Дипломды сатып алуға бола ма?

16 тамыз 2021 8262 0
Оқу режимі

Әссәләмуағалейкум! Мен 2-курстың аяғында оқудан шығып кеткен болатынмын. Барлығына кінәлі өзім. Оқуды қайта жалғастыру үшін 3 жыл оқу керек. Ал, биыл диплом алатын жылым еді. Мен оқымаған жылдарымның ақшасын төлеп, дипломды сатып алсам бола ма? Қайта оқығым келмейді. Не істеуге болады? Мейрамғали


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Дипломды сатып алу – өтірік айту және жалған куәлік бергенмен бірдей. Ал, бұл – үлкен күнә. Құран Кәрімде: «...Сондай-ақ, өтірік сөздерден сақтаныңдар[1]», – деп әмір етілген.

Әбу Бәкір (р.а.) өзі куә болған бір оқиғаны былайша суреттейді: «Сендерге ең үлкен күнәларды айтайын ба?» – деп пайғамбар (с.ғ.с.) үш рет сұрады. Біз: «Иә, Алла елшісі!», – дедік. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға серік қосу және ата-ананы ренжіту», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) сүйеніп отырған еді, ол бойын тіктеп: «Өтірік сөз, жалған куәлік», – деп қайта-қайта айта берді. Біз: «Енді тоқтаса болар еді», – деп ойладық[2]».

Қорыта айтқанда, дипломды сатып алу, сол арқылы жұмысқа тұру – күнә. Осылайша табыс табу – шариғатта тыйым салынады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім алдаса (алаяқтық етсе), бізден емес[3]», – деген.

Дипломды білім алу арқылы иелену қажет. Бұл құжат ертең сол мамандық иесі және оның асырап отырған бала-шағасының несібесі адал болуына себепші.

Руслан Камбаров


[1] Хаж сүресі, 30-аят
[2] Бұхари, Муслим
[3] Муслим

 

Пікірлер Кіру