ҚАУЕСЕТ ТАРАТУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

07 қараша 2023 2909 0
Оқу режимі

Сұрақ: Адамдар арасында қауесет таратудың дініміздегі үкімі қандай?


Жауап

Қауесет – халық арасында дәйексіз ақпаратты, негізсіз ойларды, анық-қанығына жетпеген хабарларды қоғам арасында тарату. Шариғатымызда қауесет таратуға тыйым салынады. Өйткені қауесет тарату адамдар арасында түсінбеушілікке, қоғамда тұрақсыздық пен алауыздық туғызып, бүлікке алып барады.

Алла Тағала Құранда:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр іс»[1], – десе, келесі аятта:

وَإِذَا جَاءَهُمْ أَمْرٌ مِنَ الأمْنِ أَوِ الْخَوْفِ أَذَاعُوا بِهِ وَلَوْ رَدُّوهُ إِلَى الرَّسُولِ وَإِلَى أُولِي الأمْرِ مِنْهُمْ لَعَلِمَهُ الَّذِينَ يَسْتَنْبِطُونَهُ مِنْهُمْ وَلَوْلا فَضْلُ اللَّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ لاتَّبَعْتُمُ الشَّيْطَانَ إِلا قَلِيلا

«Оларға ел қауіпсіздігіне қатысты яки үрейлі хабар жетсе, оның анық-қанығына жетпестен (елді дүрліктіріп, шырқын бұзу пиғылымен) жарияға жайып салады. Егер олар оны алдымен Алла Елшісіне немесе араларындағы билік тізгінін ұстаған басшыларға мәлімдесе, солардың арасындағы істің мән-жайын зерделеп, пайымдай алатындар хабардың нені меңзейтінін бірден аңғарар еді. Егер Аланың сендерге шексіз шарапаты мен мейірімі болмағанда, басым көпшілігің шайтанға еріп кетер едіңдер»[2] – деп айтылған.

Сонымен қатар тағы бір аятта:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنْ جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَنْ تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап, біліп алыңдар. Әйтпесе, білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүресіңдер»[3] – делінген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатысты былай деген: كَفَى بِالْمَرْءِ إِثْمًا أَنْ يُحَدِّثَ بِكُلِّ مَا سَمِعَ

«Әрбір естігенін айту кісіге күнә ретінде жеткілікті»[4].

Имам ән-Нәуауи (Алла оны рақымына алсын): «Кісі шындық пен жалғанды естиді. Егер анығын білмей тұрып, естігенінің барлығын айта берсе, ол өтірік айтқан болады. Оны әдейі айтпағанымен өзін ақтай алмайды»[5], – деген.

Қауесет тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға залалын тигізеді. Сондықтан қауесет тарату – күнә.     

Үкім:

1. Қауесет тарату – күнә.

2. Кез келген хабарды анық-қанығына жетпей тұрып таратуға тыйым салынады.    

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

 

[1] «Бақара» сүресі, 191-аят.

[2] «Ниса» сүресі, 83-аят.

[3] «Хұжұрат» сүресі, 6-аят.

[4] Сүнән Әбу Дәуід, №4992.

[5] Әл-Минһаж шарх сахих Мүслим, 1/75. 

Пікірлер Кіру