта, күпірлікте айыптамасын! Егер жолдасы олай болмай шықса, айтқан сөзі өзіне қайтады». Ахмет, Бұхари риуаят еткен.

Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы, иман келтіргендерің анасы Айшаға (р.а.) да жала жапқандар болған. Қазірде де ондайлар бар. Кезінде Алла Тағалаға, Пайғамбарға (с.а.с.), оның ардақты жанұясына, әулетіне тіл тигізіп, жала жауып, дінді өтірікке шығарып, қазірде түк білмегендей тақуасынып жүргендер де жоқ емес. Ислам дінінде жария түрде таңылған жала, айып, жария түрде теріске шығарылуы да тиіс. Шынайы тәубе жасап, дінге қайтпайынша, ондай адамның амалының бәрі бекер болып есептеледі.

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ كَانَ لِأَخِيهِ عِنْدَهُ مَظْلَمَةٌ مِنْ مَالٍ، وَعِرْضٍ فَلْيَتَحَلَّلْهُ الْيَوْمَ قَبْلَ  أَلَا يَكُونَ دِينَارٌ وَلَا دِرْهَمٌ إِلَّا الْحَسَنَاتِ وَالسَّيِّئَاتِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُ.

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Кімнің (діндес) бауырының малына, арына жасаған қандай да бір қиянаты болса, оны динар да, дирхем де болмайтын (яғни, ешқандай саудаласу болмайтын), тек қана жақсылықтар мен жамандықтар ғана болатын күннен (яғни, Қиямет күнінен) бұрын адалдап алсын (яғни, татулассын)». Бұхари мен Термези риуаят еткен.

Пайғамбардың (с.а.с.) жанұясына, әулетіне тіл тигізіп, жала жабу Пайғамбардың (с.а.с.) өзін жәбірлегенмен тең. Ал Пайғамбарды (с.а.с.) жәбірлеген пендеге Алла Тағала екі дүниеде де лағынет айтып, тозақ отына салады. Алла Тағала былай дейді:

﴿إِنَّ الَّذِينَ يُؤْذُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ لَعَنَهُمُ اللَّهُ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَأَعَدَّ لَهُمْ عَذَاباً مُّهِيناً ﴾

«Ақиқатында, Аллаға және Оның елшісіне жәбір көрсеткендерге Алла дүниеде де, ақыретте де лағынет айтады һәм оларға күйзелтуші азап дайындап қояды» (Ахзаб, 57).

Алла Тағала мұсылманға жәбір көрсетуден сақтасын!  

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

Пікірлер Кіру