Саудада сататын тауарға қанша пайыз қосуға болады?

31 мамыр 2023 3957 0
Оқу режимі

Саудада сататын заттың үстіне қаншалықты қосса болады?


Жауап

Жалпы алғанда, бұл сатушының өз еркіндегі мәселе. Тауардың құны мен шығының есептеп, өзі жөн көрген бағаға сата алады. Тек қана алдамаса болғаны. Егер алдайтын болса, онда сатып алған кісі шеккен зияның жоюды талап ете алады[1].

Мысалы, сатушы мың теңгеге түскен тауарды бес мыңға сатып, оны қандай бағаға сатып алғандығын немесе оның нарықтағы құнын сатып алушыға баяндамай, өзі бекіткен бағасына сатып жіберсе, тауардың бағасы өз негізгі құнынан бірнеше есе артық болғанына қарамастан – бұл сауда дұрыс болады. Сатып алушы оның нарықтағы негізгі бағасын кейіннен біліп жатса да, сауданы бұза алмайды.

Тура солай, сатушы сатқан затының нарықтағы бағасын атаса немесе сол затты өзі қаншаға сатып алғанын, үстіне қосқан үлесін көрсетсе, сонымен қатар берген мәліметі шынайы болса – онда бұл сауда да дұрыс саналып, сатып алушы келісімшарт жасағаннан кейін бұл сауданы бұза алмайды[2].

Ал, сатушы тауардың нарықтағы бағасын жалған айтып, сөйтіп заттың бағасы нарықтағы бағаға мүлдем сәйкес келмесе немесе өзі сатып алған бағасын айтып, үстіне қосқанын білдіріп, бұл сөзі жалған болып шықса – онда сатып алушының сауданы бұзуға хақысы пайда болады[3].

Бұл мәселенің үкімі мына хадистен туындайды:

لا تلقوا الجلب فمن تلقاه فاشترى منه فإذا أتى سيده السوق فهو بالخيار    

Сырттан (тауармен) келетін керуенді алдын ала қарсы алып, заттарын сатып алмандар (тұрғылықты халыққа қымбатқа сату үшін). Кімде-кім одан бір зат сатып алып, заттың (бұрынғы) иесі, сол заттың нарықта сатылып жатқанын байқаса, жасаған саудасын бұза алады (ақшаны қайтарып, затты кері алуына рұқсат)[4].   

Ескерту: Нарықтағы баға қате айтылған мәселеде келісімшартты бұзу үшін, берілген баға нарықтағы бағадан өте төмен болып, үлкен айырмашылық байқалуы керек. Ал сәл ғана өзгеше болса, жасалған сауда бұзылмайды [5].

Тағы да айта кететін мәселе, қоғам мұқтаж болған заттарды саудаға шығармай әдейі сақтап, ал бағасы көтерілгеннен кейін сатуға ұсыну да – мәкруһ амал. Осыған орай, мемлекеттің тиісті құзырлы мекемелері де халыққа ауыртпашылық тигізетін тауардың бағаларына шектеу қоя алады.[6] Себебі, дініміз қоғамға тиетін пайданы жеке бас пайдасынан жоғары санайды.

Қорытынды: Сатушы сатып алушыны алдамаған жағдайда тауарды өзі қалаған бағаға сата алады. Халыққа қажетті заттартға монополия жасауды дініміз құптамайтының да ұмытпауы қажет. Ал сатушы алдаған жағдайда сатып алушы оны жауапкершілікке тарта алады. Дұрысы бір Аллаға аян!

Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
пәтуаға жауапты маман

 

 


[1] Мухаммад Таки Усмани «Фиқһул-буюғ» 895 бет
[2] Мухаммад Таки Усмани «Фиқһул-буюғ» 896 бет
[3] Мухаммад Таки Усмани «Фиқһул-буюғ» 897 бет
[4] Муслим, 3898 хадис
[5] Ибн Абидин «Раддул-Мухтар» 136-137 беттер
[6] Али Әл-Қари «Фатху бабил-Ғиная» 3 том, 28 бет

Автор: Aray Zailasheva

Пікірлер Кіру